Күрделі кезеңде тегеурінді талап керек

0 90
211015105458371a3849364i

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик:

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде елдегі қалыптасқан соңғы ахуалға терең талдау жасалды. Президент күрделі жағдайдан сабақ алып, одан қорытынды шығарып, тығырықтан шығудың нақты жолдарын көрсетіп, елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел қолға алар іс-шараларды қабылдауды Үкіметке тапсырғаны көпшіліктің көңілінен шықты. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын атап көрсетті. Әсіресе, ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту басым бағыттың бірі екенін көрсете келе, халықтың табысы өсетінін, сонымен бірге маңызы зор күнделікті тұрмыстағы азық-түлік тауарларының бағасы қоғамдық бақылауда болатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау бағытында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылатындығы халықтық қолдауға ие болғанын атап өткеніміз абзал.

Күрделі уақыттың сын-қатеріне төтеп беруде, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының атқарар іс-қимылдары жайлы Президенттің саяси реформалары туралы тапсырмаларды саралауды саясаткерлер қарауына қалдыра отырып, білім және ғылым саласының өкілі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының сапалы білімді қамтамасыз ету бойынша жүктелген міндеттер тұрғысынан сөз қозғауды жөн көрдік.

Жалпы білімге деген көзқарасымызды өзгерту керегін айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептегі білім сапасын жоғары деңгейге көтеруді қолға алуды тілге тиек етті. Ол үшін мұғалімдердің білімі мен білігі заманауи талаптарға сай болу керектігі маңызды. Осыған байланысты еліміздегі педагог-кадр­лар жетіспеушілігін шешу мақсатында мұғалімдерге арналған арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігін тапсырды. Бұл қадам кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде орналасқан мектептердің әлеуетін арттыруда өзіндік үлесін қосатындығы күмән тудырмайды.

Жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуді Үкіметке тапсыра отырып, халық қалың орналасқан елді мекен жастары үшін грант бөлуді қарас­тыру ауыл жастарының жоғары білімге қолжетімділігін арттырумен қатар, олардың бірыңғай ұлттық тестілеуде жоғары балл алып, жоғары оқу орындарына түсуге деген құштарлығын оятары сөзсіз.

Әлемге белгілі жоғары оқу орындарының бөлімшелерін Қазақстанда ашу мәселесі де көтерілді. Ол үшін 2025 жылға дейін елімізде алыс-жақын шетелдің, оның ішінде Ресейдің университеттері де бар, жоғары оқу орнының 5 бөлімшесін ашуды Үкіметке тапсырды. Бұл бөлімшелерді ашқанда техникалық мамандықтарға басымдық беріліп, ел экономикасын дамытуға қажетті жаңа тұрпаттағы инженерлер мен өнеркәсіп мамандық иелерін дайындаудың маңызы зор екенін қадап айтты. Соның ішінде 2 бөлімше батыс өңірлерде ашылу керектігіне назар аударылды. Бұл қолға алынар іс-шаралар жоғары оқу орындарының бәсекелестікке қабілеттігін арттыру мақсатын көздейтіндігін айтуымыз керек.

Қорыта айтқанда, Президенттің жаңа жасақталған Үкіметтің алдына қойған жаңа мақсат-міндеттер қатарында сапалы білімге қол жеткізу, мектепті білікті мұғалімдермен қамту, жастардың жұмыссыздық мәселесін шешу, әлемдік жоғары оқу орындарының бөлімшелерін ашу қажеттілігі күн тәртібіне көтерілуі білім саласы қызметкерлерін Қазақстанның жаңа даму кезеңіне үлес қосуға жігерлендіретініне сеніміміз мол.

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры:

– Президенттің Мәжілісте сөйлеген сөзін радиодан толық тыңдап шықтым. «Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз» деп атап көрсеткен Президент өткен 30 жылдағы жіберілген қателіктер, оңалмаған олқылықтарды жіпке тізгендей ашық айтты.

Аңғарған адамға Мемлекет басшысының әр сөйлемінде көңілді көншітіп, болашаққа деген сенімді нығайтатын тұстары көп. Мәселен, жемқорлықпен күрес мәселесіне айрықша тоқталып, оның алдын алу үшін кейбір тетіктерді іске қосу керек дегені жұртқа үлкен үміт сыйлады. Ел тізгінін ұстаған азаматтардың құлқынын тыймай, халықтың жағдайы жақсармайтынын баса айтқаны жемқорлықтың себебімен емес, салдарымен күресуге күш салатынын аңғартты. LRT шаруасының шатқаяқтап тұрғанын «нысаннан жемқорлықтың иісі аңқып тұр» деп, ешкімнің көңіліне қарамай, ешкімге жалтақтамай ашып айтты.

Ал білім саласы жөнінде Ахмет Байтұрсынұлын мысалға ала отырып, ұстаздардың жағдайын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ ел көлемінде етек алған бюрократтықты жою жөнінде тоқталған Президент шенеуніктердің халықпен диалог құра алмайтынын сынға алды. Осыдан оның көшбасшылық қабілетін байқауға болады. Мәселен, жоғарыдағы басшы тапсырма берсе, қол астындағы шенділер орындамай бұлтаққа салады да, қарапайым халық зардап шегеді. Сондықтан халық пен биліктің арасын жақындату үшін осындай бюрократтықты жою керек. Кез келген шенеунік халықтың қызметшісі бола білуі керек.

Еліміздегі халықтың ызасын тудыратын тағы бір мәселе – қарапайым халық пен шен-шекпенділер жалақысының арасындағы парық. Яғни қарапайым халықтың алатын жалақысы бір басқа, көретін күні бір басқа да, ал шенеуніктердің жағдайы бір басқа. Міне, сол қолындағы билігі арқылы байыған шенеуніктердің тәубаға келетін кезі келді деп ашық ескерткені адамға зор сенім сыйлайды. Әкімдердің, министрлердің айлығын өсіруге 5 жылға мораторий жариялағаны да халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Кеденнен түсетін қаражаттың мемлекеттік бюджетке емес, айырым адамдардың қалтасына түсіп жатқанын да ашып айтып, бұл жөнінде тапсырмалар бергені қуантады.

Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ, экономист:

– Президенттің баяндамасын тыңдап, өз басым экономист ретінде көңілім бір серпіліп қалды. Жалпы осы аталған мәселелер түбегейлі дұрыс шешім тапса, бизнес жанданып, халықтың әл-ауқаты сөзсіз жақсарады деп сенемін.

Президенттің баяндамасы экономикалық тұрғыдан мына мәселелерге нүкте қойды:

Бірінші, экономикада мемлекет пен мемлекеттің атын жамылған жемқорлар халықтың нанына таласпай, әркім өз қызметін атқару керектігін шешіп берді. Президенттің «Самұрық-Қазынаны» қайта реформалау қажет. Егер қорды реформалау мүмкін болмаса, оның құрылымының экономикамызда болмағаны жөн…» деуі осы мағынаны меңзеп тұр. Қандай жақсы ұсыныс! Бүкіл бір елдің 60 пайызы ЖІӨ әлі де мемлекеттің қолында тұрса және ол құрылым жемқорлардың «сауынды сиыры» болса, біз қалай нарықтық экономикадағы бәсекеге қабілетті ел бола аламыз?! Халықтың әл-ауқаты қалай жақсарады?! Атап айтқанда, бұл – халық істеуге тиіс бизнесті мемлекет өз мүмкіндігіне пайдаланып, оны «шеңгелдеп алу» деген сөз. Яғни бұл – халықтың нанына таласу. Сондықтан мұндай мемлекеттік бюджетті сорып жатқан, бәсекеге қабілетсіз бюрократтық экономикалық құрылымды реформалап немесе сатып, халық игілігіне беру – өте дұрыс шешім.

Екінші, мемлекеттің қазынасын ендігі жерде қайдағы біреулердің қағуына жол жоқ екенін атап көрсетті. Президент «Қорғас кеденінен түсетін миллиардтаған салық мемлекеттің қазынасына емес, қайдағы біреулердің қалтасына түсіп жатыр» деді. Бұл – қазіргі кедендегі шындық. Бұл мәселе, негізі, ұзақ жылдан бері халық арасында айтылып келе жатқан мәселе. Бірақ бұрын-соңды ашық мойындалған да емес, оған қарсы шара да көрінген емес. «Сұр түсті кедендік рәсімдеу» – бұл Қорғас өткеліндегі басы ашық шындық. Өткен жылы ҚР Мемлекеттік салық комитетінің төрағасы Сұлтанғазиев мырзаның 3 ақпанда өткен баспасөз конференциядағы мәліметіне қарағанда, Қытай мен Қазақстанның кедендік статистика санағында 5,3 миллиард доллар айырмашылық болған екен. Бұл – ресми дерек. Іс жүзінде одан да көп болуы мүмкін. Демек, Қорғастан өтетін тауардың жартысынан астамы осылай «сұр түсті кедендік рәсімдеумен» өтетін болып тұр. Осы орайда Қорғастағы мұндай «сұр түсті кедендік рәсімдеудің» үш түрлі зиянын айта кетейін: біріншіден, кедендегі импорт-экспорт сауда статистикасының жалғандығы мемлекеттің сауда экономиканы дамыту стратегиясын бүлдіреді. Мемлекетті іс-жүзіне сай келмейтін экономикалық саясат белгілеуге апарып соғады. Бұл мемлекетке опасыздық жасаумен бірдей. Екіншіден, бюджетке түсетін қаржы түспей, оны әлсіретіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін дұрыс жүзеге асыра алмауға алып келеді. Үшіншіден, импорт тауар бағасының арзан болуына байланысты елдегі өндіріс бәсекелік қуатынан айырылып, ел ішінде өндірістің қалыптасуына зор кедергі келтіреді. Сол арқылы еліміздің экономикасын үшінші елге күннен-күнге тәуелді етіп, бүкіл халықты экспорттаушы елге басыбайлы құл етеді.

Үшінші, Президенттің баяндамасы елдегі тұрақты тұтынушы санының артатындығын көрсетті. Тұтынудың артуы – экономиканың дамуы. Президент: «Өзге бюджет қызметкерінің айлығы өседі» деді. Бюджет қызметкерлері – мемлекеттегі орта тап. Мемлекеттің тұрақтылығы – орта таптың тұрақтылығы. Олар – елдегі негізгі тұрақты тұтынушылар. Мемлекет экономикасының тұрақты өсуі ішкі тұтынудың сан салалы жақтан тұрақты өсуіне байланысты. Егер мемлекет қызметкерінің айлығы өссе, тұтыну артады, жалпы ішкі өнім өседі, жемқорлық пен бюрократтық азаяды.

Өз басым егер осы аталған үш мәселе түбегейлі шешім тапса, Президенттің көздеген мақсаты орындалып, экономикамыз өсіп, әл-ауқатымыз жақсарып, «Жаңа Қазақстанға» айналуға күн жақын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасын халық болып қолдап, «Жаңа Қазақстанды» құруға атсалысайық!

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:

– Елімізде орын алған жағдай кідіріссіз шешім қабылдау мен өзгерістерді талап еткені сөзсіз. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында ел арасында орын алған бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, шешімін ұсынды.

Аталып өткен шаралар қатарында жастарға тікелей қатысы бар бірнеше мәселе көрініс тапты. «Jas Otan» да өз тарапынан Президент көтерген бастамалардың 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламамыз аясында іске асуына барынша атсалысып, жастарды қолдау бойынша өз қызметін жалғастырады. Атап айтқанда, жастар арасындағы жұмыссыздықтың проблемасын шешу, олардың «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларын іске асырып қана қоймай, ұзақтығы мен төленетін қаражат көлемін ұлғайту орынды. Себебі осы уақытқа дейін жастардың тарапынан аталмыш ұсыныстар бірнеше рет көтерілген болатын. Одан бөлек, білімді, көзі ашық жастар ертеңгі мемлекет іргесін қалайтыны сөзсіз. Сондықтан халық тығыз орналасқан аймақтардың жастарына арнайы білім гранттарының бөлінуі де маңызды. Себебі оқуға түсе алмаған бала күн көремін деп әртүрлі салада қызмет етіп, білімін жетілдіруге мүмкіндік пен уақыт таппай қалады.

Денсаулықтың маңызын ерекше атап өтпесем де, күллі әлемнің көзі жетіп отыр. Қала, аудан, тіпті ауылдарда спорт объектілерінің салынуы тән мен жан саулығын сақтауда маңызды. Біз өз тарапымыздан аталмыш спорт кешендерінің салынуын 2020 жылы қабылданған бағдарламамыз аясында жоспарлап, кірісіп кеткен болатынбыз.

Сонымен қатар пандемия, одан кейін орын алған террористердің шабуылы халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етпей қоймады. Осы орайда Президент көтерген «Қазақстан халқына» қорын құру бастамасы халықтың көңілінен шыққаны сөзсіз. Алдағы уақытта қор әр қазақстандықтың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерін шешуде маңызды рөлге ие болады деп сенемін.

Қазіргі жағдайда Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың толыққанды іске асып, нәтижелі болуы тек бір адамның емес, барша қазақстандықтардың қолында екенін естен шығармауға тиіспіз. Біз біріксек қана мемлекетіміздің берік іргесін қорғап, гүлденуіне атсалыса аламыз. Сондықтан ел болашағы үшін күшімізді біріктірейік!

Мұхтар Төлеутаев, Қазақстанның Еңбек Ері, Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалы медицина орталығының директоры:

– Халыққа үлкен сынақ болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеумен шығып, халықаралық деңгейдегі біздің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ­ұйымының бітімгерлік күштерін шақыр­ды. Өйткені Алматыда және басқа да өңірлерде тәртіпсіздіктер орын алды. Ең өкініштісі, бүлікшілер мен қарулы қарақшылардың қолдарынан бейбіт және әскери азаматтарымыз қаза болды. Осындай ел басына қауіп төнген кезде Мемлекет басшысы батыл қадамдар жасап, үлкен қасіреттің жолы кесілді. Көп ұлтты мемлекет ретінде халықтың арасындағы сүйіспеншілік елімізді, елдігімізді нығайтуға күш салады деп ойлаймын. Елімізде тыныштық болып, тәуелсіздігіміз жасай берсін!

Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ, ҚР Елтаңбасының авторы:

– Ел басына қауіп төнген кезде Президентіміз бәрін өз қолына алып, батыл шешім қабылдап, бізді қиын жағдайдан сақтап қалды. Сондықтан ендігі уақытта ол кісінің айналасына топтасып, оны қолдай түскеніміз жөн. Біз қашан да бейбітсүйгіш халықпыз. Лайым тыныштық болсын!

Әсима БИМЕНДИНА, «Talap» КЕАҚ Президентінің ­кеңесшісі, ұстаз:

– Президентіміз патриоттық сезімнің арқасында уақытылы шешім қабылдап, қазіргі таңда барлығы қалыпты өмір жағдайына келіп жатыр. Елімізде төтенше жағдай жарияланды. Енді барша халық болып осы талаптарды орындағанымыз жөн. Сабыр сақтауымыз керек. Президент халық үшін, еліміз үшін барлық жағдайды істеп жатыр. 30 жылдағы тарихымызды, жеткен жетістіктерімізді ешкім өшіріп тастай алмайды. Әр адам жұмысына, отбасына жауапкершілікпен қараса, сонда ғана барлығы дұрыс шешіледі деп ойлаймын. Біздің күшіміз – бірлікте. Сондықтан сіздерге ата-ана, ұстаз ретінде айтарым, балалардың қауіпсіздігін сақ­тауымыз керек. Балалардың болашағын ойла­йық. Болашағымыз жарқын болады деп сенемін!

Вячеслав ЛОКШИН, ҚР Ғылым академиясының академигі, репродуктивті медицина қазақстандық қауымдастығының президенті:

– Президенттің мәлімдемесі алдағы уақытта анағұрлым әлеуметтік жағынан бағдарлануымыз керек екенін түсіндірді. Себебі елімізде әлі де кедей мен байлардың арасындағы алшақтық басым. Сондықтан ол елімізге бірнеше шетелдік ЖОО ашу туралы ұсыныс айтты. Ол сондай-ақ әлеуметтік қорғау қорын құрып, қордың сирек кездесетін ауруларды емдеу бойынша дәрі-дәрмектердің төлемін жүргізумен де айналысуы керектігін жеткізді. Бұл шын мәнінде өте өзекті мәселе. Өйткені қатерлі ауруға шалдыққандардың еміне керек дәрілер мен аппараттар өте қымбат тұрады, оны дер кезінде және үнемі тауып беруге мемлекеттің де, жеке адамдардың да шамасы келе бермейді.

Жалпы ол айтқан реформаның саяси жағы басым болғандықтан, денсаулық сақтау саласына көп тоқтала қойған жоқ. Дегенмен біз елімізде алда демократиялық даму күтіп тұрғанын, экономиканың нақты өсіміне күш салынатынын түсіндік. Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларды қолдау, әлеуметтік теңдікті сақтау бойынша да жұмыстарға басымдық беріледі. Мемлекеттік сатып алулар анағұрлым айқын жүргізіле бастайды. Меніңше, МӘМС бойынша қор жүйесіне де қайта реформалау жүргізу керек. Оның қызметі өте айқын болуы тиіс. Халық қай емханаға қанша қаржы бөлініп жатқанын нақты біліп отыруы қажет. Ал дәл қазіргі таңда бұл қордың жұмысы жабық түрде жүргізіледі. Қарапайым халық түгілі, медицинада жүргендер де оның жұмысын дұрыс білмейді. Қазіргі ең басты мәселе – медициналық көмектің барлық халыққа бірдей қолжетімді болмауы. Бүгінде денсаулық сақтау саласы еліміздегі ішкі жалпы ұлттық өнімнің 4 пайызын ғана алады. Бұл өте аз. Мұны тым құрығанда 7-8 пайызға көтеру керек. Қазіргі таңда коронавирус індетіне барлық күш пен қаржы жұмсалуда. Бірақ індет ақыры аяқталып, жоспарлы медициналық емдеу жұмыстарына қайта оралатын кез туады. Сол кезде медициналық көмекке толыққанды қолжетімділік мәселесі қайта туындайды. Сондықтан алда елімізде болатын өзгерістер осы мәселелердің шешімін табуға да ықпал етеді деген сенімдемін.

Қарлығаш ҚҰСПАНОВА, журналист, еңбек ардагері:

– Бейбіт түрде басталған жаңа­өзендіктердің шеруін ойламаған жерден лаңкестердің өз мақсаттарына пайдаланып кеткені өте өкінішті болды. Бұл жоспарлы түрде дайындалған террорис­тердің ісі екенін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты айтты. Сондай бүлік басталғанда, әрекетсіз отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің түсініксіз позициясы да белгілі болды. Оның басшысын қамауға алғаннан бастап халық ­Қасым-Жомарт Кемелұлының батыл шешіміне риза болып, сеніммен қарады. Қарулы қарақшылар мен бүлікшілерге тойтарыс беріп, мемлекеттік төңкеріске жол бермеді, дұрыс ниетте болдық. Әрине, күдік те, үміт те бар еді, баршамызды үрей де басты. Сабырмен, ақылмен, салқынқандылықпен жан-жақты ойластырылған Президенттің іс-әрекеті үлкен апаттың жолын кесіп, тойтарыс берді.

Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзін аса ынтамен тыңдап, болашаққа сеніммен қарадық. Президент күлтелемей бар шындықты айтты. Әсіресе халық пен биліктің, байлар мен кедей арасының мүлде алшақтап кеткенін баса айтты. Шенділердің, әкімдердің халықпен мүлде байланысы жоқ екен. Кездесуден, диалог құрудан қашып, қорқып жүретіндерін де түйреп өтті.

«Даму банкі», «Самұрық-Қазына», Қытаймен арадағы бекеттердегі былықтардың халық үшін емес, белгілі бір олигархтарға ғана жұмыс істейтінін ашық айтты. Барлық салаларда орын алған теңсіздіктер мен келеңсіздіктерді алдағы уақытта нақты бағытпен дамыту мен өзгерту керектігін қатаң ескертті. Жастар тәрбиесі, әсіресе әскерден қашқақтайтындардың әрекеті мемлекетке зиян келтіретінін, Ұлттық ұланның қатары аз екенін де қынжыла айтты. Дипломмен жұмыссыз жүргендердің жағдайын жасап, арнайы бағдарлама құру керектігі аса жағымды әсер етті. Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы кемелді саясаткер, білікті басшы, халқына жаны ашитын Президент екенін көрсетті. Әрине, әлеуметтік желіде бәрін бірден төңкеріп тастамай, сол сценариймен кетті. «Ештеңе өзгермейді» деген қыңыр пікірлер айтылып жатыр. Ондайлар әр кез болады. Бірақ оған уақыт керек. Біз қазір қатерлі өткелде тұрмыз. Ел іші тынышталсын, біртіндеп бәрі өз орнына келеді деп сенеміз. Біз өзгеріс күтеміз. Ол тек бейбіт жолмен келуі керек. Осы айтылғанның бәрі бұрынғыдай сөз жүзінде қалмай, іске асса дейміз. Өтірікке, бос уәдеге тойып болдық. Халыққа бет бұрыңыздар. Әділетті шешім болсын. Бейбіт шеруге шыққандарды қудаламаңыздар. Ақ-қарасын айырып, бұзақылардың тиісті жазасын берсін. Сырттан келген арандатушылар екенін ескеру керек. Жаңа Үкіметке, барлық министрлер мен сала басшыларына сәттілік тілейміз. Ел үшін, Қазақстан халқы үшін адал қызмет етіңіздер. Тәуелсіздігімізді сақтайық. Бірлігімізді нығайтайық!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 17 =