Күш атасына лайықты құрмет жасалды ма?

0 72

Биыл алып күштің атасы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толғанын да атап өтеді екенбіз. Қажымұқан туралы жазылған кітаптар да, зерттеулер де баршылық. Бірақ біздің жастардың көбі батыр-балуанның туып өскен жерін, жүріп өткен жолдарын біле бермейді. Соған қысқаша ғана тоқталып өтейін. Қажымұқан 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола облысы Қараөткел ауылында дүниеге келген екен. 17 жасында-ақ Ақмола аймағындағы ең мықты жас балуан атанып, оның ғажайып күші туралы аңыз-әңгімелер де қалың қазақ арасына желдей тарап кетеді…1901 жылы Омбы қаласында француз күресінен кәсіпқой балуандардың жарысы өтеді. Осы жарысқа қатысқан балуандардың дүркіреген атақтарын естіген дүбірлі жарыс Қажымұқанды магниттей өзіне тартады. Күрес бірнеше күнге созылып, кәсіпқой күрестің майталманы Андрей Злобин бір өзі жеке топ жарып шығады. Жас батыр Злобиннің өзімен күресуге ниет білдіреді. Бұл күрес екі балуанға оңайға түскен жоқ еді. Тәжірибелі, күрес техникасын барынша меңгерген Злобин 18 минутта ғана жеңіске жетеді. Қажымұқанның дене бітіміне, алапат күш-қайратына тәнті болған Злобин Қажымұқанға И.В.Лебедевтің күрес мектебіне баруға кеңес береді. Қажымұқан 1903-1904 жылдары «Дядя Ваня» мектебінде оқып, күрестің неше түрлі әдіс-айласын үйреніп шығады. Батырдың күрестегі ең ірі жеңісі деп 1905 жылы Харбинде өткен «джиу-джитсу» күресінің жарысында жарқырап шығуын жатқызуға болады. Осы күресте Қажымұқан бірде-бір жеңіліске ұшырамай күрестің алтын медалін жеңіп алып, «Маньчужур чемпионы» атанып кетеді. 1909 жылы Гетеборгте (Швеция) өткен француз күресінен әлем чемпионы атанып, алтын медалін төсіне таққан бірінші қазақ болатын.
1910 жылы Оңтүстік Америкада Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында күрестің алтын медалін тағып қайтады.
1910-1911 жылдары Мәскеуде француз күресінен халықаралық чемпионат өтеді.
Күрес барысында Алаш­тың алып тұлғасы күрес шеберлері Разумовты, Шнайдерді, Винтера мен Аполландардың жауырынын жер иіскетеді. Атақты балуан Циклоппен күресі тең аяқталады. Осы жолы күрес қожайыны Эстонияның атақты балуаны Георг Лурихпен белдеседі. Бірінші 20 минутта Лурих Қажымұқанды жеңе алмайды. Лурих келесі күні тағы да кездесіп реванш алуды көздейді, тағы да жеңе алмайды. Бірақ эстон балуанын жақтаған судьялар күрес уақытын негізсіз созып, Лурихке жеңісті алып беріп, оған үлкен алтын, Қажымұқан кіші алтын медальді иеленеді. 1911 жылы Петербургте Қажымұқан және бірнеше чемпиондар күреске шығады. Мұнда атағы жер жарған Рауль де Руан, Георг Лурих бар болатын. Бұрынғы өткен чемпионаттағы адами фактор, әділетсіздік қайталанып, «ережені бұзды» деп Қажымұқанды бұл күрестен шеттетеді..
1915 жылы Қажымұқанды Варшавада өтетін халықаралық күрес жарысына шақырады. Атақты балуандар Поле Абос, Ресей чемпионы Иван Яго, латыш балуаны Шульцелерді жеңіп, алтын медальді жеңіп алады.
Қажымұқанның жапонның атақты балуаны Саракикиді жеңуін айрықша атап өтуге болады. Харбинге барған батыр-балуандарды Саракики «джиу-джитсу» күресі бойынша жекпе-жекке шақырады. Жүрегі дауалап ешкім шыға қоймайды. Мен көрейін деп Қажымұқан күрес аренасына шығады. Әрине, бұл күресте белдесу деген болмайды екен. Саракики олай-бұлай ойнақтап бір құлағын, тағы да өте беріп мысықша атылып, төменгі ернін жыртып жібереді. Жаратқаны жар болып бір реті келгенде шап беріп ұстап, темірдей құрсағына қысып, бар күшімен кілемге лақтырып жібереді. Эстония­ның атақты балуаны Георг Лурих Қажымұқанды былайша сипаттайды: «Сын востока – японец Муханура. (қазақ екенін қайдан білсін.) Он борец крепкого и редкого сложения, отличается дикостью и свирепостью в борьбе».
Естеріңізге сала кетейін: Қажымұқанның әртүрлі (Муханура, Черный Иван, Красная маска, Ямагата, Черный Мұстафа) деген лақап аттары болды.
Атақты балуан, цирк артисі Николай Турбас былай деп еске алады:
«Между нами особенно выделялся своей фигурой и силой киргизский атлет Кажымукан. Он имел широчайшие плечи, колоссальную силу, длинные руки, что имело большое значение в борьбе. Многие борцы боялись его и неохотно вступали с ним в борьбу. Именно в это время слава Кажымукана гремела всему миру.
Один из русских борцов писал: «По всему миру гремела тогда слава русского богатыря Ивана Поддубного и қазахского батыра Кажымукана». Он был действительно крепкого богатырьского телосложения, рост: 195 см, вес: 139 кг, (в 1946 году) 174 кг, окружность бедер: 71 см, бицепсы: 47 см, окружность шеи: 56, размер обуви: 54. (Дене бітімі таңқаларлық емес пе?!)
Осы 150 жыл ішінде мұндай дене бітімімен әлемді таңқалдырған және осындай ғаламат табысқа жеткен қазақ әлі дүниеге келген жоқ. Қазақ елі аман болса, келеді!
54 елде болып, 48 медаль олжалаған қазақтың апайтөс батыры туралы қысқаша мәліметті беріп отырмыз. Батырдың 150 жылдық мерей­тойына бұдан да қызықты материалдар жазып, мерейін үстем ететін, өздерінің ұсыныс-­тілектерін білдіретін алаштың азаматтары арамыз­да баршылық деп ойлаймын.
Қажымұқан 1910 жылы Персияның атақты чемпионы Машрутты жеңгенде, Персия падишахы «Лев и Солнце» орденімен марапаттаған екен.
«Благоденствия» Маньчжурия орденімен Саракикиді жеңгені үшін марапаттайды.
Қажымұқанға 1927 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетінің жарлығымен «Қазақтың халық батыры» атағы беріледі. 1945 жылы Отан алдындағы жанқиярлық еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
Кеңес өкіметі кезінде 1960 жылдары Алматыда тұңғыш Орталық стадион ашылды. Қалың қазақтың қуанышында шек болмады. Газет беттерінде көптеген мақалалар жазылып, стадионға Қажымұқан есімі берілсін деген ұсыныстарын, тілектерін жазып жатты. Бірақ селт еткен басшы болмады. Неден қорқып, неден жасқанды? Кеңес басшылары стадионға батырыңның атын беріп жүрмеңдер деп телефон шалмағаны айдан анық қой. Бұрынғы жылдары басшылар елден, әлде қылықтарынан ұялды ма, Алматыда спорт мектебін ашып батыр-балуан­ның есімін берді. Кейіннен Астанаға көшіріліп, спортшылар болмаса, қарапайым көпшілік біле бермейтін бір түкпірге жайғасқан екен. Қай жылдары екенін ұмыттым. Целиноградта сыйымдылығы онша үлкен емес стадион ашылып, Қажымұқан есімімен аталатын болды. Шымкентте бұрынғы орталық стадионға көпшіліктің тілегімен Қажымұқан есімі беріліп, оңтүстік азаматтарының жігер-қайраттарының арқасында үлкен ескерткіш қойылған. Міне, Кеңес өкіметі кезінде батырдың есімі осылай бағаланды.
Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде Алаш арысының даңқы жер жарған атақты балуанының туғанына 120, 130, 140 жылдығы тура келіпті. Астана қаласының бір көшесіне Қажымұқан есімі берілген екен. Осы жылдары елордада қаншама алып ғимараттар: халықаралық әуежай, теміржол вокзалы, зәулім спорт кешендері салынды. Солардың бірде-біріне атағы жер жарған, Алаштың батыр ұлының есімі берілмеді, мүмкін басшылар туғанына 150 жылдық мерейтойын күткен болар. Бізді бір қуантқаны, Алматыда Балуан Шолақ атындағы керемет халықаралық жарыс өткізетін спорт кешені бар. Атақты композитор, қазақ күресінің майталманы, Арқада туып-өскен, ән салып, сайран салған батырға қандай жарасып тұр. Көзің қуанады. Алдына асқақтатып ескерткіш тұрғызса болғаны. Сол сияқты Нұр-Сұлтан қаласындағы үлкен спорт кешендерінің біріне Қажымұқан есімі беріліп, ескерткіш орнатылса, нұр үстіне нұр емес пе?! Алланың қалауымен екі алыптың рухтары халқымызды, спортпен шұғылданып жүрген жастарымызды желеп-жебеп жүрмей ме?! Сөйтіп перзенттік парызымызды өтемейміз бе?!
Осы жылы балуанның туғанына 150 жыл толған мерейтойын атап өтпекпіз. Қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?
Қажымұқанның 150 жылдық тойын өткізуді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ханымға жүктеген сияқты. Құптаймыз. Сонымен қандай шаралар іске асырылып жатыр?
Жақында Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған Республикалық мектеп-интернат колледжінде қазақтың даңқты балуаны Қажымұқанның 150 жылдығын тойлауға арналған салтанатты шара өтіпті. Жиынның ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова алыптың мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуге дайындалып жатқандығын айтып, көзі тірісінде аңызға айналған ұлы тұлғаның өмір жолына шолу жасаған көрінеді. Жалғыз барған екен. Дегенмен де қасына қала, аудан әкімдерін, жазушы қауымынан, керек десеңіз, Ақмола облысы әкімшілігінің бір-бір өкілі қатысқанда жарасып кетер еді. Өкінішті-ақ…
Алып тұлғаның есімін ұлықтау, мәңгілік есте сақтау жөнінде Үкімет тарапынан қандай нақты шешімдер қабылданғанын ашып айта қойған жоқ. Бізге әзірше белгілісі: Қызылорда қаласында ба­луан атында күрестен жастар жарысы өтіпті. Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қажымұқан атындағы ауылда балуанға арналған мемориалдық кешен салу мақсатында жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалыпты.
Осы жоспарланған іс-шараларды сәтімен жүзеге асыруды мақсат етіп отыр екен.
…Біз бір топ азамат 2000 жылы сәті түсіп, арнайы дұға жасайық деп Қажымұқан балуанның басына бардық. Басына шағын ғана киіз үйдің аумағындай кесене орнатылған екен. Біздер оған түсіністікпен қарағанымыз рас. Ол кісі дүниеден озғанда соғыстың аяқталғанына үш-ақ жыл, Үкімет те, халықта әлі есін жия қоймаған кез еді. Егемен ел болдық, амандық болса, Үкіметіміз, халқымыз ақылдаса отырып, күш біріктіріп, алыстан көрінетін үлкен кесене-күмбез орната жатар деп көңілімізді бір қуа­ныш, үміт жалыны шарпып қайтқан болатынбыз. Бірақ әртүрлі себептермен ондай бастама болмаған екен. Әр істің қайыры болады дейді ғой қазағым. Сол істің орайы келіп тұрған сәт туған сияқты. Біздіңше, енді басына үлкен кесене күмбез орнатпай-ақ мүрдесін осы салынатын мемориалдық кешеннің ішіне қойса, Абай, Шәкәрім мемориалдық кешеніндей халқы тағзым ететін бір киелі орынға айналар еді. Нық сеніммен басына келген жастарымызды батырдың рухы демеп, әлемді таңқалдыратын алып күш иелері шығары сөзсіз.
Тағы да бір білетініміз: Нұр-Сұлтандағы Қажымұқан атындағы кішкентай ғана футбол стадионы күрделі жөндеуден өтіп, алдына Алаштың атақты тұлғасына ескерткіш қойылмақ екен. Япырым-ау, деймін, Шымкент қаласындағы футбол стадионы осы кісінің атында емес пе? Алып ескерткіш те қойылған. Ендеше, елордадағы стадионды жөндеп басына тағы бір ескерткіш орнатудың қажеті бар ма? Ол кісі теңбіл допты ұршықша иірген футболист емес, алып күштің иесі емес пе?! Сонымен, Алаштың бағына біткен алып күштің иесінің 150 жылдық мерейтойына Астана қалалық «Ақ орда» ақсақалдар қоғамдық бірлестігі басқа да қала қарттарымен ақылдаса отырып төменгідей ұсыныс, тілектерін білдіреді.
Елордада Қажымұқан атындағы көше бар. Осы көшені Кенесары – Абылай хан, Абай – Шәкірім даңғылдары қиып өтіп, Сәтпаев, Мағжан көшелері келіп тоғысады. Тағы да Қажымұқан көшесінің бойында сәулеті жарасқан «Қазақстан» спорт кешені орналасқан, алдында үлкен алаңы бар. Алаштың алып тұлғасының 150 жылдық мерейтойына ескерткішін тура осы алаңға қойып, «Қазақстан» спорт кешеніне Қажымұқан атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді.ы

Тойшыбек ИІПҰЛЫ,
ақын

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =