Күндерімнің куәсі

94

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткерi
КҮНДЕРIМНIҢ КУӘСI

(Жарияланбаған жазбалар)

17-23.X.2007

Орхон ескерткiштерiнiң толық Атла­сының орысша, қазақша нұсқаларын мемлекеттiк тапсырыс бойынша қайта шығаруға дайын­дап, баспаханаға тапсырдым. Сондай-ақ, «Абылай ханның қамқа тоны және Байдалы би» дейтiн кiтапты да өндiрiске өткiздiм. Құдай қаласа, желтоқсан айында жарыққа шығып қалуы тиiс.

24.X.2007

Италияның «Ени» мұнай компаниясының бас басқарушысы Паоло Скарпонидiң менi Миланға «Ла Скала» театрының жаңа мау­сымының ашылуына орай Ричард Вагнердiң «Тристан және Изольда» операсының премьерасына шақырған хатын алдым. Сонымен бiрге, осы «Ени» компаниясының бiр саласы «Аджип ҚКО Қазақстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» бөлiм­шесiнiң аймақтық директоры Лучано Вас­кестен де хат алдым. Ол өзiнiң хатында бiздiң «Орхон ескерткiштерiнiң толық Атласы» деген кiтабымызға жоғары баға берiп, кiтап­ты шет елге тарату үшiн ағылшын тiлiне ауда­ратындарын хабарлапты. Осылай ше­шiле қалса, бұл үлкен табыс болар едi. Қазiр ендi осы iстi жүзеге асырудың шараларын жасаудамыз.
Бүгiн «Алматы ақшамы» газетiне сұхбат бердiм.
Кешкiсiн Әлiшер екеумiз Алматыға келдiк.

25.X.2007

Бүгiн Республика күнi, Мәрияның туған күнi. Ағайын-туған, бала-шаға, жора-жол­дастарымызбен «Бородино» дейтiн ресто­ранда жиналып, Мәрияның атына жылы, ықыласты, қошеметтi сөздер айтылды. Қо­нақтар жақсы отырды.

01.XI.2007

«Ұлбике» спектаклiмен театр маусымын аштық. Халық залға лық толды. Спектакль тартымды өттi.

02.XI.2007

Бiраз газеттер қойылым жөнiнде ақпар бердi. «Республика-KZ» газетiнде Ағыбаева дейтiн кiсiнiң «Ұлбике – оптимистическая трагедия» дейтiн спектакльдiң бүкiл таби­ғатын ашқан тамаша мақаласы жарияланды.

03.XI.2007

Италияның «Eni» дейтiн мұнай ком­па­ния­сының Бас басқарушысы Паоло Скарпо­ниден – Италияға, Миланға «Ла Скала» театрының жаңа маусымының ашылуына шақырған тағы бiр хат алдым. «Ла Скала­ның» жаңа маусымы 7 желтоқсанда Ричард Вагнердiң «Тристан және Изольда» дейтiн операсымен ашылады екен. Патрис Шеро қойған бұл спектакльге Даниель Баренбойм арнайы шақырылыпты.

04-09.XI.2007

Кейде күнделiкке құнтым болмай, қолым­ның табандап жүрмей қалатын әдетi бар. Осы күндерi қолыма күнделiктi ұстай алмай-ақ қойдым.
Десе де бiр күндерi М.Әуезов жайында «Абыз» деп аталатын шағын эссе жаздым, «Астана хабары» газетiне сұхбат бердiм. Сұхбат, негiзiнен, жастар тәрбиесi төңiрегiне құрылды. Бiрi «Егемен Қазақстанда», екiн­шiсi «Астана хабары» газетiнде алдағы аптада жарияланып қалар.

10.X.2007

Мәрияның туған күнiн Астанада да атап өттiк. Мұндағы жақын-жуықты, қарама­ғым­да бiрге қызмет iстейтiн бөлiм басшыларын шақырдым. Жылы, лайықты той дастарханы жайылып, ағыл-тегiл жыр төгiлдi, ән айтыл­ды, күй тартылды. Жанғали Жүзбаев менiң «Көңiл күйiмдi» («Толғау») тартты. Менiң бұл күйiмдi Жанғали ең алғаш «Қазақстан» телеарнасында, «Думан» дейтiн хабарда тартты.
Мен Қаратаудың терiскей баурайында туып-өскен кiсiмiн. Қаратау шертпесi бала­лық шақтан құлағыма сiңiп қалған. Мен Сүгiрдi де, Төлеген Момбековтi де, Дәулет Мықтыбаевты да, Жаппас Қаламбаевты да көрдiм. Сол Қаратаудың ескi әуенi бiздiң қанымызды әбден аралап, сүйегiмiзге сiңген.
Ғылыммен айналысқанда, диссертация, мақала жазарда, баяндама әзiрлегенде айтар ой әуелi менiң басымда жүйеленедi. Содан соң қолыма домбыра алатын әдетiм бар. Домбыраны бiр апта, он күн, тiптi одан да көп үздiксiз тарта беремiн. Домбыра ойымды пiсiредi, толықтырып-жетiлдiредi. Мен домбырашы, күйшi болмасам да, маған ойды тиянақтауда, кемелiне келтiруде домбырадан бөтен ақылшым, дем берушiм, қолдаушым жоқ. Ол қай-қайдағыны қозғайды. Әлгi Жанғали тартқан күйiм өмiр бойы менi қол­тығымнан демеп, жетелеп келе жатқан серi­гiм. Мұны бұрын Ермұрат бiр тыңдаған едi, әуенiне, әуезiне, мұңына, сырына таң қалған едi. Соңғы 4-5 жыл қыр соңымнан қалмап едi. Мен оны түгел жадымда түсiре алмай қина­лып жүрушi ем. Құданың құдiретi осы­дан бiр айдан аса уақыт бұрын жексенбi күнi таңертең жұмысқа келiп Романенконың дом­бырасын қолыма алып шерткенiмде, әлгi құлақ күйiм, жан серiгiм, қиял қанатым, ақыл­шым құйылып түсе қалды. Мен тез Ермұратты шақырдым. Ол магнитофонға жазып алды, нотаға түсiрдi. Ансамбльдiң бес баласы жап-жақсы орындады да.
Сонда да көкейiмнен Жанғали кетпей жүрдi. Өйткенi Қаратау шертпесiн бүгiнде Жанғалидан оздырып, асырып тарта алатын ешкiм жоқ. Бiр күнi Жанғали келiп менен осы әуендi, күйдi үйрендi. Күй ендi өзiнiң орындаушысын тапқандай болды.
Мәрияның туған күнiне Несiпбек өлең арнап, Гүлзира, Гүлмира, Эльмира, Жазы­гүл­дер ән салды. Әлихан, Елхан кеште жаны­мызда болды.
Кеш жақсы өттi. Жұрт би билеп, рахат­танды.

11.XI.2007

Домбыра дариды, қобыз қонады, ән сүйек­ке бiтедi.
Темiр тозады, өмiр озады, ақылсыз азады.

12-13.XI.2007

Астанада ТМД елдерi зиялыларының екiншi форумы өттi. I-шi форум Мәскеуде 2006 жылы өткен едi. Үшiншi форум келесi жылы Душанбеде өтетiн болды.
Форумда, әсiресе, Ресейден көп адам қатыс­ты. Ескiден таныс В.А.Садовничиймен жолы­ғыстық.
Мен Форумның «Мәдени мұра» аталатын секциясын басқардым.

14.XI.2007

«Егемен Қазақстан» газетiне менiң «Абы­лайдың қамқа тоны» дейтiн көлемдi мақалам жарияланды. Абылай ханның қамқа тонын ұлықтауды Тәуелсiздiк мерекесiнiң қар­саңына, 14-желтоқсанға ыңғайлап отырмыз. Шара ұлттық деңгейде өтсе деп ойлаймын.

15.XI.2007

«Астана хабары» газетiне «Бiзге мықты ұлттық идеология керек» деген сұхбатым жарияланды. Әңгiме ұлт, жастар тәрбиесi, дiн төңiрегiнде өрбидi.
Кешкiсiн Алматыға ұштым.

16.XI.2007

Әдебиет институтында Сауытбек Абдрах­манов «Аударманың теориясы мен поэти­касы» деген тақырыпта докторлық диссер­тация қорғады. Сөз сөйледiм.

19-20.XI.2007

Абылайханның алтын зерлi шапанын ұлықтаудың тiрлiгiмен айналыстық. Ұлттық деңгейде өткiзсек деймiз. Сахнада Абылай мен Бұқардың жер, ел, ер туралы тебiре­нiс­терiн көрсетсек, ұлы мұраны осылай ұлық­тасақ деймiз.

23.XI.2007

«Жас Алаш» газетiне «Мырзатай Жолдас­беков: Қазақ тiлiнiң де, қазақ ұлтының да бағы жанбай тұр» деп аталатын Смағұл Елу­байдың мақаласы шықты. Мақаланың көле­мi – 1 бет.
Осы күндерi қазақ жыршыларының тұң­ғыш Республикалық конкурсын өткiздiк. Бас бәйгенi Эльмира Жаңабергенова жеңiп алды.

(Жалғасы бар)

Пікір жазылмайды.