«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Күреспен өткен ғұмыр

0 31

Ахмет Байтұрсын­ұлы бастаған зиялы топ қызметінен қуылды. Қазақ автономия­сы «жолдастардың» меншікті құралына айналды. Мұхтар Әуезов ендігі жерде бәрін қойып, кеңес өкіметіне қарсы ашық әрекет жасауды ойлады. Ол большевиктер қатарынан шығып, Кириктің саяси хатшылығы қызметін тастап, Ташкент қаласына қоныс аударды. Мұндай шешімнің себебі Түркістан аймағы кеңес өкіметін мойындап, құрамына енгенмен, әлі де өзіндік ерекшелігін сақтап отырған. Шаруашылықта да, саясатта да тәуелсіз бағыт ұстанды. Түркістан Республикасының басшылығындағы білімді азаматтар ел басына қиыншылық туған кезде өз міндетін абыроймен орындай алды. Олар ашаршылыққа жол бермеді. Кеңес өкіметін мойындағанмен, отаршыл коммунистерді билік басына сайламады. Мәскеудің астық жіберу жөніндегі нұсқауын өз жағдайымен санасып барып орындады. Коммунистік идеологияның беделі төмен болды. Ал республика басшылығында Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, кейін Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов болғандықтан, Алаш зиялылары Ташкентке шоғыр­ланды. Олар коммунистер ықпалының аздығын пайдаланып, ұлт мүддесіне қызмет жасағысы келді.

6524e1c437cc3d4532bb667ce03c3e22

Білімділер қоғамдық бірлестік, әдеби ұйым құрып, зайырлы болмыс тәрбиесіне кірісті. Бірақ өлкенің экономикалық мешелдігі, діни ағымдар ықпалының күштілігі, сан жағынан басым кедейлердің социалистік популизмге алдануы тәуелсіздік идеясының іске асуына кедергі жасай берді. Алаш зиялылары тұтастай ұлттық мүддені алға тартса, кеңес өкіметі таптық тұрғыдан келіп, оларды қанау­шы, бай-манаптардың сойылын соғып, мүддесін қолдаушы деп айыптады. Бұл кеңестік идеологияның алдауына арбалған қазақ оқығандары да болды. Олар аз болса да, коммунистік отаршылдардың қамқорлығы мен көмегінің арқасында көпшілікке әсер ете алды. Ел жіктелді. Таптық саясат қазақ ұлтының арасына алауыздық індетін таратты. Кеңес империясы ұлтшылдыққа пролетарлық интернационализмді қарсы қойды, ұлт жоюшыларға мемлекет тарапынан жағдай жасады, қолдады. Мұстафа Шоқай «Ұлтшылдық идеясы – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да өмір сүреді» деп бекер айтпады.

Кеңес Одағындағы интернационализм барлық халықты орысқа жақындатып, ассимиляцияны бастады. Ташкент қаласына шоғырланған Алаш зия­лылары күресті кеңес өкіметінің «ұлт жою» саясатына қарсы ұйымдастыруына тура келді. Олар Түркістанның рухани дамуына үлкен әсерін тигізген мәдениет көркейтушілерінің «Талап» атты қауымдастығын құрды. Қауымның төрағасы – Халел Досмұхамедұлы, басқарма мүшелері – М.Жұмабайұлы, М.Әуезов, М.Тынышбайұлы және де басқа Алаш зиялылары. Қауымдастық мектеп саласын реттеуді, тарихты тексеру, ашық дәрістер ұйымдастыру мәселесімен айналысты. Түпкілікті мақсат – ұлттық рухты жандандыру.

Кеңес өкіметінің қысымы күшейгеннен кейін Алаш партиясы жартылай ашық бағыт ұстап, саяси айла-тәсілін өзгертті. Енді ағартушылыққа бұрынғыдан да көп мән беріп, бұқара халықтың ұлттық сана-сезіміне әсер етіп, қалыптастыруға күш салды. Алаш партиясы көркем әдебиет арқылы ұлттық сананы күшейтуді Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов және Жүсіпбек Аймауытовқа тапсырды. Әдебиет азаттық үшін күрестің басты құралына айналды. Мағжан Жұмабаев ақындығымен түркілік рухты тірілтуге, Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов жаңа дәуір прозасын жасауға кірісті. Ұлттық рух әдебиеттің алтын діңгегіне айналды. Алаш ұранды әдебиет туындады. Шынайы болмыс, көркемдік мәні терең шығармалар дүниеге келе бастады. Мұхтар Әуезов алғашқы әңгіме, повесть, пьесаларының өзінде дәуір шындығын бейнелей отыра, азатшылық идеясы мен бостандық рухын шыңдады.

«Еңлік-Кебектен» кейін ескішіл, «Қара­гөзден» ке­йін ұлтшыл, «Қилы заманнан» кейін алашордашыл аталып, сыннан сынға ұшырады. Ақыры «халық жауы» деп айып тағып, түрмеге жапты. Жазушы кеңес өкіметінің қауіпті жауларының тізіміне ілікті. Көп уақыт өтпей қазақ зиялыларына қарсы репрессияның екінші толқыны да басталды. Бұған Мұхтар Әуезов те ілікті

Ұлттық қасиет – кез келген шығарманың шешуші қасиеті, кілті. Халықтың рухани қазынасы – оның тілінде. Тіл мен ұлт өмірі – егіз түсінік. Әуезов бұл ерекшелікті ерте түсінді. Сол кездегі жазушылар арасында ұлттық мәдениетке одан көп көңіл бөлген ешкім жоқ. Ең арты Мұхтар Әуезовтің ой-парасатының, жазушылық шеберлігін мойындаған Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов құрған Қаз АПП басшылары оны байшыл, ұлтшыл деуге қимады…

Әдебиетке Абай көзімен қараған Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Екеу» деген лақап атпен көркем әдебиет туралы бірнеше сын мақала жазды. Ұлтшылдықты отаршылықтың озбыр саясаты туғызғанын айтып, коммунист отаршылардың ықпалында кете беруге болмайтынын көрсетті. Бұл байбалам өнерге, білімге зиян келтіретінін айта келіп, әдебиетке дұрыс бағыт сілтеді. Тап күресін сылтаулатып, еңбекші деген сөзді желеу қылып, шынайы әдебиетке қастандық жасаудың қажетсіздігін айтты. Байшылдық, ұлтшылдық атағының шығармашылық еркіндікті аңсаған жазушыларға таңылғанына қарсы шықты. «Әдебиеттің күшеюіне қаламшыларға ­азды-көпті еркіндік керек. Мүйіздеп қысымшылық көрсете бермеу керек» деп жазды. «Ұлт­шылдықты, отаршылық туғыз­ғанына Сәбиттер таласпайтын болар» деп ашық айтты. Алаш үшін жан қиып, жапа шегіп отыр­ғандарды тайсалмай қорғады.

Отаршылық жолын жалғас­тырған коммунист-колонизаторлар Мәскеу нұсқаулары негізінде қазақ ұлтының арасына жік-іріткі салып қана қойған жоқ, көш бастар зиялы қауымды жоспарлы түрде түп тамырымен құртуға кірісті. Сұлтанбек Қожановтың сөзімен айтқанда, «кеңес билік жүйесінде коммунистік номенклатура күніне бір мәрте Алашорда жөнінде ғайбат сөз айтпаса тамағына ас бармайтын күйге жетті». Мұхтар Әуезов Ташкентте көп тұрақтамай, жоғары білім алу үшін гимназиядағы досы Әлкей Марғұлан екеуі Ленинград қаласына бет бұрды. Мәскеуде Нәзір Төреқұлов бастаған Орталық Азия зиялылары жиналды. Алашшылар енді азаттық үшін күресті Қазақстаннан тыс жерде жалғастырды. Саяси ахуал, мүмкіншіліктердің өзгеруіне байланысты қазақ зиялылары, ішінде Мұхтар Әуезов бар, елдегі жағдайды халықаралық деңгейге көтеріп, шетелдің назарын аударуға кірісті. Әсіресе, Ресейге келген Еуропа ғалымдарын, зерттеушілерін Қазақстанға әкелуге тырысты. Халықаралық ұйымдармен байланыс жасай бастады. Еуропа Қазақстан туралы Францияға қоныс аударған Мұстафа Шоқай арқылы жан-жақты хабардар еді. Шетелдіктермен байланыс орнатуда Нәзір Төреқұлов басшылық жасаған Шығыс халықтарының баспасы елеулі қызмет атқарды. Алғашқылардың бірі болып Қазақстанға келген Берлин университетінің профессоры Макс Кучинский болды. Мұхтар Әуезов экспедиция мүшелеріне елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды шынайы көрсету үшін Ленинградтан арнайы келді. Дәрігерлік экспедицияның жолсерігі болған Қошке Кемеңгерұлымен бірге экспедиция мүшелеріне жағдай жасады. Семей, Абралы аудандарында бірге жүрді. Макс Кучинскийді Шәкәрім Құдайбердіұлымен таныстырды. Шәкәрім Құдайбердіұлы ақын, этнограф қана емес, саясатқа жетік, Алашорда өкіметінің жауапты қызметкері болғанын ескерсек, әңгіменің жан-жақты болғанына көзіміз жетеді. 1924 жылғы экспедицияның құжаттары негізінде Макс Кучинский 1925 жылы Берлинде «Дала» және «Халық» деген кітап шығарды. Кітаптың құндылығы Батыс Еуропа халықтарын, қоғам белсенділерін Қазақстандағы әлеуметтік-саяси жағдаймен толық танысуға мүмкіншілік жасағандығында жатыр. Қазақты шетелдіктерге таныстыру, жері мен табиғатын, халқының жай-күйін көрсету де күрестің бір түріне айналды.

Қайғы-қасіреттен көз ашпаған халқының мұң-зары Мұхтар Әуезовтің ой-қиялынан бір сәт те шыққан емес. Ес білгелі қайда жүрсе де, қинап келе жатқан «өз елі, өз жерінде тұрған қазақ неге өзіне-өзі қожа емес?!» деген сұрағына жауап іздеумен болды.

Кеңес өкіметі нығайып, Одақ құрды. Қырып-жоюдың арқасында темірдей тәртіп орнатып, социалистік қоғам құруға кірісті. Коммунистік идеологияның көп ұлтшылықты жойып, бір ұлт жасау саясаты ресейлік отаршылардың мүддесіне сай келді. Ұлттардың мемлекет шеңберінде республика, автономиясы болғанмен, басты мақсат оларды бір ұлтқа айналдырып, тарихын, салт-дәстүрін ұмыттыру еді. Ұлттық сезімнің ана құрсағында жатқанда-ақ қалыптасатыны еске де алынбады. Алаш зиялылары осы бір сойқын саясатқа қарсы әрекет жасау үшін әдеби-тарихи «Алқа» ұйымын құрды. Ұйымды Мәскеу қаласында білім алып жүрген Мағжан Жұмабаев ұйым­дастырды. Мақсат – әдебиетке жақын қазақ зиялыларының басын қосып, өтпелі кезеңнің аласапыранында жойылып кетпеудің амалы. «Алқа» ұйымының бағдарламасын талқылауда Ленинградта оқитын Мұхтар Әуезов белсенділік көрсетті. Өз пікірін білдіріп қана қойған жоқ, нақты ұсыныстармен толықтырды. Ұйым аз уақытта кең етек жайып, білімпаздардың басын біріктіріп, 1924 жылдан 1927 жылға дейін жартылай құпия түрде жұмыс істеді. Мақсат – қазақ ұлтының өмір тынысына, ой-қиялына, рухани дамуына жағдай жасау. «Алқа» ұйымы бағдарламасында әдебиеттің әлемдегі алатын орны жөнінде айта келіп, ұлттық ерекшелік жөнінде: «… жаңа дүниеге бет алған жолымызда өзіміздің шоқтығымыз, қазақ иісіміз шықпауға мүмкін емес. Ойымызда, қиялымызда, әдебиетімізде Азия иісі аңқымауы мүмкін емес» деп айқын көрсетті.

Уақыт зымырап өте берді. Коммунистік идеологияның уытына уланып бара жатқан көпшілік жан-жағына қарар емес. Таптық тәрбие қазақтың санасынан ұлттық рухты жоя бастады. Ұлттың жұмылып бара жатқан көзін ашып, тәубесіне келтіру ауадай қажет болды. Осы мақсатта ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов Ленинградтан Мұхтар Әуезовті Қызылордаға шақыртып алды. Мақсат – тез арада 1916 жылғы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісін әдеби тілмен халыққа жеткізіп, шындықты айту.

«Қилы заман» романы – тек көтеріліс жөнінде ғана емес, қазақ халқының басындағы трагедиясының тарихы, ­қайғы-қасіретінің тұңғиық нүктесі. Шыңғыс Айтматов­тың сөзімен айтқанда, «сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан-жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы Шығыс әдебиетінен ғана емес, Батыс әдебиетінен де кездестіре алмайсыз». Бұл ойды ғалым Тұрсын Жұртбай былай деп жалғастырады: «Қилы заманда» суреттелген Алаш идеясы және оның басты бес идеясы – жер; жер байлығын игеру, су, тіл мен иман, рухани бостандық қазір де өмірлік күшін сақтап, шешуін күтіп отыр. Қазақтың жерін жоқтап, елін түгендеп, құтын құттаған, тілін тұшытып, иманын үйірген, салауат пен ғадауатқа шақырған «Қилы заман» сияқты шығарма қазақтың көркем ой әлемінде жоқ. Тарихи шындық ретінде, оның қайталанбауын Алладан тілейміз, бірақ оны өткен өмірдің ақиқатымен салыс­тыра қабылдауға міндеттіміз». Жазушының өзі бұл романды «Алдында белгісіздікке толған тұманды күндері құшағын жайды» деп аяқтайды. Бұл албан елінің ғана емес, бар қазақтың алдында қазіргіден де зұлмат заман тұрғанын, қайғы мен қасіреттің сорақысының алды екенін көрсетуі еді. Қазақты тапқа бөліп, араларына бай-кедей деп жік салып отырған кеңес өкіметі ұлт тағдырының тамырына әлі де балта шабатынын айтты. Бас­ты кейіпкердің аузына өз ойын салып, бірлікке, табандылыққа шақырды. Алаш зиялыларының азаматтық идеясының түп тамырына бұқара жұрттың көзін жеткізгісі келді. Мұхтар Әуезов 30 жасында «Қилы заман» тәрізді соншалықты ауыр да терең, күрделі де қиын тақырыпқа, сұрқия заманға қарамастан, баруында оның ұлтшылдығы жатыр. Оның әдебиетті азаттық үшін күрес қаруына айналдыруы әдеби-көркемдік талантын ашты. Көшпелі мәдениеттің керуенін тоқтатпауға атсалысты.

Адам жалған дүниеге пенде ретінде өсу, өну үшін келіп, сызығы жеткенде пешенесіне жазылғанды көріп, Жаратқанына қайтады. Бірақ туғанындай таза болып өмір сүру, арманына сай артына өшпес із қалдыру жұрттың бәрінің қолынан келе бермейді. Мұхтар Әуезовтің бар саналы өмірі ұлт бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте өтті. Қиындықтан қорқып, пенде­шілікке салынып, арманына опасыздық жасамады.

Ал жасы отызға жетер-жет­песте сөз өнерінің інжу-маржанындай шындыққа толы, классикалық тарихи көркем шығармаларды дүниеге әкелді. Бірақ сол еңбегі үшін қызғаныштың отын шашқан әріптестерінің талқысына түсті. «Еңлік-Кебектен» кейін ескішіл, «Қарагөзден» кейін ұлтшыл, «Қилы заманнан» кейін алашордашыл аталып, сыннан сынға ұшырады. Ақыры «халық жауы» деп айып тағып, түрмеге жапты. Жазушы кеңес өкіметінің қауіпті жауларының тізіміне ілікті. Көп уақыт өтпей қазақ зиялыларына қарсы репрессияның екінші толқыны да басталды. Бұған Мұхтар Әуезов те ілікті. Мұхтар Әуезов 1930 жылдың 17 қыркүйек күні Ташкент қаласында «кеңес өкіметін құлатпақшы мақсатта «Алқа» атты ұлтшыл буржуазиялық астыртын ұйым құрды» деген айыппен тұтқынға алынып, Алматыға жеткізілді. Тергеу барысында «Алқа» әдеби ұйымының платформасын қолдайтынын және жазушыларды жинап, тіркеу керек деп айтқанын мойындады. Әдеби үйірмеде жұмысшы табына қарсы ештеңе айтылмаған деп дәлелдеуге тырысты. «Ең бастысы, «ұлтшылдық» көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды, мен оны жасырмаймын» деп ашық айтты. Түрмеде отырған екі жыл ішінде өмір сынағына жауап іздеді. Жауапқа тартылып, соттың болуын тосып, түрмеде жатқан Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермеков және басқа да Алаш зиялыларының ой-санасымен өз көзқарасын пысықтап, тиянақтады. Олардың ақыл-кеңесіне сусынын қандырып, болашақтың қамы үшін іс-әрекетіне түбегейлі өзгеріс жасауына тура келді. Дәл осы кезде жастайынан бірге оқып өскен жан досы Жүсіпбек Аймауытов Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылу жазасына кесілді. Ал Смағұл Сәдуақасов Қазақстаннан қуылды.

1930 жылдың қаңтарында екінші толқын ұсталып, түрмеге жабылған «халық жауларының» 42 ісі қайта қарала бастады. Түрмедегі қазақ зиялыларына қылмысты істі дәлелдеп, мойындата алмаған тергеушілер өздері тығырыққа тірелді. Міне, осы оңтайлы сәтті Алаш зиялылары пайдаланып қалғысы келді. Бұл жерде Әлихан Бөкейханов­пен астыртын байланысы бар Әлімхан Ермеков пен Ахмет Байтұрсынов ерекше көрегендік жасады. Ахмет Байтұрсынов қайткен күнде қылшылдаған жас Әуезовті құтқарып қалғысы келді. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезовтің сырлас досы Қайым Мұхамедхановқа естелік етіп айтқаны дәлел: «Мен айтайын, сен тыңда. Абақтының айбары күшті, азабы ауыр, аз күннің ішінде тозақтың қыл көпірінен өткендей болдық. Кезекті тергеуден келгенімде жасы үлкен жанашыр кісі Ахмет Байтұрсыновтың оңашалап сөйлескені әлі күні көз алдымда». «Мұхтар, кейінгі өмірге тарихты, шындықты білетін адам керек. Мына тажал қармағынан құтылуымыз екіталай. Қателік жібердім, өткен ізімді айыптаймын деп үкімет басшыларына ашық хат жаз» деді. Бірақ Мұхтар Әуезов ашық хат жазуға бірден көне қоймапты. Оған Жайық Бектұровтың естелігіндегі Әлімхан Ермековтің «Мен Мұхтарға мұндай оңтайлы сәт енді келмейді, ашық хат жазып, қанша бас сауғала десем де көндіре алмадым» деген сөзі дәлел. Не керек, қалай болғанда да ұлтының болашағы жолында, сезімді ақыл жеңіп, Мұхтар ­Әуезов пен Әлімхан Ермеков 1932 жылдың қаңтарында түрмеде отырып, ашық хат жазды… Өмір мен өлім көпірінің ортасына түскен жас талант алға қойған арман-мақсатына жету үшін ақыры машайық қашқандықтың керін көрсетіп, большевиктік өкімет орындарына ашық хат жазды. Ашық ұлтшылдық бағыттағы шығармаларынан бас тартуы аман қалудың қамы емес, азаттық күресін нәтижелі жалғастырудың жаңа айла-тәсілі еді. Хатта өзінің «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Бәйбіше-тоқал», «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қилы заман» тәрізді шығармаларынан бас тартты. Әрине, мұндай шешім оған оңайға түспегені белгілі. Өкімет те тасталған қармаққа жабыса түсіп, хатты «Социалды Қазақ­стан» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жариялап, жеңіске жеткендігін паш етіп, масаттанды. Ол үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шыққаннан кейін ғана босатылды.

Әміржан Әлпейісов,  Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық

университетінің профессоры

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды