«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Күреспен өткен ғұмыр

0 15

Әдебиет арқылы қилы кезеңдерді көрсетіп, азаттық күресіне шақырудың да уақыты өткеніне көзі жетті. Кезінде Алаш қозғалысы идеялары мен өзінің шығармалары егіз қозыдай ұқсап, замана талабына сай келіп, көпшілік қолдап еді. Қазір бәрі басқаша… Кеңес өкіметі дегеніне жетіп, халық санасынан ұлттық ерекшеліктерді жоюға айналды. Ендігі жерде тағы да күрестің түпкілікті мақсатын қалдырып, түрін, жолын өзгерту қажет болды. Мұхтар Әуезов түрмеден босағаннан кейін еліне де соқпай, Ленинградқа кетуіне тура келді. Бұл өлім тырнағынан құтылудың бірден-бір жолы еді.

photo

Мәскеу билігі елді жаппай ашаршылықпен қырғынға ұшыратқанмен қоймай, саяси террор жасап, ұлттың бар зия­лысын құртуға кірісті. Биліктің қанды қармағына Алаш зиялылары ғана емес, кеңес өкіметінің қызметіндегі беткеұстар бар қазақ оқығандары ілікті. Оған 1937 жылдың шілде айында Сталин мақұлдап, Ежов пен Вышинский қол қойған НКВД мен прокуратура мекемелерінің «тап жауларымен күресудің жаңа тәртібі» жөнінде нұсқаудың қабылдануы негіз болды. Осы нұсқау негізінде халық комиссары Ежов 1937 жылдың 5 авгусінде №00447 бұйрық шығарды. Бұл бұйрық бойынша барлық қылмыс­ты істер НКВД-ның қолына шоғырланып, оларға шексіз мүмкіншілік жасалды. «Халық жауларын» тұтқындау үшін ешбір рұқсат қажет еместігі баса айтылды. Ал тұтқынға алынғандар екі категорияға бөлінді. Бірінші категориядағы тізімге іліккендер атылуға, екінші категориядағылар он жылға бас бостандығынан айырылатын болды. Кінәсіз деп ақтау жөнінде мүлде сөз жоқ. Ең басты сорақылық қанша «халық жауларын» бірінші, екінші категориялармен соттаудың керектігі Компартияның Орталық Комитеті бекіткен санға (лимитке) байланысты болды. Әр аудан, облыс, республикада қанша адам атылуы, айдалуы керектігі нақты көрсетілді. Коммунистер иісшіл иттердей «халық жауларын» тыным таппай іздеуге кірісті. Адам өлтіру жоспарлы науқанға айналды. Жабық «үштік соттар» күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеді. Тұтқынға алынған кез келген адам бірден қылмыскер, «халық жауы» болып есептелді. Қазақстан Компартиясы бірінші хатшысы Мирзоянның қазақ «халық жауларын» ату үшін қосымша «лимит» сұрап Мәскеуге хат жазуы – осының дәлелі. Халық комиссары, министр болған қазақ азаматының бірде-біреуі саяси репрессиядан аман қалмады.

М.Әуезов ұлтының тағдырына қатысты үлкенді-кішілі мәселелердің бәріне де белсенді араласты. Оны Семей ядролық жарылыс сынағы мәселелері де қатты қинады. Ядролық жарылыстардың қазақ халқына зардабы жөнінде елде толығымен айта алмаған сөздерін 1957 жылы Жапония­да еркін айтты. Ядролық қаруға деген қарғысын дүние жүзіне естіртті. Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларында өткен ғылыми конференция­ларда негізгі баяндамашылардың бірі болды. Қырық бес күнге созылған бұл жолсапар нәтижелі болды

Осындай қауіп-қатері көп кезеңнің өзінде Мұхтар Әуезов «Абай» эпопеясын жазуын тоқтатпады. Ол уақытта болыс, би болған адам жөнінде емес, сөйлеген сөзің пролетарлық тұрғыда болмаса жауапқа тартылып, түрмеден бір-ақ шығасың. «Халық жауы» болып қалғаныңды өзің де білмей қаласың. Мұхтар Әуезов өлім мен өмірдің арасындағы қыл көпірдің үстінде жүрсе де, алған бағытынан қайтпады. Азаттық үшін күрестің ұлт санасын серпілтер жаңа түріне жол ашты. Мұхтар Әуезов түрмеде отырғанда амалсыздан ашық ұлтшылдық бағытындағы шығармаларынан бас тартса да, Алаш идеясына қызмет істеуін тоқтату ойында да болған жоқ. Өлімнен аман қалған соң азаттық үшін күрестің ауқымын кеңейтіп, қазағын әлемге танытуға кірісті. Қазақтай көне тарихты, ерекше мәдениетті ұлттың бар екенін көрсетіп, оның тарихтан жоғалып кетпеуіне бар күшін салды. Көшпенділер мәдениетінің адамзат тарихындағы алатын орнын көрсетті. Абайдың бейнесімен қазақ ұлтының ешкімнен кем еместігін, ұлттық психологиясындағы адами қасиеттердің молшылдығын жазу арқылы халқына әлемнің бетін бұруды өзіне мақсат тұтты. Алаш зиялыларының ішінде Абайға ең жақын Мұхтар Әуезов болды. Бір елдің тумалары, ата-бабаларының қоныстас болуы, тектілігі мен туыстығы Мұхтар Әуезовті абайтанушы етті. Абай ілімдерінің халыққа түсіндіріп, таралуына дәнекер болмасқа амалы жоқ еді. Бар өмірін қазақ халқының азаттығына арнаған жазушы Абай ілімін күрес қаруына айналдыр­ды. Ұлттық идея бұлағының кәусар көзінің бітелмеуі үшін аянбай еңбек етті. Абайды қатыгез заман қаһарынан қорғай отырып, ілім отының шоқтанып жануына қолынан келгеннің бәрін істеді. Оның ұлылығы заманауи өзгеріс­тердің ертеңін күні бұрын көре біліп, соған қарсы әрекет жасауға дайындығында еді. Енді оның алдында ұлттық рухтың біржолата күйреуіне жол бермеу парызы тұрды. Қазақтың тарихын, өмір жолын Абай арқылы көрсету үшін жанаяспас майданға кірді. Абай шығармашылығының көшпенділер мәдениетінің айқын көрінісі екенін дәлелдегісі келді…

Мұхтар Әуезовті кейбір қаламдастарының көре алмаушылықтары қазақ әдебиетінің дамуына көп кедергі болды. Олар тіпті «Абай жолы» романының соңғы төртінші томын шығармауға тырысып, жан-жақты әрекеттер жасады. Әрине, бұған биліктің де астыр­тын нұсқаулары әсер етті. Зиялылар арасына от жағу коммунистік идеология­ның ең сенімді, үйреншікті әдісі екені белгілі. Осының салдарынан болу керек, өкімет үйінің мәжіліс залында үш күн бойы «Абай жолының» төртінші томы ашық талқыланғанда бір қаламгер де Мұхтар Әуезовке қолдау білдіруге жарамады… Сөз сөйлеп, пікірлерін айтқан жазушылар романды сынаумен болды. Сын айту барысында өткен феодалдық, керітартпа күндерді көксеген, коммунис­тік тәлім-тәрбиеге қарсы, мұндай кітап халық арасына таралмауы керек деген үрдіс етек алды.

М.Әуезов ұлтының тағдырына қатысты үлкенді-кішілі мәселелердің бәріне де белсенді араласты. Оны Семей ядролық жарылыс сынағы мәселелері де қатты қинады. Ядролық жарылыстардың қазақ халқына зардабы жөнінде елде толығымен айта алмаған сөздерін 1957 жылы Жапонияда еркін айтты. Ядролық қаруға деген қарғысын дүние жүзіне естіртті. Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларында өткен ғылыми конференцияларда негізгі баяндамашылардың бірі болды. Қырық бес күнге созылған бұл жолсапар нәтижелі болды. Мұхтар Әуезовтің көп жылдық еңбегі жанып, 1949 жылы Кеңес Одағы Мемлекеттік (Сталиндік) сыйлығын, 1959 жылы Лениндік сыйлықты иеленді. Бұл атақ оған беделмен бірге жан-жақты мүмкіншіліктерге қол жеткізуіне жол ашты. Ол енді Жазушылар одағының хатшысы ретінде Орталық Азия, Қап тауы халықтарының рухани дамуына шешіліп атсалысты. Түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын қорғады. «Манас» эпосының жойылып кетуіне жол бермеді. Татар ақыны Мұса Жәлелдің «Моабит дәптерінің» жарық көруіне өз үлесін қосты. Жас әдебиетші таланттарға қамқоршы бола білді. Шыңғыс Айтматовтың әлемдік деңгейге көтерілуіне жағдай жасап, көмектесті… Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевқа хат жазып, облыс орталықтарында қазақ театрларын ашқызды. Елдегі халық тұрмысына, оның ішінде өзінің жерлестеріне көңіл бөліп, шама-шарқынша жағдай жасады. Мағауия қызы Уәсилә мен Архам Кәктай ұлына Абайдың тікелей ұрпағы ретінде мемлекеттік стипендия тағайындатқызды. Әрине, күн көрістің шылауына еріп, нақты бағыт-бағдарын анықтай алмай, есі кеткен еліне қалай қол ұшын берерін білмей қиналған күндері де аз болмады… Мұхтар Әуезов шаршамай, шалдықпай үш жерде, үш түрлі ақыл-ой ошағында қызмет етті. Қазақ университетінде ұстаз болып, дәріс оқыды. Ғылым академиясында ғылыми жұмыспен, ал Жазушылар одағында шығармашылық қызметпен айналысты. Академик-жазушы Әуезов халық депутаты ретінде елдегі өзекті-өзекті мәселелердің бәріне де белсене араласты. Алаш туы астында ұлт идеясын қалыптастырған Мұхтар Әуезовтің шығармаларының бірде-бірі тарих сахнасынан түсіп қалып, көмескіленген емес. Мұхтар Әуезовтің бар саналы өмірі – ұлт бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте өтті. Қиындықтан қорқып, пендешілікке салынып арманына опасыздық жасамады. Оның дәлелі – жазған шығармалары. «Абай жолы» эпопеясы – көшпенділер қоғамы жөніндегі шығарма ғана емес, адамзат тарихының үлкен бір белесі жөніндегі көркем туынды, қазақ өмірінің энциклопедиясы. Ол Абай арқылы ой бұғауы мен таным құрсауында жүрген қазақ халқына өзінің рухани негізін, шынайы тарихын білгізді. Өлеңінен ой, дүниетанымынан өмірлеріне рухани азық іздеуге тәрбие­леді. Абайдың аузымен өз ойындағы сөздерді айтты. Ой-өрісін Абайдың көзқарасы, адами қасиеттерімен өрнек­теді. Бес асыл ісін: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» өзіне өмірлік кредо қылып ұстады. Мұхтар ­Әуезов жазушылық мұрасымен өзінен кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, ұмытылмас өсиет қалдырды. Қазақ әдебиеті мен мәдение­тін әлемдік деңгейге көтерді. Оның ұлылығы – өмірге жастайынан Абайша қарағандығында, Абаймен тұтасып, халқының болашағына саралы жол салуында! Мұхтар Әуезов­тің әдеби мұралары ұлттық әдебиеттің ғана емес, бүкіл адамзаттың рух шыңдайтын асыл дүниелеріне айналды. Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысының рухани аманатын көркем әдебиет арқылы келер ұрпаққа жеткізуші алтын көпір болып, тәуелсіздік рухын бар қазақтың қанына сіңірді.

Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды