КҮРЕССІЗ ТОЙДЫҢ СӘНІ КЕМ

0 149

наурыз7

Ұлыстың ұлы күнін Астана іргесіндегі Пригородный тұрғын алабының халқы көтеріңкі көңіл-күймен тойлады. Астана халықаралық әуежайы мен осы маңдағы мекемелер мен ұйымдар, кәсіпорындар ұжымдары атсалысқан думан күн арқан бойы көтерілгеннен басталды. «Хозяюшка» дүкенінің алдындағы алаңқайда ұйымдастырылған мерекеге тұрғындар көптеп жиналды.

Тойды Болат қажы Байпақбаев ақ батасымен ашты. «Жылқы жылы елімізге бақ-береке, молшылық әкелсін. Әр күніміз ізгілікке, жеріміз ырысқа толы болсын. Қыдыр ата бәрімізді қолдасын» деп ақжарма тілегін жет­кізген қария тұрғын алапта үлкен мешіттің іргесі қалана бастағанын сүйіншіледі.

Думанды той барысында Есіл ауданы әкімінің инспекторы Руслан Қонақбаев пен Астана халықаралық әуежайы басқарма төрағасының орынбасары Рәділбек Әдимолда сөз сөйледі. Мерекелік кеш №24 орта мектептің концертімен жалғасты. Өнерлі жеткіншектер халық әндерін айтып, «Қара жорға» биледі.

Алаңқайдың төріне тігілген үш ақ шаңқан киіз үй мерекенің ажарын ашып тұр. Көпшілік ақ жаулықты әжелердің қолынан дәм ауыз тиіп, наурыз көже ішті. Қаз-қатар тізіліп, тоғызқұмалақ тақтасында бәс сынаған бүлдіршіндер мерекенің ажарын аша түскендей. Ұлттық зияткерлік ойынымызға төменгі сынып оқу­шылары да қызыға, құлшына кіріскені көңіл көншітеді.

Палуан бабаның ұрпағы емеспіз бе?
Күрессіз тойдың сәні кем. Әртүрлі жастағы жігіттердің бозкілемдегі айқастары көпшіліктің делебесін қоздырып, «әп, бәрекелді!» дегізді. Әне, Мейрамбек есімді құрыш білекті палуанның жауырыны жер иіскер емес. Қарсыласын тағы жер қаптырды.

Ызғары қайтпаған күннің суық­тығына қарамай асық атқан балалар басқа қызықты елер емес. Қара до­малақтардың қатарындағы Ерқанат Мылтықбайды әңгімеге тартқан едік. «Асыққа құмартатын сыныптас­та­рым көп. Анда-санда жиналып ой­наймыз. Мен ауылға барғанда әжем­нің жинап қойған асықтарын алып келгенмін. Бірақ көп балада асық бола бермейді» дейді ол.

Мерекеге жиналған көпшіліктің қазақша киінгені жарасымын тапқан. Осы маңдағы дүкендердің сатушылары да ұлттық киім киіп, сауданың көрігін қыздыруда.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 16 =