Күндерiмнiң куәсi

0 103

(Жалғасы. Басы газетiмiздiң №29, наурыздың 13-i күнгi санында)

16.IV.2007
Бiз – өзге елдiң болмашы тарихын қызықтап, таңдай қаққан, өзi байтақ тарихымыздың қадiрiне жетпей жүрген жұртпыз. Бүгiнгi қазақтың, оның арғы ата тегiнiң әлем таң қалатындай, кез келген ұлт мақтанатындай айшықты, жүйелi тарихы бар. Бiз мекендеп отырған Ұлы далада небiр мемлекеттер дәурен сүрген, ғажайып эпостар, күйлер, әндер туған. Ұлы дала халқының шешендiгi, көсемдiгi, даналығы, кемеңгерлiгi өз алдына бөлек құбылыс, құданың құдiретi сол далалықтарымызды да сыртқа насихаттап, таныта алмай келемiз.
Совет дәуiрiнде өз тарихымызға өзiмiз ие бола алмадық. Өзiмiзден шыққан ұлыларды Аттилла, Томирис деп өзгеше атап жатқа баладық. Ендi құдай теңдiк берген кезде әркiм өз атасын күйттеп, өз атасына арнап мешiт са-лып, өз атасына арнап кiтап шығара бастады. Соның кесiрiнен асыл тари-хымыз өзгенiң тарихындай әлi күнге жат болып келедi.
Мұны дұрыстап жазатындар да бүгiнде дүниеде жоқ, жазушы дегендердiң қолынан келмейдi.
Қазақ топырағынан, қазақтың түпкi аталарынан жаралған небiр ұлылар тек әлемге ғана ортақ болып келедi.
Мен – кәсiби тарихшы емеспiн, бiрақ тарихты бiр кiсiдей бiлетiн кiсiлердiң бiрiмiн. Басқа өңiрдi айтпай-ақ қояйын, бiр ғана Шу өңiрiнде қаншама қала салынып, қаншама мемлекет салтанат құрмады, дүниеге атағы жеткен қаншама ұлылар туылмады десеңiзшi! Солардың қатарында ақыннан Либайды (Қытайда өмiр сүрген), патшалардан Едiл батырды айтсақ та жеткiлiктi.
Едiл батыр туралы (Аттила) әлем шулап, жарыса жазысты. «Славянский мир» (1885) дейтiн кiтаптың Едiл батырға, ғұндарға арналғанын атасақ та жеткiлiктi.
Едiл патша да сақ-ғұннан тарайды. Аталуы әрқалай болғанымен, бұл екеуi – бiр ұғым.
Едiл батыр – сақ-ғұн, оның дулу тайпасынан. Бүгiнгi дулат деп жүргенiмiз – сол дулудың жалғасы.
Едiл заманымыздың 400 жылы Шуда туған, 456 жылы дүние салған. Өлiмi жайында да әңгiме көп. Баласағұнда оқыған. Жасынан ерекше боп көзге түскен. Әкесi Мыңжық хан болған. Өкiл әкелерi де аз болмаған деседi. Жасы 18-ге толғанда пайғамбар болады. Алланың оған берген екiншi аты – Ескендiр Зұлқарнайын, Едiлге Алланың бұл дүниедегi ең үлкен қаһар қылышы табыс етiлiптi.
Едiл патша өлген соң денесiн бальзамдап Еуропадан елiне әкелiп, Шудың арнасын бұрып, өзеннiң табанына жерлеп, Шуды өз арнасына қайта салған екен. Алтын табытқа салып, асыл дүние-мүлкiн қоса жерлеген деген сөз бар. Жерлеуiне бес-ақ кiсi қатысыпты.
Едiл батыр өлген соң оның әйелi Айша патшалық құрыпты. Құдым-Айшаға да бас уәзiр болады.
Едiлден – Еллақ, Теңiзек, Ернақ, Ерназар, Өтеп, Бес-Қалмақ, Ұзынтұра деген ұлдары қалған. Ернағы Болгарияны билеген екен.
Едiл де – Аспантаудың ұрпағы. Бұлар жарты әлемдi билеген тектен шығады.
Ендiгi жерде тарихшылар да, жазушылар да, ақындар да әлемге әйгiлi Едiлдей бабамыздың құдыретiн, ерлiгiн, келбетiн сипаттап, жас ұрпақтың санасына ұялатса, кәнi.

28-30.IV.2007
Алдағы тойдың қамымен Жамбыл облысының басшыларына жолығып, ондағы ағайындармен бас қосып қайттым. «Баласағұн» сарайы, «Мөлдiр бұлақ» мейрамханасында, туған ауылда өтетiн шығармашылық кеш, той дастарханы, той жалғасы жайында кең ақылдастық.
Астана мен Тараздың арасы 1350 шақырым екен, шаршадық.

14.VI.2007
Жетпiс жылдығыма байланысты әзiрлiк жұмыстарымен, тойды өткiзу қа-мымен бiр жарым ай бойы қолыма қалам алып, күнделiк бетiн ашуға мұрша болмады. Ел таныған, елiңдi таныған кiсi болған соң бұған немқұрайды қарай алмадым.
Тойдың ойдағыдай өтуiне ағайын-туған, жора-жолдас, iнi-қарындастарым бiр кiсiдей жұмылып атсалысты. Президенттiк мәдениет орталығының қызметкерлерi де тегiс жұмылды.
Мерейтойдан 3-4 ай бұрын ғылыми конференция, ақындар айтысын өткiзейiк дейтiн ұсыныстар болды. Салтанатты кештi Конгресс-холда өткiзсек деп те ойладық. Жеме-жемге келгенде мен мұның бәрiн артық деп есептедiм. Сөйтiп: «Атанғаным Мырзатай ел арқасы» деп аталатын шығар-машылық кеш өткiзудi мақұл көрдiк. Кештiң сценарийi әзiрленiп, оған менiң «Тоты құс», «Дүние, шiркiн!», «Таразым», «Қыз дәурен – Ақбота», «Ел тiрегi», «Атанғаным Мырзатай ел арқасы» деп аталатын әндерiм ендi. Кеш соңына таман Аманжол Әлтаев, Эльмира Жаңабергенова арнау айтатын болды. Ресми құттықтауларға сөз осы кештен соң берiлетiн болды.
Кеш осы ретпен Астанада Президенттiк Мәдениет орталығында 27 мамыр күнi өттi. Зал лық толды. Сенат төрағасы Қ.Тоқаев, Мемлекеттiк хатшы Қ.Саудабаев, Бiлiм министрi Ж.Түймебаев, өзге де лауазымды кiсiлер, зиялылар қатысты. Президенттiң, Үкiметтiң құттықтау хаты оқылды. Қасым-Жомарт пен Жансейiттiң тебiренiс сөздерi жиналғандарға қатты ұнады.
Кештен соң «Салтанат сарайында» той дастарханы жайылды. Ағайындар ақтарылып сөйледi. Әбiш Кекiлбаевтың, Өмiрбек Бәйгелдiнiң, Төлен Әбдiктiң сөздерi жүрекке жылы естiлдi.
Осындай кеш Таразда (30.05) өттi. 31.05 күнi той менiң туған ауылым Ақтөбеде жалғасты. Ақтөбе ендiгi жерде «Мырзатай ауылы» деп аталатын болыпты.
Маусымның 2-i күнi той Алматыда, 8-9 күндерi Талдықорғанда жалғасты. Фараби атындағы Ұлттық университет менiң атымда стипендия берiлетiн болды, Жетiсу университетi арнайы кабинет ашты.
Аталған жерлерде тойдың ойдағыдай өтуiне облыс, қала, аудан әкiмдерi, iнiлерiм: Бөрiбай Жексембиев, Иманғали Тасмағамбетов, Серiк Үмбетов, Батырбек Күлекеев үлкен үлес қосты.
Мен жайында телефильмдер түсiрiлдi, телехабарлар берiлдi, газет-журналдарда көптеген мақалалар жазылды. Мақала тақырыптарының: «Қайраткер», «Сардар», «Тұлға», «Қазақ мәдениетiнiң Қаранары», «Жам-поз» т.с. аталуы, көптеген ақындардың өлең арнауы – менiң елге, халқыма сiңiрген еңбегiмнiң куәсiндей болды. Әсiресе, Фаризаның, Күләштiң, Жүр-сiннiң, Бауыржанның өлеңдерi ерекше болып, менi: тұлға, iрi, пiр, дана, хакiм деп те жатты. Осыларды есiтiп, кейде тiптi қысылғандай болады екенсiң.
Мақтағанды кiм жек көрсiн, жылы сөздер неге ұнамасын, ұнайды ғой, десе де, бұған мерейтойдың да ықпалы болмады деп айта алмаймын.
Қай жерде де жұрт сүрiнiп-жығылып жатты, ықылас, пейiл мол болды. Бала-шаға, жақын-жуық жанымда жүрдi. Ел-жұрттың ықыласына бөлендiм. Елбасы да арнайы телефон соғып құттықтады.
Бәрiне де ризамын. Мен – шын пейiлiммен халқымды сүйетiн адаммын. Қазақтың пейiлiндей ешбiр халықта пейiл жоқ. Сенгiш, нанғыш, аңқау елiмнiң құдай тiлегiн бере берсе екен деп тiлеймiн.
Халық жоқ болса, бiз де жоқпыз. Отансыздардан құдай сақтасын.
Туған жерiнде алшаң басып, туған елiңнiң тұнық ауасын жұтып, ел-жұрты-ңның ықыласына бөленiп, шапағатына шомылып жүргеннен асқан бақыт жоқ. Мен де сондай бақыттылар қатарындағы жанның бiрiмiн.
Құдай ел-жұртты аман қылсын, ауызбiршiлiгiмiздi алмасын, бергенiнен танбасын!
Мерейтойға орай, менiң «Күндерiмнiң куәсi», «Сөздi ұғатын кез келдi» дейтiн кiтаптарым шықты. Маған арналған «Қаламын жүрегiне сүйеген» дейтiн де кiтап шықты.

17.VI.2007
Бүгiн жексенбi. Талай жол жүрдiк, талай кездесулер өттi. Елдiң ыстық ықыласы, марапат, қошемет сөздер – осының бәрiн көтерiп кету үшiн де күш керек екен. Шаршап қалыппын. Бiрте-бiрте ес жия бастадым. Ұйқы да қанғандай.
Аллаға шүкiр, елдiң ықыласына бөлендiм. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет менiң атыма арнайы стипендия тағайындады. Жетiсу универ-ситетi кабинет ашты. Қаншама мақала жазылып, қаншама өлең арналды. Ағайынның сый-сияпатын көрдiк. Бәрiнен де елдiң сүрiнiп-жығылған пейi-лiне, аңқылдаған көңiлiне риза болдық. Астанада да, Таразда да, Алматы мен Талдықорғанда да жақсы мен жайсаң жиналды. Қошемет, құрмет көрсеттi. Бәрiне де ризамыз, Тәңiр жарылқасын.
Ендiгi бар мақсат – алақанына салып әлпештеген халықтың сенiмiн ақтай беру, үдесiнен шыға беру, қолдан келгенше қызмет ету.
(Жалғасы бар).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + eighteen =