КҮШТІЛЕРДІ БІРІКТІРГЕН КЛУБ

0 128

Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесер рәсімі өтті.

Салтанатты шараның қатысу-шылары мен қонақтары қатарында Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Асхат Житкеев сынды олимпиадалық ойындардың 30-дан астам жүлдегері және Оливер Кан, Луиш Фигу секілді футболдың әлемдік деңгейдегі жұлдыздары болды.

Естеріңізде болса, өткен желтоқсан айында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты клуб жетекшісі ретінде таныстырған болатын.

«Астана» президенттік кәсіби спорт клубы – еліміздің барлық танымал спорттық жобаларын, соның ішінде «Астана» велокомандасы, «Астана» ралли командасы, «Қазақстан барысы» қазақша күресті дамыту қоғамдық қоры, «Астана» баскетбол және футбол клубтары, «Astana Arlans» кәсіби бокс клубы, «Астана» су добы спорт клубы және «Барыс» хоккей клубы топтастырылған жоба. Олимпиаданың екі мәрте чемпионы Илья Ильин мен мәнерлеп сырғанаудан Азия ойындарының жеңімпазы Денис Тен де бұдан былай осы клуб атынан жарыстарға қатысатын болады. Клубтың мақсаты – Қазақстан Республикасын әлемдік спорт ареналарында кеңінен таныту.

Тұсаукесер салтанатына қатысқан Қазақстан Президенті жаңа спорт клубы өзіне жүктелген игі миссияны орындап шығатынына сенім білдірді.

– Клуб қазірдің өзінде әлемдік аренада өздерін танытқан командалардың басын біріктірді. Оған жоғары нәтижелерге қол жеткізген атлеттер мүше болды. Гегель айтқандай, «Егер күштілер бірігетін болса, онда олар жеңімпазға айналады». Спорттық менеджменттегі озық технологиялар әлеуетімізді арттырып, шекарамыздың аясын кеңейтуге ықпал ететініне сенемін!
Сонымен қатар, шара барысында Елбасы Қазақстанның үздік спорт клубтарын біріктірген «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының Құрметті президенті атағына ие болды.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + nineteen =