Ләңгі теуіп, асық атты

0 336

Өткен сенбі күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің спорт залында асқан шеберлік пен ептілікті қажет ететін ұлттық ойындардың бірі – ләңгі тебуді жаңғырту мақсатында журналистер мен студенттер командалары арасында жарыс өтті. «Ләңгі тебу де бір өнер» атты тұңғыш спартакиаданы оқу орны басшылығы мен Бас редакторлар клубы ұйымдастырды, Baq.kz ақпараттық порталы мен «Халық сөзі» газеті ақпараттық қолдау көрсетті.

Ойынға он команда, атап айтқанда, «Халық сөзі», «Астана ақшамы» газет­тері, «Қазақ радиосы», «КТК» және «Же­тінші арна» телеарнасы тілшілері мен «Baq.kz» ақпараттық порталынан жеке командалар, «Қазақпарат», «Алаш айнасы» газеті, «Еуразия» телеарнасы тілшілерінен құралған «Журналистер» құрама командасы және алаң иесі – университет студенттерінен жасақталған екі студенттер команда мен «ҚазАТУ оқы­тушылары» командасы қатысты.

Республикалық дәрежеде алғаш рет ұйымдастырылған шарада ойынның шарт-талаптарын университет ұстаздары іздене жүріп, өздері жасапты. Ләңгі тебу елдің әр аймағында әр алуан. Солардан іріктеп, ортақ ережеге лайықтап шыққан, іріктелген ойын түрлері мынадай: «аяқ ұшы», «қосаяқ», «қайыру», «шанжыр», «теуіп беру», «аяқтың ішімен және сыртымен бірдей тебу» және «ұпай жинау».

Ұлттық ойындарды заманға сай насихаттай отырып, онымен ауыл не қала балаларының ғана емес, ересектердің де белсенді айналысуы үшін мұндай шараның өтуіне мұрындық болған университет басшылығына жұрт разылығын білдірді. Ал, ойын барысында кейбіреулер ләңгіні шыр көбелек айналдыра теуіп, көпшілікті тәнті етсе, енді біреулер керісінше, бар­мақтың басындай ғана қорғасынға бекі­тілген алақандай жүнді тебем деп, омақаса құлап жатты. Бұл ләңгі ойынының ептілік пен әбжіл әрекетті және ширақ қимылды қажет ететіндігін көрсетсе керек.

«Дала, қала деп бөліп-жармай, аулада да, тіпті, таңнан қара кешке дейін ком­пьютер алдында отырып жұмыс істейтін кісілер үшін бөлме дәлізінде-ақ бой сергітудің тамаша тәсілі екен» десті ләңгіні алғаш тепкендер. Ал базбіреулер балалық шағына саяхаттап мәз. Қалай дегенмен де, спартакиадаға қатысушылардың көпшілігінің ойыны олқы түсіп жатқаны жасырын емес. Алайда, оған қынжылып, көңілі түсіп жатқан ешкім жоқ.

«Ұмыт қала бастаған ойынды бүгінгі қоғамға қайта сіңіріп, кеңінен насихаттауда БАҚ өкілдерінің қосар үлесі ұшан-теңіз. Сондықтан, жүлде журналистерде десек те, үздік ойыншыны атамасақ, ұлттық өнерге қиянат болар» деді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев. Оқу орны басшысы спартакиада кубогын өз өнерлерімен көпшіліктің қанын қыздырып, делебесін қоздырған ҚазАТУ-дың жеңімпаз командасына табыстады. Қалған командалар көрсеткен өнерлеріне қарай орындармен, түрлі атаулы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетерлігі, сайыс соңында университет студенттері асық атудың бірқатар амал-тәсілдерін көпшілік назарына ұсынды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − five =