КҮНДЕРІМНІҢ КУӘСІ

0 106

(Басы)

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері

(Жарияланбаған жазбалар)

03.III.2008

Елге қайттық. Елші, қызым Айым самолет ішіне дейін шығарып салды. Біз Әлішер екеуміз кетіп бара жатқан соң, бүкіл ел қосылып көшіп бара жатқандай көрінді ме, Айым жылап қалды. Көзімнен таса болғанша мен де терезеден сығалап қызыма қарап отырдым. Осыны көрген Әбдіжәміл Нұрпейісов:
– Шіркін, бала-ай десейші, – деп қалды.
Парижге менің үшінші келуім. Келген сайын қызықтаймын. Тамаша қала. Ару қала. Әсем қала. Мұндай қалалардың ұлылығы үйлерінің биіктігінде емес, ғажайып архитектурасында, көшелерінің кеңдігінде, алаңдарының, саябақтарының, гүлзарларының көптігінде, әдемілігінде. Парижды өзге қалалармен шатас-тырып алмайтыныңыз, біркелкі бірдей көрінген үйлердің әсемдігінде, әрқайсысының өз алдына аяқталған тұтас шығарма тәрізді көрінетін сұлулығында, көздің жауын алатын нақыштарында. Моншақтай тізілген балкондары да ерекше сән береді.
Машина, трамвай, троллейбус жоқ, атты арбамен жүрген заманда Петр І Петроградты салды. Нева проспектісін, Набережнаяны (жағалауды) салды. Париж де Сена өзенін жағалай салынған.
Әбдіжәміл ағамызбен біраз әңгімелестік, көптен көріспеген едік, ой бөлісіп, шер тарқаттық.
Бізде, басқаны былай қойғанда, мемлекеттік сыйлықтың да қадірі болмай бара жатыр. Кім болса сол алады. Оны әркім өзді-өзі ұсынып, ала шапқынға түсіп, комиссия мүшелерінің соңынан қалмай жүріп, әртүрлі жолмен алады. Қадірі қайдан болсын.
Бізде 700 «жазушы» бар, шын жазушысы 70-ке жетсе де болар еді, көбін адам білмейді. Сол адам білмейтін белгісіздердің кейбіреуі де сыйлық алды.
Біздің «жазушылардың» бәрі шетінен «ұлы». Таң қаласың.
Менің білуімше, орыста Шолоховтан кейінгі ұлы жазушылар А.Твардовский, Л.Леонов, бірақ оларды ұлы жазушы деп ешкім атамайды. Бізде түкке тұрмайтын жазушысымақтар ұлылыққа таласып әлек болуда. Мақтан сүйгіш.

27.III.2008

«Фариза және сіңлілері» атты Фариза Оңғарсынованың кеші өтті. Мен кешті ашып бердім.

28.III.2008

Уәлихан Қалижанның 60 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті.
Кешті мен аштым. Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов, өзге де кісілер құттықтады.

29.III.2008

Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданынан, Сүлейменов Ахмедия Ығысбайұлынан хат келді. Ол кісі Қожахметов Алтынбек секілді Қаздауысты Қазбек би атамыздың ұрпағы болады.
Қазыбек – Қазымбет – Анай – Таң – Сүлеймен – Ығысбай – Ахмедия. Ахмедиядан – Мәди, Серік. Демек, Ахмедия Қазыбек бидің алтыншы ұрпағы болып келеді.
Алтынбек те – бидің алтыншы ұрпағы. Қазыбек – Бекболат би – Тіленші – Берлі – Божан – Қожахмет. Қожахметтен Алтынбек. Бұл кісі Егіндібұлақтың ең шеткі ауылы Едірейде тұрады. Қазыбек атамыздың шапаны осы кісінің қолында. Ырым қылып қазақ шапанды жеңіне дейін тәбәрік ретінде қиып ала берген. Шапаны бүгінде іріп тұр. Қалпына келтіру де оңай емес. Мен бірнеше рет қолқа салдым, бірақ шапанды бермеді. Абылайдың шапанын ұлықтағанда да көрсетуге әкелмеді.
Енді, міне, Ахмедия Ығысбайұлынан қуанышты хат келді. Олар менің «Егемен Қазақстандағы» мақаламды оқыған, «Қазақстан» телеканалынан «Діңгек» хабарынан Қазыбек бидің шапаны туралы әңгімемді естіген, әулет Мақтамасаң өкпелейді, талағы тарс айырылады.

14.III.2008

Филология ғылымдарының докторы Бақытжан Хасановтың 70 жылдық тойына қатыстым. Мен, Мәрия, Бақытжан, оның әйелі Секерхан бәріміз университетті 5 жыл бірге оқып бітірдік. Аңқылдақ, ар-дың-гүрдің, сайқымазақтау жігіт еді. Классикалық күреспен айналысты. Еңбектің нәтижесінде тіл білімі саласында әжептеуір нәтижеге жетті. Көптеген ғылым докторларын, кандидаттарын әзірлепті. Мен бірде-бір ғылым докторын дайындаған жоқпын. Оған мұршам да болмады. Онан соң ұстаздықты мен өзгешелеу түсінемін. Шын ұстаздықтың жөні бөлек. Бүгінгідей тиіп-қашып «жетекшілік» жасағанды ұстаздық деу қиын.
Конференцияда бірінші маған сөз берді. Студент, білім, ғылым туралы біраз әңгіме айттым. Кешкісін тойында болдық. Айқай-шу басым болды. Той иесі қуаныштан көп биледі. Бидің өзі де жасына қарай жараса ма деп қалдым. Жас келген соң арбаңдап, қалай майысқың келсе де оғаштығы көрініп тұрады екен. Біз ертерек кетіп қалдық.болып ақылдасып, шапанды Орталыққа беруді шешіпті.
Мен енді осының жолын ойластыруға кірістім.

31.III.2008

Ресейдің «Русский фондымен» Президенттік мәдениет орталығы арасында осында «Орыс орталығын» ашу туралы келісімшартқа қол қойдық. Бұл қорды Президент Путин орыс тілін, орыс мәдениетін қорғау үшін, орыстың рухын көтеру үшін өзінің жарлығымен ашқан екен. Қордың атқарушы директоры – Вячеслав Никонов, белгілі саясаттанушы Вячеслав Михайлович Молотовтың немересі.
Бұл қор біздің орталыққа орг. техника, өзге де құралдар береді, кітапхана жасақтайды.

01.IV.2008

Жас, талантты биші Әсел Әлібековаға Наурыз мерекесі күндері Сочиде өтетін Халықаралық конкурсқа қатысуына демеушлік жасап едік, бүгін осында келді, үлкен табыспен оралыпты: Гран-при алыпты. Мәз. Шешесі екеуі алғысын жаудырды. Қуаныштарында шек жоқ. Жетімге қол ұшын берген жақсы, қайырымы тиеді.

02.IV.2008

«Ғалымдардың Еуразиялық Одағы» қоғамдық қорының директоры, философия ғылымдарының докторы Андрей Васильевич Голубев келді. Мен осы Одақтың Президенті боламын. Ол «Тюркский перекресток Приуралья» атты музей құрудың жобасын алып келіпті. Идеясы жақсы. Оны қайда, қалай құрамыз, экспонаттарды қайдан табамыз – бұл мәселелерді бас қосып талқылауымыз керек. Мұндай музей жасалса, еліміздің батыс өлкесінде байырғы түрк тарихымен танысудың, олардың тұрмысымен, мәдениетімен, дүниетанымымен танысудың мүмкіндігі туар еді. Бұл түптеп келгенде, бір жағынан, біздің арғы тарихымыз ғой, жас ұрпақтың мұны білгені жақсы.

03.IV.2008

Атақты скрипкашы Марат Бейсенғалиев пен Сапар Ысқақов келіп кетті. Сапар Маратпен бірігіп былтыр Лондонда «Альберт-холда» қазақ музыкасының кешін өткізген еді. Ол жайында арнайы диск шығарып таратты. Олар бұл кешті ұзақ дайындапты. Ұлыбританияның белгілі композиторы Карл Дженкинске «Тілеп» деген арнайы музыкалық шығарма жаздырған, ондағы хорды айту үшін финдердің алты әнші қыздарын шақырған. 8 мың кісі сыятын «Альберт-холл» адам сыймай кернеп кетіпті. Одан соң «Тілеп» атты музыкалық кешті осы Астанада, одан соң Токиода өткізіп еді.
Осының бәрін ұйымдастырып, қаржыландырып жүрген Сапар Ысқақов.
Сапар, аты айтып тұрғандай, дүниежүзін түгел аралаған, тыным таппай жер-дүниені кезетін жаһангер адам, Тілеп деген атақты бақсының ұрпағы екен. Торғай өңірінде Тілеп аты аңызға айналған кісі екен. Сол кісіге арнап музыка жаздырып, оны әлем сахнасында орындатып, дәріптеп жүргенін көрмеймісің.
Ол ол ма, тағы да әлгі ағылшын композиторын Карл Дженкинске «Сары қыз» деген оркестрмен скрипкаға арнайы шығарма жаздырып, оның да тұсаукесерін АҚШ-та «Карнеги-холда» өткізіп, жазда Астанаға алып келмекші. «Сары қыздың» денін қазақ музыкасы құрайтын көрінеді. Бір ғажабы, әлем композиторлары, әсіресе, орыс композиторлары баяғы замандардан өз операларында қазақ музыкасын әдемі пайдаланып келеді. Оның ұтымды, жақсы бір үлгісін «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларында Е.Брусиловский де ғажап пайдаланып еді. Неге екені белгісіз, қазақ композиторлары өз асылының қадіріне әлі жете алмай келеді. Карл Дженкинс «Сары қызда» Абайдың әндерін, «Жайдарман» секілді қазақтың ғажап өнерін ұтымды пайдаланған көрінеді. Қазақ музыкасының орыс операларында пайдаланғаны жөнінде композитор Б.Г. Ерзакович кезінде жақсы жазып еді.
Сапардың «Сары қызы» – өзінің бабасы Тілеп ғашық болған Сары қыз. Сары қызға арнап ана бір жылдары Сапар Несіпбекке поэма жаздырып еді. Оның ол поэмасы Несіпбектің жыр жинағына енді. Кейбіреулер тек баюды ғана ойлайды, ал Сапардың тапқан табысының біразын аталарының рухын ардақтауға арнап жүргені – құптарлық-ақ ниет.
Өкініші, әлемді таңдандырған – қазақ музыкасы қазақ жерінің шекарасынан әлі аса алмай жүр. Бұл да көкейден кетпейтін оқиға.
Мал, дүние жиған жігіттер бір сәт осыны да ойланса болар еді.

(Жалғасы бар)

P.S.
Мырзатай Жолдасбековтың 75 жасқа толуына орай, мамырдың 23-і күні ҚР Ұлттық мұрағатында «Тұлға тағылымы» атты құжаттық көрме ашылады. Мамырдың 25-сінде Л.Гумилев атындағы Ұлттық университетте «Қазіргі түркологияның өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтеді. Ал, ғалымның туған күні, мамырдың 27-сінде К.Байсейітова атындағы Ұлттық Опера және балет театрында «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты шығармашылық кеш болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =