КҮНТУАР БАҚСЫНЫҢ ҚАРА ҚОБЫЗЫ

0 433

кобыз 1

Авторы: ОтарбайКендір «Қобыз» 2011.

Күршім, Марқакөл өңірін мекендеген Қаракерейлердің Қожамбет руынан тарайтын Стабандар арасында ерте заманда Күнтуар бақсы деген қасиетті көріпкел адам өткен екен.

Ол кісінің көріпкелдігі, қасиетті қара қобызы жайында бүгінгі ұрпаққа жеткен көптеген аңыз әңгімелер бар. Сондай аңыз-хикаялардың ішінде ең әсерлісі, таңғажайыбы

– Үлкен Нарын, Ка­тон­қарағайды жайлаған Қаратай елінде ғұмыр кешкен Қам­бар тө­ренің құзырымен өткен бір үлкен аста болған оқиға. Сол асқа Күр­шімнен тау асып, қобызын арқалап Күнтуар бақсы да барған.

Ол заманда ас беру – ел өміріндегі аса елеулі дәстүр. Ауыл алыс, жер шалғай дегендей, хабарласа алмай жүрген ағайындар жүздеседі, жақсы-жайсаңдар бас қосып, шежіре шертіп, бір жасап, қауқылдасып қа­лады екен. Ат жалын тартып мініп, ел аузына іліне бастаған жас әнші-күйші, шешен азаматтар сыннан өтіп, даналардың батасын алады. Балуандар белдесіп, күш сынасады, тіпті, мешкейлер де өнерін көрсетеді.

Әйткенмен, ең елеулі, жұртты дүрліктіріп, соңынан ұзақ әңгімеге айналатын бәсеке аламан бәйге екені анық. Бәйгеге қосылатын ат­тардың қатарында Қамбар төренің әйгілі тұлпары Көкторғай да болған. Сәйгүліктерді аралап, сынап жүрген Күнтуар Көкторғайдың жанына сәл аялдап, «бәйгенің алдын бермес, бірақ та, бұдан менің қобызым озар» деген екен.

Қазақта қобызды бәйгеге қосқан бақсылар туралы аңыз бағзы заманнан бері бар. (Моңғолия қазақтары арасында ХІХ-ғасырда өмір сүрген атақты қобызшы, бақсы Құсайын деген кісіге қатысты айтылады. – Б.Т) Ескі салт-дәстүрге сай Күнтуар бақсының қобызын бәйгеге қосуға той иелері де қарсы болмаса керек. Аста бас бәйгеге бір күң тігіледі.

Күнтуар бақсы қобызын ат айдаушыларға беріп жібереді. «Аттар жөнелтілгенде қобызды биіктеу жерге немесе тастың үстіне қойсаң болды, қалғанын бір Алла біледі» деп тапсырады. Қобыздың қасиеті жайында талай естіген Қамбар төре қайткенде де өз жүйрігі Көкторғайды көмбеден бірінші көру үшін ат айдаушыға «қобызды байлап кет» деген астыртын тапсырма береді. Ат айдаушы Қамбар төренің айтқанын орындап, қобызды бір түп шеңгелге байлап кетеді. Түстік жерден жіберілген аттар межелі уақытта көмбеге де жақындап, алдыңғы аттардың шаңы қылаң береді, дабырласқан қалың ел алдында келе жатқан Көкторғайды танып, шуылдаса бастайды. Бір сұмдықтың болғанын іші сезген Күнтуар бақсы Көкторғай көмбеге жүз қадамдай қалғанда жынын ша­қы­рады. Сол уақытта бір түп шең­гелді қопара жұлып алып, ұшып келе жатқан киелі қобыз бәйге атта­рының алдына түсіп, көмбеге жетіп құлайды. Қобыздың шанағына айна орнатылған екен. Жерге қатты екпін­мен түскенде айнасының ше­тіне сызат түседі.

Бұл қобыз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып бүгінге жеткен.

Күнтуар қобызшының көріп­келдігі мен қобызшылық қасиеті немересі Қазығұмар деген адамға қонған әрі қобызы да осы үйде сақталған.
Қазығұмар Байкенұлы соғыс жылдарында Күршім ауданындағы Қойтас колхозында бақташы болған.

1961 жылы бақиға аттаныпты. Кеңестік дәуірде бақсылыққа тыйым салынғандықтан, көбіне жасырын түрде бал ашатын болған. Айтқаны айнымай келеді екен.
Әсіресе, майдангерлерден сарғая хабар күткендер Қазекеңе жиі жү­гінген. Дана, қасиетті адам аман-есен оралатындардың отбасына өзіне аян қуанышты хабарды ашып айтса да, қайғылы хабарды жайып сала бермеген. Көбіне жұбаныш, үміт отын үзгізбей алдарқатып қана шығарып салатын болған. Қазекеңнің атадан қонған «Соқыр» атты жыны бар екен. Ал қобызды ашық шығарудан қорқып, сандығының түбіне жылдар бойы жасырын сақтаған. Қазығұмар қайтыс болғанда қобыз үлкен ұлы Батанның қолында қалады.

1973 жылы қазақтың музыкалық көне аспаптарын зерттеуші Болат Сарыбаевтың Шығыс Қазақ­стандағы Күршім ауданына жолы түседі. Аудандық мәдениет бөлі­мінің меңгерушісі Қабдолда Тұра­ровпен жолығып, әңгіме-дүкен құрған ол әңгіме желісін өзінің негізгі бұйымтайы көнеден қалған музыкалық аспаптарға бұрады. Қ.Тұраровтың есіне Күнтуар атасынан қалған Қазығұмар бақсының қара қобызы түседі, оның үстіне Қазекеңнің балаларына бақсылық қонбағаны да өзіне мәлім, сондықтан қобыз – иесіз. Сонымен, екеуі Қой­тасқа келіп, Батанның үйіндегі ораулы тұрған аспапты көреді. Болат Сарыбаев қобыздың құндылығын бірден аңғарса керек. Қабаң қобызды былай сипаттайды: «Зер сала қа­раған адамға аспаптың көнелігі, құндылығы көзге ұрып тұрды. Көзіме оттай басылған көненің көзі сонау балалық балдырған шағымды еске түсірді. Аспаптың тұрқы ұзын, тұтас шабылған. Шанағы көлемді де терең, оның ернеуі, кежегесінің ішкі жағы күмістелген металл таспамен көмкерілген. Басы, екі құлағы жалпақ, шанақтың астында ойнағанда екі тізенің арасына қысатын түбі қомақты. Шанақтың ішінде төрт бұрышты айна орнатылған, оның алдынан қарағандағы оң жақ шетіне сызат түсіп сынған. Мұны көргенде «Күнтуардың қасиетті қара қобызы байлап кеткен бір түп шеңгелді сүйретіп, бәйге аттарының алдында келген жолы шанағына орнатылған айнаға сызат түсіпті» дейтін бала кезімде ел аузынан естіген аңыз есіме түсті. Шанақтың үстіңгі ер­неуіне кішкентай қоңырау ілінген. Уақыт әсерінен аспап қарайған, қан­дай ағаштан шабылғаны белгісіз. Әйтеуір қас шебердің қолынан шыққаны талассыз. Әрбіреуі он шақты қылдан тұратын екі ішек, қылдың түсі қара, ысқыдағы (қияқ) қылдар да осындай. Сірә, бір жылқыдан алынған. Аспаптың дәл жасын анықтауға арнайы сараптау болмаса, мүмкіндік жоқ. Бірақ кемінде бір жарым ғасыр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұра екенін ел аузындағы аңыздан талай естігенмін. Бұдан артық суреттеуге менің тіл байлығым жетер емес» дейді Қабаң.

Қобыздың құндылығын жазбай танып, қызыққан Сарыбаев «бұлай елеусіз сандықта жатпасын, мен Күнтуар бабаның қобызы екенін елге әйгілеп-бәйгілеп, мұражайға тапсырамын» деп қоярда-қоймай көне аспапты қолына түсіріп, алып кетеді. Бірақ та оны мұражайға тапсырмай, өзінің жеке коллекциясында қалдырған.

Алайда, Б.Сарыбаевтың үйінде сақталған көне аспап ол шаңыраққа жақпаған, тұрақтағысы келмеген. Белгілі музыкатанушы дүниеден өткен соң отбасында әлдебір келең­сіз жағдайлар қылаң бере бастаған. Жұбайы Мижан апа науқастанған. Бір немересі Шымкенттен келген емшіге қаратады. Тәуіп: «Сіздің үйде Қазақстанның шығысынан алынған бір нәрсе бар екен, соны иесіне қайтарыңдар, ол сіздің отба­сыңызға жақпаған» десе керек. Сарыбаевтың қызы Лейланың есіне бірден Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданынан әкелінген үлкен қара қобыз түскен. Қобызды мұражайға өткізбекші болады, сатып жіберуге де оқталады, бірақ тәуіптің иесіне қайтарыңдар деген сөзі көлденең бола берген. Сөйтіп жүргенде, бір жерде қонаққа Мижан апа Күлжәмилә деген апаймен дастарқандас болған. Күлжәмилә – Күпан апай Қойтаста ұзақ жыл ұстаздық еткен кісі. Бүгінде зейнеткер, Алматыда баласының қолында. Дастарқан үстіндегі әңгімеде сөз арнасы Сарыбаевтың үйіндегі қобызға ауысып, соның иесінің табылмай жүргені айтылады.

Күлжәмилә апай: «Ол Қазығұмар атамның қобызы, ол – біздің қобыз!» деген. Мижан апаның сарылып іздеген адамы, қобыздың иесі аяқ астынан осылай табы­лады. Бұл оқиға 2003 жылы бол­ған. Күлпан апай Сарыбаевтың жұ­­байына Батанның мекенжайын бе­реді. Отыз жылды артқа салып, қасиетті де киелі қара қобыз Қазы­ғұмар бақсының үлкен ұлы Батан­ның қолына, қара шаңыраққа осы­лайша қайта оралады.
(Қағазға түскен осы хикая – менің естігенім. Кейбір мағлұматтар әлдебір себептермен толық айтылмады.)

Күнтуар бабамыздың бақсылық өнері туралы әңгімелердің дені бізге жетпеген. Уақытында Қазығұмармен де ешкім сұхбаттаспаған. Қаншама асыл қазынаны өзімен бірге алып кетті, ол жағы беймәлім. Қазекеңнің емшілік дарыны, көріпкелдігі, рухын шақырып, бақсылық өнерін паш етуіне куә болған Күлжәмила апаймен жолығудың реті келмеді.

Тұқым қуалап, Қазығұмар бақ­сының бойына қонған тылсым күш келесі ұрпақтың біреуінен қылаң беруі де ғажап емес.

Күнтуар мен оның немересі Қазығұмардың бақсылық өнерінің құпия сырының айғағындай екі жарым ғасырлық тарихы бар қара қобыздың хикаясы осы, бірақ ол аяқталмаған, жалғасы болары сөзсіз.

Өскемендік зейнеткер Бекболат Дәрібаевтың
аузынан жазып алған: Бодаухан Тоқанұлы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − 4 =