Күрмеулі мәселелер шешімін табады

0 19

Елордада қаланы көркейту және шаһар халқының тұрмысын жайлы ету бағытында қыруар жұмыс қолға алынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Ашық алаң» бағдарламасына берген сұхбатында айтылды. Баспана құрылысы, үлескерлік құрылыс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру, мектептерді салу, т.б. осы сияқты маңызды жұмыстар рет-ретімен жалғасып жатыр. Қала басшысы барлық сауалдарға мүдірмей жауап беріп, күрмеулі мәселелердің шешімі жайлы да айтты.

2021-10-15_23-12-36

Құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ

Қала әкімінің айтуынша, елордада тұрғындар санының соңғы он жылда екі есе өсуіне қарамастан, құрылыс қарқыны артпаса, бәсеңдеген жоқ. Керісінше, еселеніп жатыр. Мәселен, он жыл бұрын 600 мың тұрғын болса, қазір 1 миллион 200 мыңнан асты. Егер өсім осы қарқынмен кете берсе, 2030 жылы 2 миллион тұрғын болады деп болжанып отыр.

– Урбанизация – әлемдік үрдіс. Біз де одан тыс емеспіз. Қазірден бастап соған қаланы дайындауымыз керек. Әр үлкен қалада баспана құрылысы – өзекті мәселе. Елорданың өзінде 48 мың адам баспана кезегінде тұр. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында қолжетімді баспананы үш есеге арттыруға тапсырма берді. 2019 жылы 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 млн шаршы метрге дейін өсті. Ал биыл жыл соңына дейін 3 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Соның 80 пайыздан астамы жеке инвестиция есебінен салынады. Қолжетімді баспана құрылысы да еселеп артып келеді, – деді А.Көлгінов.

Әкімнің сөзінше, әлеуметтік осал топтарға жататын, кезекте тұрған адамдарға 2018 жылы 1100 пәтер берілсе, 2019 жылы 2900 пәтер берілді. Былтыр пәтер саны 7 мыңға жетті. Ал биыл әлеуметтік осал топтарға 10 мың пәтер кілті тапсырылатын болады. Алдағы бес жылда да жыл сайын кемінде 10 мың пәтер салынатын болады. Сөйтіп тұрғын үй кезегін азайту мақсаты тұр. Бұған қоса, әкімдік «Отбасы банк» АҚ-пен бірге «7-20-25», «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Мәселен, биыл «Пригородный» тұрғын алабындағы 100 отбасыға қолжетімді баспана салынды. Бұл тұрғын үйлердің көбісі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған адамдарға берілді.

Алтай Көлгінов баспана құрылысына ғана емес, оның сапасына да тоқталды.

– Жаңа тұрғын үйлердің сапасын жүйелі түрде тексеріп тұрамыз. Егер сапасыз болса, құрылыс салушы өз қаржысына қалпына келтіреді, – деген қала басшысы үлескерлік құрылыс мәселелері қалай шешіліп жатқанын да жеткізді.

2021-10-15_23-19-14

Үлескерлер пәтерлеріне кіріп жатыр   

– Осыдан екі жыл бұрын елордада құрылысы ұзаққа созылған 150 көпқабатты тұрғын үй бар еді. Сол кезде 15 мыңдай отбасы баспанасына қол жеткізе алмады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтен қаражат бөлінді. 2019 жылы 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2500-ге жуық отбасы пәтерлеріне кірді. Былтыр 20 көпқабатты тұрғын үйдің мәселесі шешіліп, 2700-дей отбасы өз пәтерлеріне қол жеткізді. Биыл жыл соңына дейін 57 тұрғын үйдің құрылысын аяқтаймыз. Оның жартысы бойынша тиісті жұмыстар бітті. Сөйтіп 7 мың отбасы көптен күткен пәтерлерін алады, – деді елорда әкімі.

Қала басшысы үлескерлер мәселесі алақол құрылыс салушылардың әрекеттерінен туындағанын атап өтіп, қазір осындай жағдайларды болдыр­мау мақсаты тұрғанын айтты. Сол себептен елорда әкімдігінде сенімсіз құрылыс компанияларының «қара тізімі» жасалды. Бұл тізім жаңартылып отырып, ақпараттық ресурстарда жария­ланып тұрады.

– Қала үлкен болғандықтан қазір бізде 200-ге жуық құрылыс компаниясы бар. 3 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Бұл салада заң күшейтілді. Біріншіден, құрылыс компаниялары банктен кепілдеме алуы керек. Екіншіден, бұл компанияның қауқары немесе банк есепшотында қаражаты болуы қажет. Үшіншіден, үйді саудаға шығару үшін құрылыс басталып, оның қаңқасы көрініп тұруы керек, – деді А.Көлгінов.

Баға өспеу үшін тиісті шаралар қолға алынды

Нұр-Сұлтанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы көтерілмес үшін жергілікті әкімдік бірқатар шараны қолға алды. Қала басшысы бұл жұмыстан да хабар берді.

– Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің тізімін бекіттік. Олардың бағасы көтерілмес үшін қазір астанадағы ірі сауда ұйымдарына айналым механизмі арқылы қаражат беріп жатырмыз. Мысалы, нан қымбаттамауы үшін 8 мың тонна ұн сатып алдық. Сол сияқты, ет, картоп, май секілді басқа да азық-түлік түрлерінің бағасын қадағалап отырмыз, – деді А.Көлгінов.

Оның айтуынша, карантиннің кесірінен кейбір шекаралар жабылып қалуы мүмкін. Бүкіл азық-түлік өнімдері Қазақстанда шығарылмайтындықтан, елорда әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жергілікті шаруа қожалықтарымен форвардтық келісімшарттарға отырған.

Биыл 15 мектеп салынады

Биыл елордада 15 мектептің құрылысы аяқталады. Қала басшысы сұхбатында бұл туралы да айтты.

– 10 жыл бұрын елордада оқушылардың саны 74 мың оқушы болса, қазір 210 мың оқушы. Сол себептен әлеуметтік нысандардың санын көбейту керек. Президент өз Жолдауында бұл туралы айтты. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 6 мектеп салынса, 2020 жылы 11 мектеп пайдалануға берілді. Ал биыл 15 мектептің құрылысы аяқталады. Бұл екі ауысымда 40 мыңға жуық балаға орын ашады. Келесі жылы бұдан да көп мектеп салуымыз керек. Себебі биылғы мамыр айында 7 мың түлек бітірсе, қыркүйекте жаңадан 25 мың бала мектепке келді, – деді А.Көлгінов.

Биыл Мәңгілік ел даңғылы бойындағы «Вена» орамы аумағында 2 мың орындық мектеп құрылысы басталды. Нысан құрылысы келесі жылы аяқталады. Оның жанында жекеменшік мектеп те салынып жатыр. Бұл да алдағы жылы тапсырылады. Мұны айтқан қала басшысы балабақша құрылысы да маңызды болып отырғанын, қазір бұған инвес­торлардың қызығушылығы көп екенін жеткізді.

– Мектеп пен балабақша құрылысында бюджетке қол жайып отырмауымыз керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвесторлар мен бюджет есебінен мектептерді салып жатырмыз. Бұрын ең үлкен мектеп 1 мың 200 орындық болса, биыл 2 мың орындық мектептерді сала бастадық. Қалада құрылыс қарқынына сай әр ауданда мектеп болуы керек. Соған сәйкес инженерлік желілерді тартып, жол салып, абаттандыру қажет, – деді А.Көлгінов.

Жолдар жөнделіп, көпірлер көбейеді

Соңғы жылдары елорданың шеткі аймақтарындағы жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әкім бұл жұмыстан да хабар берді.

– Былтыр қалада 174 көшені жөндеуден өткіздік. Соның 70-тен астамы шеткі аймақтарда орналасқан. Әдетте бұрыннан елордада тек сол жағалауды жөндей береді деген түсінік қалыптасқан. Президенттің тапсырмасына сәйкес шеткі аймақтарды дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдадық. Соның ішінде ең өзекті – жол мәселесі. Мәселен, Бөгенбай батыр даңғылын былтыр жасадық. Қарасай батыр көшесі ескі теміржол вокзалының жанында орналасқан. Сол көшені жөндедік. Әуезов көшесі секілді көптеген көшеге жөндеу жұмысын жасадық. Бірақ қала үлкен болғаннан кейін көліктер көбейіп жатыр. Көшелерге де салмақ түсуде. Сондықтан жыл сайын жол салу мәселесіне көңіл аударуымыз керек. Былтыр 174 көше жөнделді. Биыл жыл соңына дейін 115 көше жөндеуден өтеді, – деді әкім.

Қала басшысы жолдар құрылысына қоса қалада көпірлер салынып жатқанын айтты. Бұл жұмыс көлік кептелісін азайтуға және діттеген жерге жылдам жетуге бағытталған.

– Бүгінде елорданың әр тұсында көпірлер құрылысы жүріп жатыр. Мысалы, Бөгенбай батыр даңғылының бойымен жүріп келе жатқанда халық «горбатый мост» атап кеткен көпірдің құрылысын келесі жылы аяқтаймыз. Осы аптада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпірдің құрылысы басталды. Өйткені оң жағалау мен сол жағалау арасында көлік кептелісі бар. Он жыл бұрын қалада 200 мыңға жуық көлік ресми түрде тіркелген болатын. Биыл 380 мың көлік ресми тіркелді. Бейресми түрде басқа өңірлерден келетін транзиттік көліктер де бар. Сондықтан көпірлерді көбейтуіміз керек. Ұлы дала көшесінің бойында, жаңа теміржол вокзалына бара жатқан жолда да жаңа көпір салынуда. Оның да құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр, – деді А.Көлгінов.

Газ тартуға көмек беріледі

«Көктал», «Агрогородок», «Өндіріс» тұрғын алаптарында тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жұмыс жүргізіліп жатқанын айт­қан қала басшысы бұл жұмысқа да тоқталды.

– Жазда «Көктал» тұрғын алабы тұрғындарымен кездестім. Ол жерде қазір газдандыру жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Онда жолдар да салынуда, – деген қала әкімі газдандыру жұмысының барысынан да хабар берді.

– Өткен жылы 370 шақырым газ құбырын тарттық. Биылғы жоспар – 317 шақырым. Осы уақытта тұтастай алғанда 645 шақырым құбыр тартылды. Жеке секторда жыл сайын 500 мың тонна көмір жағылады. Ал 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО жыл сайын 3 миллион тонна жағады. Сол себептен ауа қатты ластанады. Бұған газдандыру оң әсерін тигізеді. «Көктал», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Оңтүстік шығыс» тұрғын алаптарына газ жетті. «Оңтүстік шығысқа» кеше ғана газ берілді. Сол ауданда жуық арада 500-ден астам үй газға қосылады. Осы жылыту маусымында «Көкталда» мыңға жуық үйге газ беріледі. Газдандыру 2023 жылы аяқталуы тиіс. 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да 13 қазандықтың бәрін газға көшірдік. Электрқуатын өндіретін қазандықтар газға көшірілмей, көмірмен жұмыс істейді, – деді А.Көлгінов.

Аз қамтылған отбасыларға газ тарту үшін 260 мың теңгеге жуық көмек берілетінін айтқан қала әкімі оның тиісті талаптары барын жеткізді. Соның ішінде есептегіш құралдар тегін орнатылып, құбыр үйдің қақпасына дейін ақысыз тартылады. Ал үйдің ішіне газ тарту үшін иесі өз қаражатын жұмсайды.

Талдыкөл маңайы абаттандырылады

Алтай Көлгінов кейінгі кезде пікірталас тудырған Талдыкөл мәселесіне де тоқталды.

– Біріншіден, көлдерді шатастырмауымыз керек. Талдыкөл деп отырғанымыз – үлкен көл, қалған кішігірім сулар – көл емес. Олар неден пайда болған? Олар – кезінде нөсер жаңбырдан кәріз желілерімен барып аққан сулар. Үлкен Талдыкөлдің суы соңғы жылдары қатты азайған. Мысалы, осыдан бес-алты жыл бұрын онда 50 миллион текше метр су болса, қазір небәрі 8 млн текше метр су қалды. Неге? Өйткені ол жерге кәріз желілерімен келген суды фильтрлеп, тазалап, әрі қарай өзенге жіберіп отырды. Біз осы көлді алып қалуымыз керек. Ешқандай құрылыс салмаймыз. Тек айналасын абаттандырып, жанына жаяу жүргіншілер жолын салып, құтқарып қала аламыз, – деді елорда әкімі.

Әкімнің сөзінше, соңғы уақыттары жұртшылық жиі айтып жүрген, кейбір сирек кездесетін құстар мекендеп жатқан көлшік суы да тартылып барады.

– Кіші көлдерді айтатын болсақ, осыдан бес-алты жылдай уақыт бұрын оның тереңдігі 1 метрдей болса, қазір 20-30 сантиметр ғана. Біз сол суды сақтап қалғымыз келеді. Қазір оның айналасындағы өсімдік атаулы қурап қалған, иіс те шығады. Біз осы кемшіліктерді түзеп, шет-шетін дұрыстап, көлшікті тереңдетеміз. Сөйтіп оны сақтап қаламыз. Оған азаматтарымызға уайымдаудың қажеті жоқ, – деді қала басшысы.

ЛРТ құрылысы жалғасады

А.Көлгінов ЛРТ құрылысы жалғасатынын жеткізді. Себебі бұл – қалаға керек жоба.

– Он жылдан кейін елордада 2 миллион тұрғын болады деп болжанып отыр. Сондықтан қалада қоғамдық көлікті дамыту керек. ЛРТ сонда керек болады. Оған қыруар қаражат кетті. Инженерлік желілерінің барлығы басқа жаққа көшіріліп, құрылысы басталды. Басталған жұмысты аяқтау керек. Банкпен жұмыс жүргізіледі. Қоғамдық көлік болғаннан кейін бұған бизнес жоба деп емес, әлеуметтік жоба деп қарауымыз керек. Себебі азаматтардың жүріп-тұруына пайдасы болған жөн, – деді елорда әкімі.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 6 =