Күрделі мәселелер түйінін көрсетті

0 17

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемия жағдайында ел алдына шығып, үндеу тастаған Жолдауы халыққа сенім ұялатқаны, біраз көкейтесті, күрделі мәселелердің түйінін шешкені сөзсіз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің соңғы жылдардағы саясаты дұрыс жолға қойылған. Жығылғанның қолын байлап, кісен салғаннан гөрі, мәселенің алдын алып, қазақтың сүрінгенге сүйеу болатын ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тәжірибесі бар. Нарықпен бірге ұлттық санамыз бен рухымыз күйреген заман келді. Жемқорлық – ұлтымызға жат дүние. Осы орайда, Президент өз Жолдауында қоғамның дамуына, елдің экономикалық-саяси дамуына кедергі келтіретін жемқорлықтан құтылу тетіктерін атап өтті. Агенттік парасат, адалдық, тазалықты дәріптеуде үлкен қызмет атқаруда. Өрескел жағдайда қолына кісен салып, сот органдарына тапсырғанның өзінде жазасынан құтылып кететіндер бар. Қамаққа алынғандар мерзімінен бұрын шығып жатыр. Әрине, осыдан кейін жемқорлықты тоқтату мүмкін емес. Прокуратура, сот, агенттік, Президент, бүкіл халық табандылық танытып, ұлттық қозғалыс жасауымыз керек.
Президенттің қамауға алынғандарды мерзімінен бұрын бостандыққа шығармау туралы ұсынысы көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын. Бұл ұсыныстың астарында сананы ояту мәселесі жатыр. Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарын сынға алуы өте орынды. Себебі сот, прокуратура өкілдері жемқорлықпен ұсталғандардың жазасын жеңілдетіп, сытылып кетуіне мүмкіндік берді. Енді бұл заң жүзінде қадағаланатын болады. Сондай-ақ жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне тыйым салынғаны, сол бойынша нақты тапсырмалар берілгені де – құптарлық жағдай. Кей адамдар жемқорлық деректерін көре тұра, оны айтуды намыс санайды. Бұл – жалған намыс. Мемлекет қаржысын жымқырған қылмыскерді қорғау – Отанды сату деген сөз. Осыған байланысты Президент сыбайлас жемқорлық туралы хабар беріп, агенттікпен бірігіп жұмыс істейтін адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру керегін нақты атап айтты.
Жолдауда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы жауапкершілігі, есеп беруі, қоғамдық қадағалауды заң жүзінде бекіту керектігі айтылды. Қоғамдық бақылау бүгінгі таңда аса қажет. Бүкіл қоғам болып қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын қадағалап отырсақ, еліміздің дамуына бірігіп үлес қосар едік. Қоғамдық кеңестердің маңызы күн санап артуда. Қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс күшеюде. Президент елдің мұң-мұқтажын тыңдайтын мемлекет қалыптастыруды атап өтті.
Бұл Жолдауда кәсіпкерлікке де ерекше қолдау көрсетілді. Елдегі кәсіпкерлік туралы ақпаратқа қанық екені байқалды. Субсидия мәселесіне, пандемия кезінде табысынан айрылған кәсіпкерлерге үлкен мән берілді. Бұл «Ұран-жолдау» емес, нағыз қиын шақта қолдау болған Жолдау. Осы қойылған мақсаттың барлығы орындалса, біз бүгінгі сынақтан ел болып бірігіп, ұлт боп ұйысып өтетінімізге кәміл сенемін.

Ырза ТҰРСЫНЗАДА,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған
республикалық ақпараттық-ағарту
штабының жетекшісі,
«Алтын сапа» сыйлығының иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =