Күрделі кезеңдегі күрес

0 14

Тәулігіне бес жарым мың адамнан ауру анықталып жатқан елімізде індет ең күрделі кезеңінде тұр. Жедел медициналық жәрдем қызметіне былтырғыдай қайтадан ауыртпалық түсіп, резервтік байланыс арналары қосылуда және диспетчерлік пункттер ұлғайтылды. Тіпті денсаулық сақтау саласы коронавирус инфекциясын емдеуге қатысы жоқ ауруханаларды стационарға айналдыруға мәжбүр болып отыр. Қауіп пен күрес қатар жүрген кезеңде дерттің бетін жаппай вакцинация ғана қайтаратынын көпшілік түсінетін уақыт жетті.«Жасыл» аймақта жан қалмады

Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына күн сайын көз жүгірту әдетке айналды. 19 шілдедегі жағдай бойынша елде «жасыл» аймақта бірде-бір өңір қалмапты. «Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары болса, «сары» аймақта: Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда індет басталғалы вирус жұқтырғандар саны жарты миллионға жуықтағанын жарыса жазуда. Ал елордада өткен тәуліктің өзінде «жедел жәрдем» қызметіне 3 800-ден астам шақырту түсіпті. Қазір қала бойынша 247 мобильді бригада жұмыс істейді. Одан бөлек коронавируспен күресу үшін 15 стационар жұмылдырылды, 3,3 мыңнан астам төсек-орны ашылды.

ПТР зерттеуді көбейтті

Індет басталғалы бері халықты ПТР-тестілеумен көбірек қамту үшін қаладағы зертханалар саны екіден 27-ге дейін өсті. Елордада бүгінде күніне 10 мыңға жуық ПТР-зерттеу жүргізіледі. Зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 13 мыңнан астам зерттеуді құрайды. Бүгінге дейін 1,7 млн-нан астам зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ, дерт жұқтырған пациенттерді емдеу үшін қосымша инфекциялық төсектер ұйымдастырылды. Маусым айының соңында дерт жұқтырғандарды емдеуге арналған төсек-орын қоры 14 инфекциялық стационар бойынша 2 мың төсектен сәл артық болса, бүгінгі күні инфекциялық төсектер саны 3,5 мыңға дейін ұлғайды.

Жау жағадан алғанда…

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады». Осы мақал қазір әлем болып індетпен күресе алмай жатқанда, жалған вакцина төлқұжатын жасатушылардың іс-әрекетін дөп басып тұр. Жақында еліміздің ішкі істер мамандары интернетте вакцинациялау төлқұжаты мен ПТР-тест анықтамасын сататын 46 жарнаманы анықтаған. Солардың ішінен бірнеше шетелдік ресурсты бұғаттауға жіберген. Онда жалған екпе төлқұжаттары, оң немесе теріс тест нәтижелері бар анықтамалар ақшаға ұсынылады екен. ІІМ баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, алаяқтар қармаққа ілінген азаматтарға вакцинаның бірінші компонентін алғаны туралы мемлекеттік органдардың ресми ресурстарына жатпайтын, бөгде пошта жәшіктерінен хабарлама жібереді. Осыған алданған азаматтар 2 компоненттің анықтамасы үшін сұраған ақшаны аударып жібереді. Ақша түскен бойда, жарнама иесі байланыс аясынан жоғалады. Ішкі істер министрлігі азаматтарға қылмыстық процеске қатысудан аулақ болуға шақырады. Вакцинация төлқұжатын қолдан жасау бойынша жыл басынан бері 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасуда. Ішкі істер министрлігі жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салады. Ал мұндай қылмыстық әрекеттен бас тартып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға атсалысып жатқандардың, яғни вакцинаның 1 – ші компонентін алғандардың саны 4 895 174 адамға, 2 – ші компонентін салдырғандар саны 2 798 360 адамға жетті. Әсіресе, елордада вакцинациялаудың оң динамикасы байқалады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша тәулігіне орташа есеппен 6-дан 8 мыңға дейін адам егіледі.

Ауру неге жасарды?

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов журналист Динара Сәтжанмен сұхбатында дерт жұқтыр­ған науқастар арасында жастардың көбейгеніне өкініш білдірді. Өткен жылдың осы кезеңінде ковидті емдейтін ауруханаларда 20-29 жас аралығындағы науқастар үлесі 2% құраса, қазір 17 пайызға дейін өсті. «Қазір 80 бала стационарда жатыр, олардың өкпесі зақымданған, тиісінше тәулік бойы медициналық емдеуді қажет етеді. Бұл бізді қатты алаңдатып отыр», – деді басқарма басшысы. Дәрігер дерттің бұлай асқынуына басты себеп – демалыс күндері қала тұрғындарының жаппай қала сыртына демалуға шыққанда, санитарлық талаптарды сақтамауы екенін айтады. Бұл эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелген. Міне, соның салдарынан дерт жұқтырған 2,2 мыңнан астам пациент қалалық стационарларда емделуде, тағы 8 мыңға жуық адам өз үйінде медициналық көмек алып жатыр. Оның айтуынша, коронавируспен күрестегі басты қару – вакцинация. Сонымен қатар, ол вакцина вирустан толық қорғамайтынын, бірақ екпе алған адам ауырар болса, жеңіл өткеретінін тағы да еске салды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − fifteen =