«LA SCALA», «SAN CARLO» һәм «АСТАНА ОПЕРА»

0 122

балет

«Астана Опера» театрының сахнасында италиялық «La Scala» театрының ұжымы тұңғыш рет өнер көрсетуде. Елорда жұртшылығы аты аңызға айналған театрдың «Дон Кихот» балетін ертеңге дейін тамашалай алады. Ондағы испан халқының нақышымен әзірлеген декорациялар мен костюмдер күні кеше Италия көрерменін шаттыққа бөлесе, енді оларға қазақстандықтар тамсануда.

  

Бишілер Италияда білім алады

«Дон Кихот» балеттік спек­таклі­нің тарихы он сегізінші ғасырдың екінші жартысынан бас­талады. Рудольф Нуриевтің хорео­графиясындағы ласкалалық белгілі репертуардың 1980 жылғы қойылымы ұлы классикалық балеттер пантеонында өзінің лайықты орнын иеленген еді. «La Scala» театрының гастрольдік сапарына орай өткен баспасөз мәслихатында балетке миландық театрдың шы­ғар­­машылық ұжымынан жүзден аса әртіс қатысқаны айтылды.

Аталған қойылым қос театр арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Екі жылдан астам уақыт бұрын бастау алған әріптестік қарым-қатынас алғашқы нәтижесін бере бастады, биылғы күзде италия­лық өнер ұжымы «Аида» опера­сының тұсауын Астанада кеспек. Режиссері – Франко Дзефирелли. Театр басшылары алдағы жұмыс жайын талқылаған басқосуда астаналық театрдың директоры Төлеген Мұхамеджанов «La Scala» театрының академиясымен білім алу саласындағы серіктестік жө­ніндегі жоба жүзеге асырылып жатқанын әңгімеледі.

   

«Дон Кихоттың думаны»

Италиялық театрдың бес күндік гастролі өнерсүйер қауым үшін үлкен мерекеге айналуда. Рудольф Нуриев жасаған атақты «Дон Кихот» балеті бүгінде Испания, Мексика, Жапония елдерінде қо­йылды және күні бүгінге дейін әлем театрларының репертуа­рында ең көп орындалатын қойы­лым­дардың қатарында. Атал­ған спектакльмен «La Scala» бірнеше рет өзінің театрлық маусымын да ашқан. «Дон Кихот» балеті­нің мерейі үстем болуының құ­пиясы мен өміршеңдігі – оның ең талғампаз деген көрерменнің өзін бейжай қалдырмайтын асып-тасыған шабытты биінде.

Рудольф Нуриев мұнда басты назарды күлкілі көріністерге аударған. Дегенмен, асқақтаған сығандар биі, Дон Кихоттың түсіне кірген әсем дриадалар, қиял мен арманға ұласып кететін махаббат қойылымның сал­мағын арттырады. Дон Кихот пен оның құлай сүйген ғашығы Дульсинея (Китри) билейтін дуэт драмалық мәнер мен сипатқа қанық.

1987 жылы «La Scala» театрының бұл спектаклі Рафаэль дель Савионың жаңа декорация­сы­мен және Анна Аннидің костюмдерімен жаңартылып, күні бүгінге дейін балеттік труппаны жарқыратып, әсерлі етіп келеді. Китридің айбынды па-де-десі ерекше көңіл аудартады, оның бұл балеттегі рөлінің маңызы айрықша. Жеңіл, ұшқалақ, оптимист қыз қайғылы кейіпкер, ержүрек рыцарь Дон Кихоттың қиялынан шынайы өмірдің бейнесіне айналады.

Қойылымның музыкалық бөлігі «La Scala» театрының дирижеры Марселло Спакаротелла басшылық ететін «Астана Операның» симфо­ниялық оркестріне сеніп тапсырылды.

Құштарлықтың, күш-қуат пен әзіл-сықақтың еуропалық нұсқа­сымен баршаны шаттандыратын ласкалалық құрамда: Николетта Манни (Китри-Дульсинея) және жас, талантты солист Карло Ди Ланно (Базиль), Джузеппе Конте (Дон Кихот), Джанлука Скьявони (Санчо Панса), Алессандра Вассало (көше бишісі), Мик Зени (Эспада), Вирна Топпи (Дриадалар Королевасы), Серена Сарнатаро (Амур), Федерико Фреси (сыған), Мэтью Эндикотт (Лоренцо) және Рикардо Массими (Гамаш) бар.

«La Scala» театрының «Астана Операдағы» гастролінің бас де­меушісі – «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры. Билет бағасы 500 теңгеден басталады.

   

Неапольмен келісім нәтижесі

«Астана Опера» театрында өткен баспасөз мәслихатында Неа­поль­дағы ежелгі «San Carlo» опера театрының директоры Розанна Пуркиа екі жақтың гас­троль алмасатыны жайында жет­кізді. Қонақтар алдағы жылы Б.Эйф­манның қойы­­лымындағы В.Моцарттың «Реквием» балетінің тұ­сауын елордада ке­суді жоспарлап отыр екен. Ал «Астана Опера» театрының труппасы «San Carlo» өнер орда­сында ұйымдастырылатын «Күзгі билер-2015» фес­ти­валіне қатысады.
Қос театрдың жоспарында Г.Доницеттидің «Lucia di Lammermoor» қойылымын бірігіп қою да бар. Аталған қойылым жо­ғары деңгейде болатыны сөзсіз. Қоюшы режиссері – көп­теген кинематографиялық мара­пат­тардың иегері, үздік шетелдік фильмі бойынша «Оскар» сый­лығының жүлдегері – Gianni Amelio, сценографы – Nicola Rubertelli.

УЫЗ ЛЕБІЗ

l43-maria-freda-130318152647_bigМария ДИ ФРЕДА, «La Scala» театрының директоры:

– «La Scala» театрының алғашқы гастрольдік сапары 1878 жылы Париж қаласында өткен еді. Сол уақыттан бері әлемнің отыз сегіз елінде өнер көрсеттік. Біз «Астана-Опера» театрымен бұл келісімге екі жыл дайындалдық. Театрда жақында ғана Италияның белгілі опера туындысы «Тоска» қойылды. Алдағы уақытта бұл әріптестігіміз жалғасып, көптеген бірлескен жобаларға қол жеткіземіз деген ойдамын.

* * *

Миланның белгілі мәдени ордасы «La Scala» мен Неа­­польдік «San Carlo» театр­ла­рының және «Астана Опера» театрының басшылары әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Алғашқы театрлық маусым бары­сында «Астана-Опера» әлем­нің 13 жетекші театрымен әріп­тестік жө­нін­де уағдаласқан еді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − ten =