Күш атасы кімнен жеңілді? Неге?

0 35

(Соңы. Басы газетіміздің 60, 61-нөмірлерінде)

Жастығына қарамай денесін май басқан Циклоп Беньковский кілемге маң-маң басып келді. Оның жанында Мұқан бас білмеген тайдай құлдыраңдайды.Циклоп Беньковский халықаралық біріншіліктердің талай рет жеңімпазы атанған палуан болатын. Жалтыр басты, толық денелі, оны көрген адам ертегідегі жалғыз көзді дәудің өзін көргендей әсер алары сөзсіз еді. Түсі қорқынышты Циклоп аса шебер күресетін. Күллі Ресейге аты жайылған Беньковскиймен әлі толысып-піспеген Мұқан сынға түспек.
Ә дегенше адуынды айқас басталып та кетті. Бірден Мұқанды умаждай салмақшы болған қара дәу кілемнен оны әлсін-әлсін тықсырып, қомданған бүркіттей қайта-қайта бас салып, шүйіле түседі. Мұқан болса бүркіттің шеңгеліне түскен тағыдай бірер рет оның құрсауында қалды да, әп-сәтте есебін тауып, сытылып шықты.
Айқас уақыт өткен сайын шиеленісіп, палуандар бір-бірін тізе бүктіре алмады. Залдың алдыңғы жағындағы орындықта қатар отырған Фатима мен Вейланд Мұқанмен шықпаған жаны бірге. Ол қиналса қиналып, оның қабағы кірбің тартса, бұлар да ренжіп қалады. Алғашқы күнгі айқас бір сағатқа созылып, палуан­дар жеңісе алмады. Айқастың жалғасы келесі күні өтеді деп хабарланды.
Үйге келе салысымен Вейланд пен Фатима Мұқанды ортаға алды. Мұқан алғашқы жиыр­ма минутта Циклоп сынды ауыр салмақты палуанның сырт жағына өтіп кетіп, үш-төрт рет лақтыратын болса, сол әдістің бірі нәтиже беруі мүмкін деген пікір айтты олар. Мұқан бұл ақыл-кеңесті құп көрді.
Келесі күні Мұқан алғашқы бес минуттың өзінде Циклоптың сыртына үш рет өтіп, оны үш мәрте көтеріп, кілем үстіне лақтырды. Сондай лақтырудың бірінде ол тырқия құлап, Мұқан халықаралық жарыстың бас бәйгесі – бес жүз сом ақшаны олжалады.

***
Сонымен, көп ұзамай ­Минскідегі халықаралық біріншілік басталып та кетті. Бұған Петр Бредихин, Иван Цепник, Уралец Андреев, Пауль Шмидт, Луц, Калинин, Феофан Лавренев сияқты майталман атлеттер де қатысты.
Соқыр жеребе бойынша ол алғашқы күні-ақ ең мықты палуан Пауль Шмидтпен шайқасқа түсті.
Пауль Шмидт Еуропа біріншілігінде жүлде алып, атақты Поддубныйдың өзімен де жекпе-жекке түсіп жүрген палуан еді. Ал Мұқан болса әлі аты шыға қоймаған, палуандар әлемінде белгісіз, сондықтан болса керек, Шмидт оны әлсіз қарсылас санап, тіпті айқасқа алдын ала дайындалуды да қойды. Белдесуге шығар киімін киіп алды да, енді тек төрешінің ысқырығын күтті. Вейланд болса Мұқанды жарысқа суытқан арғымақтай дайындап, маңда­йынан шып-шып тер шыққанда барып үстіне шапанын кигізді.
Досын аренаға шығарып жатып:
– Мұқан, сақ бол, Шмидт өте айлалы палуан, – деді ол.
Шартпа-шұрт айқас басталып кетті. Алғашқы минуттарда Шмидт басымдылық танытты.
Айлалы, тәжірибелі палуан жас палуанға дес бермей, екі-үш рет партерге түсіріп кетті. Мұқан ойынның алтыншы минутында барып ес жиып, қарсыласына айбар көрсете бастады. Вейландқа қарап еді, ол енді «өзің шабуылға шық» дегендей емеу­рін байқатты. Бағаналы бері қарсыласының айт­қанына көніп, айдауына жүріп келген мінезі күрт өзгеріп сала берді. Екі рет ішке кіріп кетіп, белден қапсыра құшақтады. Бірақ әдісқой Шмидт екі ретінде де солға аунап түсіп, етпетінен жатып алды. Партерде жақсы күресе алмайтын Мұқан екі ретте де оны босатып алды.
Сонымен, алғашқы он бес минут нәтиже бермей, палуандар демалысқа шықты.
– Үзіліс кезінде Вейланд досынан:
– Мұқан, қарсыласың партерге түскенде, неге әдіс-айла қолданбайсың? – деп сұрады. – Шынымды айтсам, не істерімді білмей, сасқалақтап қалам да, құрсаудан шығарып алам, – деді Мұқан ойын жасырмай.
– Онда жақсылап тыңда, енді сен әлгіндегі әдісіңді қолданып, Шмидті партерге түсір, сонан соң белінен қапсыра құшақтап, оңға қарай лақтыр. Үш рет осы әдісті қолданып көрші, бірі болмаса бірі нәтиже берері сөзсіз.
Палуандар айқасты қайта жалғастырды. Енді Мұқан ширақ қимылдап, Шмидті кілемнен тықсыра бастады. Сондай бір сәтте Шмидті тағы да партерге түсірді.
Енді ол күшін жиып алды да, қаннен-қаперсіз жатқан қарсыласының белінен қапсыра құшақтап алып, оңға қарай лақтырды. Шмидт абайсызда жауырынымен кілемге түсті. Төреші Мұқанның қолын көтерді. Фатима мен Вейландтың қуанышында шек болмады.
1913 жылы Троицк қаласында, соңынан атағы әлемге әйгілі болған чемпионат өткізіледі. Чемпионатқа қатысушылардың сапында атақтары бүкіл әлемге белгілі Пауль Шмидт, Юхан Тигане, Пьер де Колосс, ­Петров, тағы басқалары болатын. Күрес майданына шыққан 18 палуанның бәрі де өз елдерінің чемпиондары еді. Көшпелі цирктің қожасы Стрепетов мырза бірінші жүлдені Юхан Тиганенің қолына ұстату шараларын қарастырып көреді. Бірақ ойлаған ойы орындалмайды. Қажымұқан бастаған бір топ палуан әділ күресті тілейді. Әділ күрестің нәтижесінде қазақ палуаны бас бәйгені алып, үлкен алтын медальге ие болады.
Бұл баяндалған күрестің бәрі Қажымұқан үшін өте қиын, әдіс-айласы көп французша күрес бойынша еді. Шынын айту керек, ол кезде Еуропада, негізінен, осы французша күрес кең тараған еді.
Ал Америка құрлығында, негізінен, еркін күрес қолданылатын. Қажымұқан – америка еркін күресінен ешкімнен жеңіліп көрмеген палуан. Еуропаның барлық атақты палуандары «еркін күрестен Қажымұқанды жеңу мүмкін емес» деп күресуден қашады екен.
Мұқан Еуропа қалаларында өткен еркін күресте ешкімнен жеңілмеген. Мұқан еркін күрестен өзінің бірінші алтын медалін 1909 жылы Кельн чемпионатында жеңіп алған.
1910 жылы Мұқаңды арнаулы телеграмма жіберіп, Оңтүстік Америкаға, яғни Аргентинаның астанасы Буэнос-Айреске шақырады. Ол еркін күрес бойынша Америка чемпионы атағына ие болады.
Мұқан америка еркін күресіне бейім палуан болатын. Мұқан өзінің осы сапарында Джо Моро, Чемберс Ципс атты әйгілі америкалық палуандарды тізе бүктіріп, олжалы қайтқаны күмәнсіз.
Қажымұқан Америка құрлығында бір емес, екі рет (1910, 1914 жж.) болған.
1910 жылы аяғы ауыр әйелі Бәтиманы Еуропада қалдырып Америкаға аттанып, Американың бар палуанын жеңіп оралады.
1914 жылы Нью-Йорктегі жеңісі туралы Әлімқұл Бүркітбаев «Қажымұқан» атты зерттеу еңбегінде «Қажымұқан Нью-Йоркте бір айдан астам болды. Құрлықтың ең күшті атлеттерімен айқасып, шетінен жықты.
…Бұл жеңісті сол кездегі жергілікті газеттер қаз-қалпында жазды. Баспасөздің жалпы пікірі мынадай болды: «егер де қазір Америка жерінде еркін күрестен әлемдік чемпионат өткізілсе, чемпиондық тұғырға тек Қажымұқан көтерілетініне зәредей де күмән жоқ» дейді
Америкадан соң Мұқан Африка елдеріне аттанады. Египет жерінде болған күрес­терде өзінің барлық бәсекелестерін жеңеді. Бұл жолы да Мұқанмен бірге бұрыннан Еуропа қалаларында өткізілген чемпионаттардан таныс палуандар да болады.
Мұқанның араб, мұсылман елдерінде өткен күрестегі табыстары ерекше. Бұл жолы қазақ алыбының алдында бас иген палуандар арасында есімі бүкіл шығыс еліне белгілі Мамбу, Ахмет, Салах, Жүсіп, Мұстафа, Махмұт және басқалар бар еді.
Ыстанбұл, Мекке, Мәдине қалаларында болған зор жеңістерден кейін Мұқанға «қажы» деген атақпен қатар «мұсылмандардың ең күшті палуаны» деген атақ қосылды. Палуанның чемпиондық лентасында осындай жазуы бар (араб және орыс әрпімен жазылған) алтын, күміс медалі тағылған суреті кейбір газеттердің бетіне басылып шыға бастайды.
Қазақ палуаны «Қажымұ­қан» деген атпен Ресейде бірінші рет Саратов қаласында ағалы-інілі Никитиндер циркінде шықты.
Қажымұқанның жалғыз өзіне ғана тән жігері мен батыр­лығын, бойына әрең сыйып тұрған бұла күшін 1914 жылы Харбин қаласында жапондықтар ұйымдастырған джиу-джитсу күресінен көреміз. Бұл арада (французша күрестің чемпионаты біткеннен соң) әлемге әйгілі Еуропадан келген палуандардан аса алмайтынын бұрыннан жақсы білген жапон палуаны Саракики Жиндофу оларды жапон күресіне шақырады. Еуропа палуандары үшін бұл күрес – белгісіз, құпиясы көп күрес.
Жапондар шығыс айқасының төресі атанған джиу-джитсу ғана олардың ар-намысын қорғап қалады деп түсінген. Олардың бұл ойларының іске аспауына да қазақ палуаны себепкер болады. Шиеленісіп, қан төгілген айқас кезінде Қажымұқанның құлағы, еріні жыртылады, денесіне пышақ кескендей таңба түседі. Ал Саракики үшін бұл күрес соңғы күрес болды. Ресми жазулы деректер бойынша басы сынған, миы шайқалған жапон чемпионы көп ұзамай қайтыс болады.
Бұл оқиғаны өз көзімен көрген, осы чемпионатта Ресей палуандарының құрамында болған палуан Феофан ­Лаврентьев былай деп жазыпты: «Вызов японца Саракики ошеломил русских богатырей. Никто не решался выйти против него. Самым смелым оказался Хаджимукан. Схватка была жестоким. Хаджимукан получил повреждение, но победил. Радости наших не было предела. Ведь он защитил честь нашей России».
Қажымұқан палуанның өзі бұл жайында:
«Жайылған жер дүниеге менің ісім,
Адамды таңдандырған қара күшім.
Ойлаған өлтірмек боп Сар-Кек-Кидің,
Сыпырғам түлкідей ғып бас терісін» деп әнге қосқан екен.
Қажымұқан әлемнің ең үлкен континенті – Азия чемпионы.
Оны жалғыз ғана «мұсылмандардың ең мықты палуаны» деп қоймай, «Жапония, Корея және Манчжурия» чемпионы дейтіні сондықтан.
Қажымұқан 1916 жылы Орынбор қаласындағы Камухин циркінде үлкен халықаралық чемпионатқа қатысады. Қазақ палуанына үлкен сый-құрмет көрсетіледі. Ол кездегі чемпионат тәртібі бойынша бенефис, яғни жеке палуан құрметіне кеш өткізілетін. Сол күні жарнамада былай деп жазылған еді:
«Бүгін – спорттық-атлетикалық үлкен көрініс. Атақты палуан Қажымұқанның құрметіне бенефис болады. Барлық әртістер қатысады. Бүгін Қажымұқан мырза кеудесіне бөрене ұстап, оған 40 адам отырғызып, 200 пұт салмақты көтеріп тұрады. Қажымұқанның үстінен адамдар тиелген 6 күйме өтеді және басқалар» делінген. Ол кезде бенефис тек дүние жүзі чемпиондарының құрметіне өткізілетін.
Дүние жүзі чемпионының құрметіне өткізілген Орынбор бенефисі Қажымұқанның таңғажайып палуандығының, керемет өнерінің бір өтеуі еді.
Ендеше Қажымұқан – кәсіпқой күрестің үш түрінен, атап айтқанда: еркін күрестен, французша (грек-рим) күресінен, джиу-джитсу күресінен әлем чемпионы. Ол – кәсіпқой спорттың жарық жұлдызы, қазақ халқының бағына біткен күш атасы, қайталанбас біртуар тұлға.

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,
зерттеуші, өлкетанушы, тарихшы

Зерттеу, танымдық мақалалары ­республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. Халқымыздың көне тарихына арналған «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты ­еңбегі 2014 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Осы кітаптың орысша нұсқасы «Миф и истина об атлантах» деген атпен 2017 жылы жарық көрді. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық конкурста жүлделі 3-орынға ие болды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 12 =