КҮНДЕРІМНІҢ КУӘСІ

0 89

(Басы)
04.IV.2008

Белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жұбайы Нәсіп келіп, «Жұмекеннен қалған киіз, жез құман, поднос бар еді, соны осы Орталықтың музейіне тапсырсам деп едім», -деді.
Жұмекен – Әнұранның авто­ры, қайта жаңғыртқалы жатқан «Жаңа дәуірдің жаңа тарихы» атты мұражайды жасақтағанда, Әнұранның авторы ретінде Жұмекенге арнайы мүйіс жасаса болар еді. Ол үшін музейлік құнды мұралар керек: қолжазбалары, жазысқан хаттары, кітаптар, т.б.
Ақынның қамшысы, құйысқаны, домбырасы (Романенко) бар екен. Егер осылар болса, онда ұйымдастырамыз дедім.
Жұмекеннің де дүниеден өткеніне 25 жыл бопты. 48 жасында кетті. Атақ та алған жоқ, Алматыда оған көшенің аты да берілмепті. Сауытбектің «Сыйлыққа сыймайтын кісі еді» дегені дәл-ақ. Осы күні кім болса, сол алып жатқан сыйлықты Жұмекеннің алмағаны да жақсы болған. Сыйлықтың үлкені – ақынды халқы ардақтайды, «Менің Қазақстанымы» Әнұранға айналды. Жұмекен жан-жақты дарын­ды адам еді: талантты домбырашы, шебер прозаик те болатын. Бірақ, оны ақындығы жеңді.
Астана қаласының әкімі болып бүгін Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. Бұрынғы әкім Асқар Мамин «Қазақстан теміржолына» ауысыпты.

07.IV.2008

Үндістанның вице-президенті Мұхаммед Ансари жұбайымен Президенттік мәдениет орталығына келіп үнді елінің биі мен әнін тамашалады. Жанында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев болды.

18.IV.2008

Астанаға ақын Қадыр Мыр­за Әлі келді. Кеше маған телефон соғып, ақындығы туралы Еуразия университеті студенттерімен кездесу­де сөз сөйлеп беруімді сұрады.
Қадыр – ойлы, терең, ірі, ұлттық рухы күшті ақын. Келістім.
Бүгін университет залында кездесу өтті. Қадырдың ақындығы жөнінде сөз сөйледім. Ақын да, зал да жақсы қабылдады.

22.IV.2008

«Егемен Қазақстан» газетінде «Елімен етене Елбасы» деген айдар­мен, «Ән арқауы – елдік мұрат» деген тақырыппен, менің алғысөзіммен «Бәйтерек» деген әнім нотасы­мен жарияланды. Кіріспеде әннің қалай туылғаны жөнінде айтылды. Бұл ән, негізі 2005 жылы Прези­дент сайлауы алдында шыққан еді. Аты – «Ел тірегі». Таяуда оның атын «Бәйтерек» деп өзгертіп, сөзін Несіпбек Айтұлына қайта жаздырдым. Нотаға түсірген Ермұрат Үсенов.
Әннің кейінгі тексті бұрынғыдан әлдеқайда көтерілді.
Қазағым, қара орманым – байтақ елім,
Жақсыны, жаманды да байқап едің.
Асырған мерейіңді асқақтатып,
Елбасы – бойлап өскен Бәйтерегің!
Нұрсұлтан – ел тірегі, алтын діңгек,
Алыптың халқы ғана нарқын білмек.
Қазағым, шаттанатын кезің келді,
Алашқа қорған болар ұл туды деп.
Танытып терезесі теңдігіңді,
Әлемге әйгіледі елдігіңді!
Тереңге тамыр жайды Бәйтерегің,
Сақтай біл ұлан-байтақ кеңдігіңді.

28-30.IV.2008

Алматыға барып, мемлекеттік сыйлық комиссиясының әдебиет жөніндегі секциясының іріктеуге арналған мәжілісіне қатысып қайттым.
Әдебиеттен берілетін сыйлық біреу, ұсынылған шығарма 25 екен. Алғашқы іріктеуден соның алтауы өтті.
Мемлекеттік түгіл осы күндері әркім өзі тағайындап, өздері беріп жатқан сыйлыққа да татымайтын шығармалар, еңбектер бар екен. «Қазақстандағы генералдардың анықтамасы» деп аталатын кітап та ұсынылыпты. Ішінде Рахат Әлиев те, Әлнұр Мұсаев та жүр.
Мемлекеттік сыйлық жылдың ең үздік шығармасына беріледі десек, тізімде түкке татымайтын, есімін адам білмейтіндердің де кітаптары жүр. Осыған қарағанда, мемлекеттік сыйлықты да жұрт еріккеннің ермегіне айналдырып алғанға ұқсайды.
Бұрынғыдай цензура, Главлито жоқ, ақшасы барлар қардай боратып кітап шығарып жатыр. Онда не мазмұн, не мағына жоқ, ешбір талапқа сай келмейтін кітаптар көп-ақ. Әр ауылда батырға арнап ескерткіш қойғандай, жұрт том-том мемуар шығара бастады. Құдай ақырын берсін.
Осының кесірінен болу керек, мен әдебиетші болсам да, сыйлыққа ұсынылған кітаптың біразының авто­рын білмейтін болып шықтым.
Комиссия мүшелері өз пікірлерін ортаға салды. Әртүрлі пікір айтылды.
Кейбір бәйгеге тіккен шығармалар туралы ойымды мен де ортаға салдым.
Мәселен, Ақсұңқарұлы «Төбемнен жауһар жауып тұр» дейтін жыр жинағын ұсыныпты. Автордың жақсы ақын екенін бәріміз де жақсы білеміз. Десе де жинақтағы «Құл мен күңнің түсігі», «Астанаға, Ақ ордаға шау­ып кір», яки «Қазақ бомж болды» дейтін өлеңдеріне қайран қалдым. Бүгінгі жақсылықты ақын көргісі де келмейтін секілді, оның үстіне әлгі өлеңдер қазақты заңсыздыққа, билікті басып, тартып алуға шақырып тұрған секілді.
Қалай айтам десе де автордың өз еркі ғой, бірақ елді заңсыздыққа бастаудың, жаугершілікке үндеудің қазір ешқандай қисыны жоқ. Мұндай жинаққа мемлекет неге сыйлық беру керек?

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + sixteen =