Ләйла ОМАРОВА, ҚР Тұңғыш Президенті музейінің бас ғылыми қызметкері: ЕЛ ТАРИХЫ АЙТУЛЫ ТҰЛҒА АРҚЫЛЫ ТАНЫЛАДЫ

0 173

– Ләйла Әріпқызы, ҚР Тұңғыш Пре­зиденті музейінің тарихына қысқаша тоқтала кетесіз бе?
– Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президентінің Музейі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2004 жылғы 28 тамыз­да құрылған болатын. Алғашқы ке­лу­шілерін 2005 жылдан бастап қа­былдады.

– Алғашқы келушілер кімдер еді?
– 2005 жылдың наурыз айында мек­теп оқушыларын қабылдай бас­тадық. Олар арнайы жасалған кес­те бойынша, кезекпен топ-топ бо­лып келіп жүрді. Ал, сол жылдың 7 шіл­­десінде жалпы Қазақстан қауы­­мына, келушілерге, ақпарат өкіл­­деріне есігіміз айқара ашылды.

– Демек, қазір сегіз жылдың кө­лемі болыпты. Бұл уақыт аралы­ғында мекемелеріңіздің қызмет аясы кеңейе түскен болар?
– Әрине, музей ұжымы үздіксіз ғы­­лыми ізденісте келеді. Мұнда тың­ деректер мен ақпараттық, экс­­­­по­нат­­тық толықтырулар жүргі­зіліп отырады. Музей ашылған ал­­ғаш­­қы күннен бастап Тәуелсіз Қазақстанның табыстарын Елбасы Н.Назарбаевтың қоғамдық, мем­ле­кет­тік қызметі арқылы са­бақ­тас­тыра көрсету, зерделеу біз­­дің негізгі мақсатымыз болды.­ Бү­гін­­гі уақыт тұрғысынан қарасақ, еліміздің осы жылдар ішіндегі қол жеткізген жетістіктері Музей­де­ науқаншылдықпен емес, жос­пар­­лы, үздіксіз, жүйелі түрде ұй­ым­­дастырылып келді. Бұл үрдіс әрі­ қарай да жалғаса береді.

Музейдің бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс атқаратын құ­ры­­лым­дық бөлімшелері: Музей құнды­­лықтарын есепке алу және сақ­­тау, Ғылыми-зерттеу, Музей педагоги­касы, Экспозицияларды және эк­с­кур­­сия­лық қызмет көрсетуді ұйым­дастыру, Ақпараттық орта­лық­­­тарының қызметтері күн сайын өсіп келе жатқан көпшіліктің рухани талабын қанағаттандыруға, тәуелсіз Қазақстанның болашағына лайық жастарды тәрбиелеу сынды ортақ міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.

Музей қорында сақталған құрамы алуан түрлі коллекциялар, Мемлекет басшысының жеке мұрағатының қорында сақталған тарихи құнды деректер мен құжаттар, Мемлекет басшысы жеке кітапханасының қорындағы мазмұнды кітаптар зерттеу, ағартушылық міндеттерді жүзеге асыруда негіз болып табылады. Музей қорында бірегей экспонаттардың 122 мыңнан астам  бірлігі жинақталған.

Тәуелсіз Қазақстанның қалып­та­суы мен дамуының тарихы, Тұңғыш Президент Н.Назар­баевтың өмі­рі мен қыз­меті туралы музей қорын­дағы маңызды құжаттар, экспонаттар 15 тақырыптық экспозицияларда көрініс тапқан.

Музейде бүгінгі уақытта «Тұң­ғыш Президент және тәуелсіз Қа­зақ­станның одан әрі дамуы» ғылыми бағдарламасының аясында бес ғылыми жоба бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Республика аймақтарының тарихы, мәдениеті, облыстардың егемендік тұсындағы табыстарымен көпшілікті таныстыру мақсатында «Алға ұмтылған Қазақстан» айма­қаралық көрме жобасы бойынша көрмелер ұйымдастыру дәстүрге ай­нал­ды. Бұл жоба аясында еліміз­дің барлық өңірлерінен, облыстық, аудандық, қалалық музейлер қо­рын­­­да сақталған халқымыздың бай­ қазынасы елорда халқы мен қонақ­тарының назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Мәдениет арқылы үнқатысу», «Үкілі үміт» атты және тағы да басқа халықаралық көрме жобалары арқылы экспозициялық-көрмелік жұмыстар табысты жүзеге асырылуда.

Музейдің білім беру бағдар­ла­маларының аясында «Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Прези­денті­нің егемен Қазақстанның қалыптасуындағы рөлі», «Қазақ­станның тарихы мен мәдениеті», «Бала және мәдениет», «Астанатану» жобалары бойынша өткізілген дәрістер, ашық сабақтар, кездесулер сынды игілікті шаралар ел тарихын зерделеуге талпынған көпшіліктің талғам үдесінен шыға білді.

Ғылыми-зерттеу және музейтану­шылық жұмыстар барысында «Пре­зи­дент және Тәуелсіздік», «Елбасы және Мәдениет», «Қазақ­стан және мұсылман әле­мі елдері», «Қазақстан Респуб­ли­­касы Тұңғыш Президенті Н.На­­зар­­­баевтың халықаралық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудегі рөлі» жинақтары, «Президент және Тәуелсіздік» атты кітапхана қорының библиографиялық көрсет­кіші, «Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президенті Музейінің кол­­лек­­­циясынан» ғылыми-қор жи­нақ­­­­­тары дайындалды.

2009 жылы өткізілген «Қазіргі заманғы музей: Ғылым. Дәстүрлер. Инно­­вациялар» атты, 2012 жылы өт­­кізіл­­ген «Тәуелсіздік жолы: тари­­­хы, бүгінгі шындығы және келешегі» атты халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конференциялар­ды шоқтығы биік шаралардың қатары­на қосуға болады.
Осындай іргелі істермен, игілікті та­­быс­­тар­мен Музей жұмысы үздік­сіз­ алға жылжып келеді.

– Мемлекет басшысы болу миллион­­дар мен миллиардтардан біреу­ге ғана қонатын бақ. Енде­ше,­ ондай тұлғаға қатысты кез кел­ген экспонаттың қызықты бол­ма­уы мүмкін емес. Осы орайда, сіздер музей экспонаттарын қалай жинастырасыздар?
– Баршаға мәлім, Президенттің қызметі өте маңызды. Әрдайым ресми сапарлармен шет елдерге шығып тұрады. Жоғары деңгейдегі кездесулерде, қабылдауларда болады. Қазақстанға, Астанаға ресми сапармен мәртебелі қонақтар да келіп жатады. Олар да жоғары дәрежелі ресми қабылдауларда болады. Міне, осындай түрлі кездесулер кезінде Қазақстан лидеріне шет мемлекеттердің басшыларынан сыйлықтар тапсырылып отырады. Ал, одан бөлек, Қазақстан азамат­тарынан, студенттерден, ең­­бек­ші­лер­ден, жастардан, мекемелерден де Елбасына түрлі шаралар кезінде сыйлықтар тарту етіледі. Сол тарту етілген сыйлықтар мекемемізге жетекшілік етуші, музей қорының негізгі жасақтаушысы болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі арқылы біздің музейіміздің қорына қабыл­да­нады.

Одан бөлек, әрине, музей қызмет­кер­лері ғылыми зерттеу, іздестіру, жинақтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, ғылыми іссапарларға шығып тұрады. Елбасының өмірі мен қызметіне қатысты жерлерге, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев оқыған Украи­на­ның Днепродзержинск қала­сына, қызмет атқарған Темір­­­тау, Қара­­ған­ды, Алматы қалаларына, Ел­ба­сы­ның кіші отаны – туған жері Қаскелең, Үшқоңыр өңіріне қыз­мет­тік іссапарлар жасап тұра­мыз. Таяуда ғана музейдің ғы­лы­ми қызметкерлері Алматы­ қала­сындағы мұрағаттарға ғылы­ми із­­де­ніспен барып қайтты. Кино­фото­құжат­тар мен дыбыс жазба­лар мұрағатында, ҚР Орталық мем­­лекет­тік мұрағатында, ҚР Ұлттық кітап­ханасында жаңа деректер жи­нақ­тау жұмыстары жүргізілді. Нәтиже­сінде, біздің музейіміздің қоры жаңа, тың деректермен, ақпа­рат­тармен толықтырылды.

– Мысалы…
– Мысалы, 1963 жылы 14-19 маусым аралығында ғарышкер Валерий Быковский ғарышқа өзімен бірге комсомолдың он төсбелгісін алып ұшқан екен. Ол елге оралғаннан кейін ғарышқа барып келген сол он комсомол төсбелгісін БЛКЖО-ның шешімімен, Кеңестер Одағы бойынша 10 адамға – үздік өндіріс озат­тары, жас патриоттарға табыс етеді. Сол он адамның құрамында Нұрсұлтан Әбішұлы ғарышкер Валерий Быковскийдің қолынан ғарышта болған комсомолдың төс­белгі­сін алған.

– Сонда 300 миллионға жуық халқы бар бүкіл Кеңес одағын-дағы аты озған он адамның ішінде жиырма үш жастағы Нұрсұлтан Назарбаев та болған ба?  
– Иә. Бұл оқиға 1964 жылғы «Комсомольская правда» газетінің қаң­тар айындағы нөмірінде жария­ла­нып, суреті бейнеленген екен. Міне, сол газетті тауып келдік. Со­ны­­мен қатар, 1967 жылы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың белсенді комсомол мүшесі ретінде Мәскеу қаласында «БЛКЖО құрмет белгісімен» мара­пат­талу сәті бейнеленген фотосурет пен мақаланы да ҚР Ұлттық кі­тап­хана­сының мұрағатынан тап­тық. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның «Жас натуралистер» ода­ғы­на мүше болып, он алты жасында ең алғашқы медалін алғаны туралы тың деректер табылды.

– «Жас натуралистер» қандай ұйым болған?
– Ол – Шамалғандағы Дмитрий Фурманов атындағы мектеп жанынан ұйымдастырылған ұйым. 1956 жылы бала Нұрсұлтанның он алты жасында  өсірген өнімдері осы ұйым атынан Мәскеу қаласындағы ауыр шаруашылық көрмесіне жіберіледі де, соңынан ол өнімдер жүлделі орындарға ие болып, жеті адам медальмен марапатталады. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жеті адаммен бірге Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесі медаліне ие болады.
Міне, осылай біздің ұжым әр­да­йым алға ілгерілеп, Елбасына­ қатыс­ты құнды деректер мен мұраларды жинақтап отырамыз. Музей қоры осылай толығып келеді.

– Президенттің ата-бабалары­на қатысты экспонаттарды жи­нақ­тау оңайға соқпаған болар?
– Әрине, Президенттің ата-баба­ла­рына қатысты экспонаттарды жи­нақтау барысында ол кісінің туыстары, ауылдастары, ағайындары қол ұшын созды. Мәселен, 2005 жылы музейіміз ашылып жатқан кезде Шапырашты Бөлек батырдың дулығасын ұрпақтары табыс еткен болатын.

– Сонда осы уақытқа дейін қайда сақталып келген?
– Осы кезге дейін дулыға ба­тыр­­дың тікелей ұрпақтарының бі­рі – «Еңбекші қазақ» ауда­ны­ның тұрғыны Сақып Жылқы­бай­­қызының қолында сақталып кел­­ген. Осы секілді, Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының атасы Назарбайдың би болып сайлануы және 1911 жы­­лы қайтыс болғаны туралы­ де­­рек­терді ҚР Орталық мемлекет­тік мұрағатының қорынан 2011 жылы ғылыми іссапар барысында іздестіріп, тауып алдық. Бір ға­сыр­дан бері сақталып келе жатқан сол құжат сарғайып, көнерген күйі, құнды жәдігер болып бізге жет­кен екен. Құжаттың көшірмесі қа­зір Мемлекет басшысының жеке мұрағатында сақтаулы және «Атамекен» экспозициялық залына ұсынылған.

– Музейге көбінесе кімдер келеді?
– Әрине, Тәуелсіздігімізді тұғыр­лы еткен тарихи тұлғаның өмірі бүгінгі таңда көпшіліктің ынтасын аударып, қызығушылығын туғызуда. Себебі «Ел тағдыры – ер тағдыры» деп халық айтқандай, тәуелсіз Қазақ­станды Елбасы тағдырынан бөліп қарау мүмкін емес. Бұл екі ұғым – бір-бірімен сабақтаса тарихқа енген егіз ұғым. Сондықтан, біздің музейге жергілікті азаматтарымыздың да, шетелдік қонақтардың да қызығу­шылығы басым. Қаламызға келген қонақтар, студенттер мен мек­теп оқушылары, қарапайым жұмыс­шылар да келіп жатады.

– Ал, келуші қонақтарға көрсе­ті­летін қызмет ақылы ма?
– Музей келуші қонақтарға те­гін қызмет етеді. Яғни, кез кел­ген күні келіп, музейді аралап, Пре­зи­дентіміздің өміріне қатыс­ты мағлұматтармен танысамын деу­шілер­ге есік ашық. Қазақстан Респу­б­ли­касы Тұңғыш Президенті Музейінің қызметкерлері келуші­лер­ге қазақ, орыс және ағылшын тілін­де таныстыру жұмысын сауат­ты, тартымды етіп жүргізуге, ке­лу­шілерге қуана қызмет етуге әрқа­шан дайын.

– 1  желтоқсан  –  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні болып бекітілгенін білесіз. Жұмыстарыңыз қарбаласа түс­кен­ шығар?
– Иә, осы мереке қарсаңында түрлі шаралар қолға алынып, біздің музейге бас сұғушылар да көбейіп отыр. Мысалы, бүгінгі күннің өзінде келушілердің саны мыңнан асып кетті. Оның ішінде «Жас Отан» жастар қанатының 2 съезіне қатысушылар бар, қаламыздағы мекемелер, оқу орындарының да атаулы күн қарсаңында Музейге деген сұранысы артып отыр.

– Әңгіме басында, ең алдымен музейге мектеп оқушылары кел­генін айттыңыз. Жалпы, жастар­ды осы музейдегі қандай экспо­нат­тар көбірек қызықтырады?
–  Әрине, мектеп оқушыларын Елбасының мектеп қабырғасында өткен өміріне қатысты экспонаттар көбірек қызықтырады. Мы­са­лы, Нұрсұлтан Әбішұлының үл­­герім табельдерін, оқушы ке­зін­­­дегі фотосуреттерін қызыға қа­райды. Мектепте бокс, күрес сек­циясына қатысып, өнермен де айналыс­қаны туралы мағлұматтар қаралады. Ол кісінің ата-анасы тұтынған заттар да назардан тыс қалмайды. Елбасына шет елдерден табыс етілген Мемлекеттік наградалар орналасқан «Күміс зал», ҚР Президентінің қару-жарақтар коллекциясы, Елбасы Ақмола қаласын – елорда деп жариялаған ең әдемі Күмбезді залды, ҚР Президентіне тарту етілген сыйлықтар фойесінде орналасқан экспонаттарды балалар қызыға тамашалайды. Біздің де мақсатымыз – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейін алдағы уақытта балалар да, барша қауым да қызыға қарайтын, құныға танысатын еліміздің іргелі мәдениет орнына айналдыру. Осы міндетті алға қойып, халық игілігіне қызмет етудегі жұмысымызды жалғастыра береміз.

Әңгімелескен: Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 5 =