Курскіліктер құрмет көрсетті

0 290

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ресейдің Курск облысының губернаторы Александр Михайлов бастаған делегацияны қабылдады. Елордаға сапары барысында ресейлік губернатор Курск шайқасына 70 жыл толуына орай 16 майдангерге естелік төсбелгі тапсырды.

 

Салтанатты рәсімді ашқан қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Курск қарқынды дамып келе жатқан облыс екендігін, екі шаһар арасындағы сауда-экономикалық, мәдени байланыс­тар бұдан әрі нығая түсетінін атап өтті.

Сондай-ақ, ұзақ жол жүріп, қазақ­стандық ардагерлерге төсбелгі тапсы­руға арнайы келген мәртебелі мей­манның ізгі ниетіне алғысын білдірді.

Сөз кезегін алған Александр Михайлов Курск шайқасының тарихына тоқтала келе, бұл – Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан шешуші ұрыстардың бірі болғанын, оған қазақстандықтар да белсене қатысып, ерен ерлік көрсеткенін жеткізді. Губернатордың айтуынша, Курск шайқасы кезінде елімізде 70-тен астам әскери бөлімдер құрылған. Әр бесінші қазақстандық майданға аттанған. Бүгінде республикамызда осы «танк шайқасына» қатысқан 355 ардагер тұрады, соның 31-і – Астанада.

Губернатордың қолынан естелік төсбелгі алған қариялар өздеріне құрмет көрсеткен меймандарға риза­шылығын білдірді.

Құрамында мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар және ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшылары, мәдениет, білім беру салаларының қайраткерлері бар Курск облысы делегациясының Ас­­танаға сапары 17 қыркүйек күні бас­талған. Іс сапар барысында ел­орда әкімдігі мен Курск губернаторы облысы ара­сында келіссөздер жүргізіліп, Ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Аталған құжат тең дә­ре­желі әріптестік, өзара сенім мен тиім­ділік негізінде сауда саттық-эко­номикалық, ғылыми-техникалық жә­не гуманитарлық-мәдени байланыс саласындағы ын­тымақтастықты дамытып, ке­ңейте түсуге бағытталған. Әсіресе, қос тарап кәсіпкерлік қызмет субъектілері арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесіп, Курск облысы мен Астанада бизнес-кездесулер, тұсаукесерлер, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырып, өткізуге қолайлы жағдайлар жасау туралы келісім жасады.

Сондай-ақ, хаттама қатысушылары екі өңірдің оқу орындары арасындағы әріптестік байланысты кеңейтіп, шығармашылық ұжымдардың барыс-келісін ұйымдастыру, әртүрлі іс-шараларды өткізу арқылы мәдениет, спорт, туризм мен жастар саясаты саласында ынтымақтасты дамытуға мүдделілік танытты.
Сапар барысында делегация Ас­­тана қаласының «Бәйтерек» мо­­ну­менті, Тәуелсіздік сарайы, Бей­­­бітшілік және келісім сарайы, сондай-ақ, Опера және балет театры, «Хазірет Сұлтан» мешіті, Ұлттық ана мен бала орталығы, «Оқушылар сарайы», «Алау» мұз айдыны сарайы мен «Сарыарқа» велотрегі сияқты көрнекті орындарды аралады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

КУРСК ШАЙҚАСЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы әскерінің жеңісті жолын бастаған Курск иініндегі шайқасқа биыл 70 жыл толып отыр. Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің құжаттары негізінде 1994 жылы жарық көрген «Еске алу кітабында» жан алысып, жан беріскен бұл айқаста 213 ақмолалық жауынгер қаза тауып, із-түссіз жоғалғаны жазылған. 

Осы күндері сол шайқасқа қатысып, аман-есен оралған 31 майдангер елордамызда тұрады.

Осыған орай бұрнағы күні Балалар және жасөспірімдердің орталық кітапханасында «дөңгелек үстел» өтті. Оны қалалық Ардагерлер кеңесі, Қорғаныс істері жөніндегі департамент және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. Мәні мен маңызы жоғары шараны қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қыдырбай Бейсенов ашып, жүргізіп отырды.

Шара барысында Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Бақтияр Пернебеков Курск иініндегі шайқас тарихына шолу жасады. Қазақстандағы Ресей елшілігінің өкілі Николай Мальцев Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәріне ортақ тарихты қастерлеу мәселесін қозғады. Төрт жылғы қырғын ішінде жүрген майдангерлер өздерінің естеліктерімен бөлісті. Олардың арасында Курск иініндегі ұрыстарға қатысқан Ахат Бекмәдияұлы, Қаматай Тоқабаев, Михаил Куликов, Екатерина Плужникова жас ұрпаққа өнеге болатын әңгімелерді айтты.

С. Нұрмағамбетов атындағы «Жасұлан» республикалық мектебінің өнерлі ұландары Отанды қорғау, туған жер тақырыбындағы әндерді шырқады. Сондай-ақ, №25 орта мектептің кадет класы оқушылары да соғыс тақырыбындағы өлеңдер оқыды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =