«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Күзет полициясының маңызын сезіндім

0 57

Жыл басында, нақтылап айтқанда, 5 қаңтарда арнайы іссапармен Алматыға барған едім. Бұл уақытта еліміздің әр аймағында ереуіл қарқын алып, үлкен толқулар өршіп жатқан кез еді. Әсіресе халық көп қоныстанған Алматыда митинг соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Соның әсерінен қалада төтенше жағдай енгізілді.

WhatsApp Image 2022-03-14 at 15.22

Маған күзет қызметінің ардагерлерінен қалай да сұхбат алу керек. Осы салада жүрген Еділ деген жігіт екеуміз жолға шықтық. Біз Таулы қырат ауданына бара жатқанда, нөмірсіз жүрген көліктер көшеде жүйткіп бара жатты. Жолда әскери киімінің кеудешесі жыртылған, басынан соққы алған сақшылар көзге шалынды. Осылайша сағат 18.30-ға дейін келіскен азаматтардан сұхбат алып үлгердім. Қалада қауіп күшейе түскенін байқадық.

Көп ұзамай бірден Алматы әуежайына жол тарттық. Барсақ, ұшағымыз ұшпайтын болды деген хабар естідік. Әрі-сәрі күйде тұрғанда әуежай қасындағы шлагбаумның алдын жауып алған ереуілшілерді көрдім. Олар әуежайдан шығып келе жатқан бейбіт тұрғындарға тап беріп, бізге қосылыңдар деп үндей бастады. Бойымыз­ды қорқыныш билеп, қайта әуежайға беттедік. Біздің артымыздан наразы топ әуежайды басып аламыз деп ішке кірді. Сол уақытта ереуілшілердің мылтық атқанын естідік. Ашуға булыққан бұзақылар көліктерді сындырып, әуежайдың ішін ойрандай бастады. Сөйтіп олардан қашып, қарама-қарсы беттегі сауда үйі­нің астыңғы жағымен қалаға шықтық. Әуежайдың ішіндегі халық жанұшыра айғайлап, басы ауған жаққа тым-тырақай қаша бастады. Алдымда стюардесса қыздар жүгіріп келе жатқанын білемін. Әуежайдан қашқан адамдар алды-артына қарамастан жоғары өрлей берді. Не істерімді білмей, үрейленіп қалған мен елордадағы мамандандырылған күзет қызметі мамандарына хабарласып, болған жағдайды асығыс баяндадым. Жан-жағымыз бірін-бірі ұрып-соққан адамдарға толы. Олар маған күзет қызметінің мамандарын жіберіп, қонақүйлердің біріне жеткізді. Сол түні террористер Алматы әкімдігі ғимаратын, Президент резиденциясын, «Қазақстан» ұлттық арнасының тарихи ғимаратын өртепті. Өртенген көліктер мен қаза тапқан полицейлер туралы ақпараттар желдей есті.

Мен осы сапарымда күзет қызметі мамандары жұмысының шын мәнінде қандай қауіп-қатер­ге толы екенін сезіндім. Біз бейбіт күнде олардың қадіріне, қандай маңызға ие екеніне көз жеткізбеген екенбіз. Жанған оттың, атылған оқтың, бұзақы топтың арасында жүріп сақшылар қаншама адамның өмірін қорғап қалды. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын өлімге тігіп, көпшілігі ауыр жарақат алды, өкінішке қарай, қапыда қаза тапқан әскерилер аз болған жоқ. Суық қарумен қаруланған, қолдарына темір-арматура алған бүлікшілер ешкімді де аямады. Жолындағыны жайпады, полиция департаменттерін қиратты. Елдің тыныштығын бұзған содырлармен, қара ниет­ті қарақшылармен біздің құқық қорғаушылар қаншама уақыт күрес жүргізді. Антына адал, сертіне берік әскерилер соңында сын-қатерді жеңіп шықты. Еліміздің отыз жылға енді толған тәуелсіздігін сақтап қалды. Бұл тұрғыда барлығымыз күштік құрылымдардың ерлік ісіне бас июге тиіспіз. Осы ретте күзет қызметінің мамандарына айрықша алғыс білдіремін. Азаматтардың тыныштығын қас қақпай күзететін сақшыларымыз қандай құрметке болсын ла­йық. Ал олардың батырлығын, антына адалдығын, қажырға толы қаһармандығын жастарға үлгі етуге тиіспіз. Жас буын үлгі тұтатын тұлғаларды сырттан іздемей, өз ортамыздағы азаматтарға еліктеп өссе дейміз.

Бұл оқиғаны бір ғана қаңтар трагедиясына байланысты жазып отырмын. Азаттық алған 30 жыл ішінде келеңсіз жағдай орын алғанда бірінші болып кеу­десін қауіпке қарсы тосқан да, оқыс оқиғаларда алдымен оққа ұшқан да – күзет қызметкерлері. Күнделікті өмірде көшедегі бұзақыларды ұстап, ұрлықшыларды құрықтап, жәбір көргенді жақтап, адамдарды қызыл жалын өрт арасынан алып шыққан да – осы батырлар. Тұрғындарды құтқарамын деп қаза тапқан күзет қызметкерлерін еске алу – қасиетті парыз. Біздің осындай жан ауыртар оқиғаларды «қызмет барысында көз жұмды» деген бір ауыз сөзге ғана сыйғызып, жұбануға тура келеді.

Бірде мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (Нұр-Сұлтан қаласы) музейімен таныстым. Сол кезде жүрегімде ерекше қалып қойған бір сәтті айтпай кете алмаймын. Қызмет барысында қаза тапқандар бұрышында күзет қызметкері, полиция старшинасы Аян Ғалиев­тің қаны тамған қызметтік куәлігін көріп қалдым. Оқиғаға тікелей куә болмасам да, мен сол бір сұрқай күннің көрінісін елестеттім. Бұл қанға малынған куәлік маған «біз сендер үшін жан қидық, тәуелсіздікті қорғау – сендерге серт» деген аманат сөз сияқты сезілді. Қызмет ете жүріп, өлім құшқан әрбір құқық қорғау маманы сын-қатермен бетпе-бет келетіні осы бір құжаттан анық аңғарылады. Аян Алматыда болған теракт кезінде қандықол террористі ұстау жолында жанын берді. Бейбіт тұрғындарды өлтіріп, айналаға қауіп төнгенде, Аян ештеңені де ойламай, бірден бүлікшіні ұстауға тырысты. Өзі өлсе де, қаншама адамды құтқарып қалды. Жеке бастың амандығын ойламай, қызметіне адалдығын көрсетіп мерт болды. Соңында 10 жасар қызы мен 7 айлық ұлын тастап көз жұмыпты. Полицей болу – асқан тәуекелге бел буу деген сөз. Сөзімізге мына бір мысал дәлел болады. Қызмет бабында мерт болған күзет саласының мамандары туралы деректер жинастырғанда бірқатарының қызметтік демалыста жүріп, кездейсоқ қылмыс оқиғаларын көре сала, оны тоқтатуға бел байлағанын білдік. Әйтпесе жұмыс уақытынан босап, демалыста жүрген қай саланың өкілі басын ажалға тігіп, қылмыскерлермен беттесер еді?! Міне, қызметке адалдық деген осындай болса керек-ті!

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «Елі күйінгенде күйінген – батыр, Елі сүйінгенде сүйінген – батыр, ерегесте мыңға татыр» деген нақыл сөз бар. Халқы үшін шыбын жанын берген азаматтарды еліміз «шейіт» деп те атайды. Яғни әділет үшін, тыныштық үшін басын бәйгеге тіккендер – халық батыры. Қасиетті Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен қаһармандарды жыл сайын еске алып, рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Сондықтан біз халық мүддесін қорғап, батырлығымен ел есінде қалған құрбандардың есімін ұмытпауымыз керек. Бұл құқық қорғау қызметінің маңызын терең ұғынуға, оған жаңаша көзқараспен қарап, жастарды отансүйгіштікке және рухы биік азамат етіп тәрбиелеуде аса маңызды. Себебі тұғырлы тәуелсіздіктің артында қаншама хас батырларымыздың аққан қаны мен төккен тері тұр. Азаттықтың алтын бәйтерегі қайсарлықпен көз жұмған азаматтардың ерлігімен көктеген.

Олжас ҚАСЫМ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды