Күрделі жағдайды бірге еңсереміз!

0 14

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев кеше Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдерімен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізді. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Президентке елордадағы қазіргі ахуал және коронавирустың таралуына қарсы карантин енгізілуіне байланысты қабылданған шаралар жайында есеп берді.Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарын ең қажетті тауарлармен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарға қатысты туындаған мәселелерді тез арада шешіп, тиісті көмек көрсету керектігін айтты.
Президент коронавируске қарсы күрестің маңыздылығын айта келе, қала тіршілігіндегі басқа да өзекті мәселелерді күн тәртібінен түсірмеуді, атап айтқанда, су тас­қынын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Үйлесімді іс-қимылдар қажет

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Премьер-министр, Төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Асқар ­Маминді қабылдады.
Премьер-министр, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа комиссия­ның жұмысы және ел аумағында коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылданған шешімдер жайында баяндады. Мемлекеттік комиссияның төрағасы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің енгізілуі, экономика субъектілерін қолдау шаралары, коронавирус жұқтырғандардың пайда болу ықтималдығына өңірлердің дайындығы туралы айтты.
Қазақстан Президенті комиссия мүшелері жүйелі жұмыс істеп, аймақ басшыларымен өзара ынтымақтаса әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, фискалды саясатты тиімді жүзеге асыру мәселесіне баса мән беру керек. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді іс-қимылдары аса маңызды.

Дүрліктірушілер мен арандатушылар – біздің дұшпанымыз

Сенат төрағасы Дариға ­Назарбаева қазақстандықтарға үндеу жолдап, ел Президенті Қ.Тоқаев енгізген төтенше жағдай уақытылы және қажетті шара екенін мәлімдеді. «Біздің ортақ мақсатымыз – коронавирус инфекциясының таралуымен күресу, оның Қазақстан экономикасына және адамдардың өміріне теріс ықпал етуінің алдын алу. Барлық мемлекеттік қызметтер, әкімдіктер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты барлық қажетті заттармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешуге жұмылдырылған» деді ол.
Дариға Нұрсұлтанқызының пікірінше, қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне барынша көмек пен қолдау көрсету қажет, олар осы аурумен күрестің алдыңғы қатарында, адамдардың өмірі мен денсаулығы олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты.
«Мемлекеттік органдардың міндеті – пандемия және онымен күресу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы ақпараттың барынша ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету. Үрейлі көңіл-күй, қауесет пен жалған ақпарат таратуға үзілді-кесілді тоқтау салу керек. Дүрліктірушілер мен арандатушылар – короновирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз» деді спикер.

Үкімет басшысы тапсырма берді

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізілетіні жария етілді. Басқосуда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен ахуал туралы Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Премьер-министрдің орынбасары ­Е.Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі ­А.Көлгінов және Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, Қорғаныс министрі ­Н.Ермекбаев және Ішкі істер министрі ­Е.Тұрғымбаев, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары ­М.Мырзалин баяндады.
Отырыста еліміздің ең ірі екі қаласында COVID-19 таралуына қатыс­ты күрделі жағдай қалыптасқаны ашық айтылды. Осыны ескере отырып, Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың жайылуын болдырмау мақсатында мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады. Осыған орай, 19 наурыздан бастап екі қалада төмендегідей жедел іс-шаралар жүзеге асырылады: біріншіден, карантин енгізіліп, ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынады. Екіншіден, карантин аймағының шекарасы белгіленеді: жауапты құрылымдар үшін оған кіру және одан шығу пункттері анықталады. Үшіншіден, халық қос қаладан ешқайда кете алмайды, өзге өңірлерден ешкім кірмейді. Өйткені адамдардың қозғалысы, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп-шығуы шектеледі. Сонымен қатар, қалалықтардың 3-санат тобы: ауруға шалдыққандар, инфекция жұқтырды деген күдікке іліккендер және карантиндегілер үшін арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, екі қала да секторларға бөлініп, олардың шекаралары анықталады. Бұл жабық қалада тұрғындарды азық-түлікпен жабдықтау, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі, азаматтардың қала ішіндегі қозғалысын шектеу үшін қажет көрінеді. Алтыншыдан, қоғамдық көлік қозғалысы күндізгі уақытта да тоқтатыла тұрады немесе шектеледі, ал түнгі уақытта мүлдем тоқтатылады. Сондай-ақ азық-түлік емес тауарлар саудаланатын базарлар, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлері жабылады. Тек азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттар сататын жерлер ғана жұмыс істейді. Сегізіншіден, адамдар сырт­қа көп шықпауы үшін мейрамханалар, дәмханалар, асханалар, аспаздық дүкендер «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша жаңа жұмыс тәртібіне көшіріледі. Сонымен бірге, барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс тәртібі шектеледі.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов көптеген мемқызметтер электронды форматта көрсетілетінін еске сала келе, астаналықтардан қажетсіз ол орталықтарға бармауды өтінді. Тағы бір жедел шара, карантинге жабылған әрбір қаланың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына деген тәулік бойғы қажеттілігі айқындалады.
Кәсіпкерлер бір жылға салықтан босатылады

Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан ­Дәленов баяндама жасап, бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 7 бағыттан тұратын жедел іс-шаралар топтамасын жария етті. Бірінші бағыт бойынша, кәсіпкерлерге несие беру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Несие ақша әуелі импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге беріледі.
Екінші бағытта, несиелер бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі бір қалыпқа келтіріліп, 6 пайызды құрайды. Үшінші бағытта, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасындағы салалық шектеулер алынады және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасындағы басым тауарлар тізбесі кеңейтіледі. Төртінші бағыт бойынша, шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін (ірі сау­да нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт нысандары) салықтық ынталандыру көзделген. Осы санаттағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер 1 жылға дейін мүлік салығынан босатылады.
Бесінші бағыт АӨК субъектілерін несиелеуді ұлғайтуды көздейді. Шамамен 7 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жер салығынан босатылады. Алтыншы бағыт аясында жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер салық төлемейді. Сонымен қатар Р.Дәленов жетінші бағыт аясында еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Жұмыспен қамту жол картасы әзірленіп жатқанын айтты. Жалпы қаржыландыру 300 млрд теңгені құрайды.

Несие қайтару 90 күнге ұзартылды

Төтенше жағдай кезінде тұтынушылық несиесі бойынша қарыз болса оған өсімпұл мен айыппұл салынбайды. Бұдан бөлек, банктер кәсіпкерлерге қарызды кейінірек төлеуге мүмкіндік жасайды. Бұл жаңалықты Үкіметтегі жиында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Оның түсіндіруінше, банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдай кезінде қаржылық ахуалы нашарлаған жекелеген кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда төлемдер мерзімін 90 күнге дейін кешіктіруге мүмкіндік беріледі.

«Халықтан пайда табуға жол бермейміз!»

Үкімет үйінде онлайн-тәртіппен өткен отырыста Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов төтенше жағдай кезіндегі халықты азық-түлікпен және күнделікті қажетті тауарлармен қамтамасыз ету туралы баяндады. Министр халықты тауарларды артығымен сатып алып, дүрлігудің қажеті жоқтығын мәлімдеді. Ол елдегі барлық сауда нысандары толық режиммен жұмыс істейтінін, ірі нысандарға ғана шектеу қойылатынын түсіндірді.
«Мен бағаның негізсіз өсуіне әрекет жасаған кәсіпкерлерге баға өткен аптаның басындағы деңгейіне оралуы тиіс екенін хабарлаймын. Егер бұлай болмаса, онда барлық қолда бар құралдар қолданылатын болады, Осындай жағдайда азаматтардан пайда тауып қалуға біз жол бермейміз» деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, жоғарыдағы мақсат-міндеттерді іске асырудың 5 түрлі жолы қарастырылған. Ең алдымен, әкімдіктер бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқығын қорғау органдарымен бірлесіп баға өзгерісіне бақылау жүргізіп, баға келісімін болдырмайды. Сонымен қатар, өңірлердің арасында азық-түлік жеткізу мәселесіне ерекше назар аударылады. Үшіншіден, «айналым тізбесі» деп аталатын бағаны тежеудің нарықтық механизмін қолдану кеңейтіледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар сауда желілерімен белсенді жұмыс істейді. Төртінші міндет – тауарлар тапшылығы болған жағдайда тұрақтандыру қорлары мен мемлекеттік материалдық резервтер комитеті тауар интервенциясын жүргізуге құқылы. Бірақ Үкімет мұндай тапшылық болмайтынына сенімді. Бесіншіден, жергілікті атқарушы органдардың белсенділігі пысықталып, көшпелі сауда бағдарлары бекітіледі.

Декларация тапсырудың мерзімі өзгертілді

Елімізде заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі 30 күнге ұзартылады деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті. «Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі төтенше жағдайдың уақытына сәйкес келгендіктен, ол 30 күнтізбелік күнге, яғни 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартылады» делінген хабарламада. Алайда салық есептілігі нысандарын электронды түрде тапсыру қажет.
«Осылайша, 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін тапсырылған электронды декларациялар уақытында табыс етілген болып саналады. Бұл ұзартулар 2019 жылдың 100.00, 110.00, 150.00, 180.00, 220.00, 230.00, 240.00, 700.00, 860.00, 870.00, 871.00, 912.00, 920.00 нысандарына қатысты қолданылады» делінген ресми хабарламада. Комитеттің мәліметінше, мерзімнің ұзартуына қатысты салық төлеушіге қандай да бір қосымша өтініш пен хабарлама жолдаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ 1 сәуір мен 30 сәуір аралығында тапсырылған нысандар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды