©2020 Астана Ақшамы
КҮРМЕУІ КӨП МӘСЕЛЕ
Қалалық мәслихаттың Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының депутаттары Астана қаласы Қорғаныс істері бойынша Департаментінің жұмыс барысымен танысты.
Шара барысында жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі, олардың денсаулығы, әскер қатарына шақырғанға дейінгі дайындық барысы, әскери комиссия жұмысын ұйымдастырудағы түйінді мәселелер сөз болды. Комиссия мүшелері департаменттің шақыру пунктінде болып тіркеуге алғаш рет алынып жатқан жас жеткіншектермен сөйлесті. Сонымен қатар, әскер қатарына шақыру жұмыстарына дайындық барысымен танысты.
Департамент бастығы полковник Мұхамеджан Таласовтың айтуынша, жылына 20 мыңнан астам жастар медициналық комиссиядан өтеді екен. Осы іске арнайы бөлінген медициналық комиссиялардың әскери-дәрігерлік жайлары заман талабына сай келмейді. Екі ауысыммен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасалмаған. Оның басты себебі ғимараттың тарлығы, арнаулы бөлмелердің тапшылығы екен.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» қолданыстағы заңға сәйкес, әскерге шақырылушы жастар үшін жауапкершілік тек қана әскери қызметшілердің мойнында ғана емес, сонымен қатар оған жергілікті денсаулық сақтау мекемелері мен жергілікті атқарушы органдар да жауапты екені белгілі.
Бұл ретте алғашқы әскери дайындық сабақтарын жүргізетін мектептер мен колледж, лицейлерде оқытушылар жетіспейді. Бұл міндетті атқарушылардың кейбірінің білігі талапқа сай емес. Жалақының төмендігінен кәсіби мамандар бұл міндетті атқаруға құлықты емес. Қаржының тапшылығынан оқу өтетін орындар техникалық жағынан жабдықталмаған. Мұндай жағдайда әскери патриоттық клубтар мен әскери-қолданбалы спорт үйірмелерін ашу туралы айту да қиын.
Айтылған мәселелерді шешіп, жастар арасындағы жұмысты белсенді жүргізу үшін мәслихат депутаттары тарапынан қолдау қажеттігін айтты. «Еліміздің патриотын, толыққанды азаматын тәрбиелеуде бірегей көзқарас қалыптастырып, осы іске барлық күшімізді жұмылдыру керек» деді департамент бастығы.
Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Николай Мещеряков өз ойымен бөлісті. «Әскер қатарына шақырылатын жастармен жұмысты ұйымдастырудағы кедергілерге қанықтық. Бұл мәселелерді комиссия отырысында талдап, тиісті шара қолданамыз. Әрине, ең бастысы, ғимарат мәселесі екен. Оның да шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Жеткіншектермен сөйлескенімізде, олардың Отан алдындағы парызын атқаруға құлшынысты екені қуантты» деді ол.
Жастардың жоғары патриоттық санасын қалыптастырып, олардың мемлекетіміздің ұлттық мүдделерін қорғаудағы азаматтық міндеттерін орындауға дайындауда департамент жұмысын лайықты бағалауға болады. Осы бағыттағы істі жандандыру үшін материалдық техникалық база нығайып, орын алған мәселелер шешіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
А.Уайсова