Күш атасын лайықты ұлықтайық!

0 105

Биыл даңқты палуан, ұлтымыздың мақтанышы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толады. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дей келе, өткен тарихымызға құрметпен қарап, жас ұрпаққа және бүгінгі буынға Ұлы даланың тау тұлғаларының ерлігін, өмірін кеңінен насихаттауға ерекше назар аударды.

Ел есінде есімі өшпестей сақталған ұлы тұлғаның бірі – Қажымұқан Мұңайт­пасұлы. Ынтымақ пен бірліктің ордасы атанған Ордабасы ауданының орталығы – Темірланның топырағында мәңгілікке тыныстап жатқан әлемге әйгілі палуан Қажымұқан атамыз қазақ халқының тарлан тарихында айрықша тұлға болып саналады. Елбасымыз тарихи сананы жаңғырту үшін ең алдымен ұлт қаһармандарының ерен ерлігін, өнегелі өмірін үлгі тұтуды, тұлғалардың артына қалдырған ізгілікті істерін, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды тапсырды. Былтыр осы мәселеге орай, Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдап, бірқатар ұсыныстарымызды жеткізген едік.
«Күш атасы» атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай, Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қажымұқан атындағы ауылда палуанға арналған мемориалдық кешен салу мақсатында жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Осыған орай, 150 жылдық мерейтойды жоғары деңгейде өткізу үшін жоспарланған іс-шараларды сәтімен жүзеге асыруымыз керек.
Менің ойымша, кейінге қалдыруға болмайтын бірнеше маңызды мәселелерді шешуіміз қажет.
1. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт қаһармандары туралы фильмдер түсіруге тапсырма бергені белгілі. Осы орайда жас ұрпақты спортқа, салауатты өмір салтын насихаттауға қызықтырып, оларға рухани, патриоттық тәрбие беру мақсатында Қажымұқан атамыздың өмірінен көркем, деректі фильмдер түсірілсе нұр үстіне нұр болар еді.
2. Нұр-Сұлтан мен Түркістан қалаларында ұлт қаһарманына ескерткішін орнатсақ, жас ұрпақтың тарихи санасы қалыптасып, отаншылдық сезімін күшейтуге ықпал етеді.
3. «Қажымұқан ата жүрген жерлер» деген атаумен халық­аралық экспедиция ұйымдастыру қажет. Бұл экспедицияны Сыртқы істер, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп өткізіп, палуанның барлық жүрген жерлерінен тың дерек, мағлұматтар жинап, оны ұлттық мұрағатқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тапсырған жөн. Экспедицияға әлемдегі отандық және шетелдік тарихшыларды, БАҚ өкілдерін көбірек тартып, Қажымұқан атамызды халық­аралық деңгейде насихаттауға ұмтылғанымыз абзал.
4. Елордамыздың іргесінде Қажымұқан атаның әкесі Мұңайт­пас бабамыз жерленген көне бейіт бар. Былтыр ұрпақтары сол бейітке ескерткіш белгі қойды. Игілікті іске мұрындық болған – Омбы қаласында тұратын күш атасының шөбересі, 90 жастағы Фарида Қалиоллақызы. Атаулы датаға орай, осы ескерткіш белгіні кеңейтіп, палуанның әкесінің жатқан жеріне күмбез тұрғызса құба-құп болар еді.
5. Палуанға арналған мемориалдық кешен тұрғызуға Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау (қаржылық және т.б) көрсетілсе, ізгілікті істің жас ұрпақты тәрбиелеуге ұшан-теңіз пайдасы тиетіні сөзсіз.

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Сенат депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eleven =