КҮРЕСКЕ ҮЙІРСЕК БАЛАЛАР КӨБЕЙДІ

0 125

Бүгінгі таңда қазақ күресінің беделі өсіп, өз елімізде ғана емес, халықаралық аренаға да шыға бастады. Соның бір айғағы деп биыл үшінші жыл қатарынан өткен «Қазақстан барысы» жарысының өткенін айтуға болады. Ал осы қазақ күресі елордамыз Астанада қандай деңгейде дамып отыр? Біз осы орайда  Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші (ФИЛА), «Астана батыры» жекпе-жек спорт клубының бапкері Ғалым Құлекешев мырзаны әңгімеге тартқан  едік.

– Қазіргі кезеңде Астана қаласында қазақ күресімен айналысатындар қатары шамамен қаншалықты болып отыр, жалпы осы ұлттық спортымызға деген қызығушылық бар ма?
– Әрине, жыл өткен сайын қызығушылық артып келеді. Жалпы, Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына қарасты «Астана батыры» жекпе-жек спорт клубында бокс, күрестің барлық түрлері, таэквондо секілді спорт түрлерін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылады. Осы клубтың тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда тек қана елордамыздың емес, республикамыздың да намысын абыроймен қорғап жүргендерін мақтанышпен айта аламын.

Ал өзіміздің ұлттық спортымыз – қазақ күресі жайында айтар болсам, бүгінде қала бойынша үш жүзге жуық адам тұрақты түрде, кәсіби деңгейде қазақ күресімен айналысады. Бұлардың ішінде жасөспірімдер, жастар және ересектер де бар. Бапкерлер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, екі жоғары санатты бапкер және бірнеше жас мамандар еңбек етуде. Шынын айту керек, соңғы жылдары қазақ күресіне келушілер қатары көбейіп келе жатыр. Әсіресе, күреске үйірсек балалар көбейіп келеді. Бұл жерде, әрине, «Қазақстан барысы» жарысының оң ықпалы болғанын айтуға тиіспіз.

– Елордамызда қазақ күресінен дәстүрі қалыптасқан жарыстар бар ма?
-Жыл сайын жасөспірімдер, жас­тар және ересектер арасындағы Астана қаласының чемпионаты өтіп тұрады. Сонымен қатар, «Бәйтерек» жүлдесі» деген жарысымыз да бар. Бұл елордамыздың символы болып тұрған «Бәйтерек» монументі жанында, ашық аспан астында өтетін жарыс. Еліміздің аймақтарынан да балуандар келіп қатысады. Осы жарысты алдағы уақытта халықаралық деңгейге көтерсек деген ойымыз бар. Әр жылдың соңында «Тәуелсіздікке тарту» атты ашық турнир өткіземіз. Бұл жарысқа да қатысушылар жыл сайын көбейіп келеді.Еліміздегі ең беделді жарысқа айналып отырған «Қазақстан барысы» турнирінің ұйымдастыру шараларына қатысамыз. Мемлекеттік және ұлттық мерекелерде қазақ күресінен жарыс өткізу дәстүрге айналған. Осының бәрі Астанамызда қазақ күресінің дамуына ықпал етуде.

– Қазақ күресінен биік жетістіктерге жеткен балуандар жайлы айтып өтсеңіз.
– Бүгінгі таңда Астана қаласының намысын қорғап жүрген балуандардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері бар. Ол – екі дүркін әлем чемпионы, Азия және Қазақстан біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы Ғани Сейділдаев. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерлан Естек, бұл жігіт те әлем чемпионы болған. Биылғы ел чемпионатында жеңімпаз атанып, бүгінде Германияда өтетін әлем біріншілігіне дайындалып жүр. Сонымен қатар, Қазақстанның спорт шебері атағын 16 балуанымыз иеленіп отыр. Бұл спортшылардың бәрі де Астанамыздың намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын саңлақтар десем болады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 1 =