Күшейтілген жұмыс кестесіне көшті

0 19

Биылғы қыстың басынан Арқада қар қалың жауып жатыр. Ұйтқи соғып өтетін боран да қала ішіндегі қозғалысты қиындатып, шаһар тіршілігіне жауапты органдарға дамыл таптырмай тұр. Осы аптаның ортасында да «кәрі құда» мінезін көрсетті. «Сақтансаң, сақтайды» демекші, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері, коммуналдық қызметтер басшылары мен аудандардың әкімдерін жинап, кеңес өткізді. Қала тіршілігін қамтамасыз етуге қатысты тиісті тапсырмалар беріп, олардың есебін тыңдады.ҚАРДЫҢ АЙЛЫҚ НОРМАСЫ ЕКІ ЕСЕДЕН АСЫП КЕТТІ

– Ауа райы оқыстан бұзылып, желдің екпіні секундына 25 метрді көрсетті. Сол себептен қозғалыс қиындауда. Осы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында тиісті жоспарды бекітіп алуымыз қажет. Жиынға құрылыс және жол компанияларын шақырдық. Коммуналдық қызметтер бар, баршамыз жұмылып, жұмысты күшейтуіміз қажет. Ең бастысы, қала тұрғындарына, азаматтарға тез арада қолайлы жағдайлар жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деді Алтай Сейдірұлы.
Алдымен есеп берген Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов 14-23 қаңтар аралығында 10 мәрте дауылды ескерту жарияланып, 10 sms хабарлама жіберілгенін, кабельдік телеарналардың ақпараттық каналдарына мәтіндік хабарламалар орналас­тырылғанын мәлімдеді. Елорда тұрғындарының 100 пайызына дауыл туралы ескертілгенін айтты.
– 23 қаңтар күні сағат 00-ден бастап «112» жедел желісіне 1989 қоңырау келіп түсті. Олардың 85 пайызы трассалардың ашылуы немесе жабылуы, мектептерде сабақтарды тоқтатуға қатысты болды, – деген Б.Сыздықов осы туралы толық ақпарат берді.
Оның мәліметінше, осы айда, 23 қаңтар күніне дейін 37 мм қар түсті. Ал оның айлық нормасы – 16 мм. Яғни, норма екі еседен асып кетті. Былтырғы қараша айында айлық норма 28 мм болуы керек болса, 47 мм қар жауған. Ал желтоқсандағы норма 22 мм болса, бұл 39 миллиметрге жеткен.
– Апаттық-құтқару және шегеруге болмайтын жұмыстарды үйлестіру мақсатында департамент пен төрт ауданда жедел штаб құрылды. Департаменттің кезекші қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментімен Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандары бойынша өзара әрекеттесу жоспары жасалды. Құтқару жұмыстарын атқару үшін ішкі істер органдарының 220 адамнан тұратын жедел тобы, 670 адамнан азаматтық қорғаныс жасағы құрылды. Бұған жол талғамайтын 43 техника және 434 құтқару, медициналық, инженерлік техника жұмылдырылды, – деді департамент бастығы.
Жолдар жабылған жағдайда, трассаны тазалау кезінде колонналарды ертіп жүру, боран және қар алу жағдайларында құтқару жұмыстары кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің теміржол вокзалдары мен сапаржайдағы кезекші қызметтерінің, «Қазақавтожол» ЖШС-інің жедел ақпарат алмасу алгоритмі әзірленгенін айтқан Б.Сыздықов адамдардың уақытша орналасуына 500 орындық 10 пункт қарастырылғанын мәлімдеді.

4  ҚАР ПОЛИГОНЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР

«Қазгидромет» РМК директорының бірінші орынбасары Мереке Ахметов бізге келген дауылдың өзегі Екатеринбург қаласы аумағында орналасқанын айтты. Нұр-Сұлтан қаласы дауылдың жылы секторында болатынын, бұл жағдай 26 қаңтарға дейін созылатынын, бір тәулік ішінде қардың 3,6 миллиметрі түскенін жеткізді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев қанша техника мен адам қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылғанын баяндай келе, қыс басталғалы 121 миллиметр қар түскенін мәлімдеді.
– Өткен жылы бұл кезеңде 66 миллиметр қар жауды. Биылғы қаңтар айының өзінде 35 мм қар түсті. Ал норма – 16 мм. Қыс келгелі полигондарға 2 миллион 200 мың текше метр қар шығарылды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 60 пайызға көп. 2019 жылы осы кезеңде 1 миллион 300 мың текше метр қар шығарылған еді. Яғни, биыл 900 мың текше метрге артық шығарылды. Ал қыс әлі жалғасып жатыр. Оның аяқталуына әлі екі ай бар, – деді А.Қайсағалиев.
Қазір қалада 6 қар полигоны барын, оның екеуі толып, жабылғанын айтқан қала басшысының орынбасары қалған төртеуі жұмыс істеп жатқанын, қар шығаруға құрылыс компаниялары да көмекке келгенін жеткізді.

ЕҢ БАСТЫСЫ – АЗАМАТТАР ҚАУІПСІЗДІГІ

Одан кейін Алматы, Сарыарқа, Есіл және Байқоңыр аудандарындағы қар тазалау мен шығару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдарды қар құрсауынан босату жұмыстарының есебі тыңдалды. Қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов қоғамдық көліктің, қала ішіндегі және қалааралық бағдарлардың қатынасы туралы ақпарат берді. Полиция департаменті атқарып отырған жұмыс жайында айтылды.
Барлық есепті мұқият тыңдаған қала әкімі Алтай Көлгінов құрылыс компаниялары басшыларына көтергіш крандарды қадағалауға алуды өтініп, нысандағы әр жұмысшының қауіпсіздігіне ең алдымен ұйымның бірінші басшылары жауап беретінін еске салып өтті.
– Ауа райына, қардың көп түсуіне байланысты қаланың барлық қызметтері, Төтенше жағдайлар, Полиция департаменттері, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс кестесіне көшеді. Бұл – баршамыз күні-түні жұмыс істейміз деген сөз. «101», «102», «103» қызметтерінің жұмысы қалыпты. Қазіргі кезде iKomek 109 қызметіне көп өтініш түсіп жатқанын көріп отырмыз. Барлық басқарма басшылары, аудан әкімдері түскен өтініштерді жедел қарауы керек. Әсіресе, әлеу­меттік нысандар бар жерде қар шығаруға мұқият болуы қажет. Аудан әкімдері аумақты тазалауға міндетті жеке кәсіпкерлермен жұмысты күшейткен жөн. Аулаларда кептелістер орын алмауы үшін ПИК-тер жұмысын ұйым­дастыруы керек. Бірінші кезекте магистральді жолдарды, әлеуметтік нысандар орналасқан аумақтарды тазалаймыз. Яғни, ірі сауда-ойын сауық орталықтары, әкімшілік ғимараттар, мектептер, балабақшалар, емханалар мен ауруханалар маңайларынан қарды шығарамыз. Ал аулалардың іші – ПИК аумағы. Аудан әкімдеріне соны бақылауда ұстаған жөн. Керек жерде учаскелік полицейлерді тартыңыздар. Бәрі заң аясында атқарылуы керек. Жеке компаниялардың техникасын тартуды да ұйымдастыру қажет. Олар да бізді түсінеді деп ойлаймын, – деді қала басшысы.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАНДАР ЖАЗАЛАНАДЫ

Қала басшысы елорда тұрғындарын дүрлікпей, сабыр сақтауға, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан ақпараттарға сенбеуге, тек қана әкімдіктің ресми мәлімдемелеріне жүгінуге шақырды. Құқық қорғау органдарына жалған ақпарат таратушыларды тауып, заң бойынша жазалауды тапсырды.
– Ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігі және уақытылы жолдарды тазалау, қарды шығару, – деп түйіндеді сөзін А.Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды