КҮНДЕРІМНІҢ КУӘСІ

0 170

(басы)

10.II.2008

Мәрияның анасы, менің енем Мәзкура биыл тоқсан екіде. Былтырға дейін өз аяғымен жүрген кісі еді, жамбасын сындырып, өткен жылдың қараша айынан бері төсек тартып жатып қалды. Кәріп болды.

Енеміз менің қолыма, ұмытпасам, тұңғышымыз Ғайни туған 1961 жылы келді. Атыраудан келді, жетегінде 7 жасар Асқар деген ұлы бар. Содан бері қиындықты да, жоқшылықты да, жақсылықты да бірге көріп келеміз. Үйсіз, күйсіз де жүрдік. Бәріне де шыдадық. Ол кезде пәтер жалдаймыз. Үйі бардың бәрі орыс. Солар бала-шағасы барларды үйіне жолатпай ит қосқандай қуушы еді. Алматының біз кезбеген көшесі, сандалмаған бұрышы қалмайтын. Қазақтың жа­стары түгілі, жасамыстарының да көбі үйсіз еді ол кезде. Өліп-талып жүріп университеттің жатақханасының бір бөлмесіне қолымыз жетті. Пейіштің төріне шыққандай болдық. Бұрын біреудің пәтерінде тұрғанда ішімізден тынып, аяғымыздың ұшымен жүруші ек, енді, құдайға шүкір, еркін жүретін болдық. Сондағымыз бір-ақ бөлме. Бір төсек, бір шифонеріміз бар. Төсекте енем, қасында Ғайни жатады; жерде біз Мәрия екеуміз кішкентай Әлияны ортамызға алып жатамыз. Асқар төсектің астына жатады.

Бізде де жұрт қатарлы пәтер болар ма екен деп армандайтынбыз. Кейін, құдайға шүкір, арманымыз орындал­ды – пәтерлі де, дәрежелі де болдық.

Қиналып, қысылып, қымтырылып жүргеннің өзінде де мен енеме бір ауыз сөз айтып көрген жан емеспін. Қыздарым «Дәу мама» дейді, біз «Дәу» дейтінбіз. Жаны жайсаң, қолы ашық, сөзге шешен, елгезек кісі.

Дәу бүгінде Астанада, Асқардың қолында. Жасы келді, жамбасын сындырып алды, төсек тартып жа­тыр.

Кеше мен барғанымда, маған шағынып жылады:

– Алланың қай күні алатынын қайдам, өстіп қор боп қалдым, саған ризамын, елу жыл бақтың, бір сөзге келген емессің, аман бол, осылай жарқырап жүре бер, – деп батасын берді. Қабыл болсын!

Бүкіл әулет, төңірегіміздегі ағайын-туған біздің қолымызға қарайды. Ештеңемізді аянып қалғанымыз жоқ, қолдан келгенше жақын-жуыққа қарайласып келеміз.

Сөйтіп, шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік етіп жүрміз.

14.II.2008

Моңғол Академиясы археоло­гия институтының директоры Д.Цэвээндоржды қабылдадым. Онымен Зейнолла Самашев, Нәпіл Базылжан бірге келді.

Мен былтыр басшылардың ал­дында Моңғолиядағы Ордабалықты қазу жұмысына ақша бөлуді, сөйтіп, «Мәдени мұра» жобасы аясында Түрік қағанатының астанасын қазу жұмысына кірісуіміз керек екенін мәселе етіп қойған едім. Біздің тара­пымыздан бұл жұмысқа Самашевты қатыстыруды ұсындым.

Былтыр 5 млн теңге бөлініп, Самашев барлау жасап келді. Онда қазба жұмысына бізден бұрын неміс археологтары кірісіп кеткен еді.

Ордабалық – үлкен қала, біздің бұрынғы астанамыз.

Моңғолия археология институтының қолында көп билік бар. Қазба жұмысына лицензия беретін де солар. Сондықтан, сол институттың директоры Д.Цэвээндоржды шақырған едім. Бүгін келді. Кездестік. Әңгімелестік. Талқыладық. Келістік. Түсіністік. Нәтижесінде Цэвээндорж біздің ғалымдардың қазба жұмысын жүргізуіне кең жол ашатын болды.

Бұл, түптеп келгенде, Қазақ мемлекеттілігі тарихының бастауларының көзін ашуға көп септігін тигізетін игілікті іс болмақшы. Енді осыған «Мәдени мұра» тарапынан қомақты қаржы бөлуді ойластыруым керек. Сөйтіп, біз байырғы байтақ тарихымыздың көзін аша беруіміз керек.

Түстен кейін «Вести» каналы­нан Ресей Президенті Владимир Путиннің пресс-конференциясы өтті. Репортаж тікелей берілді. 1364 журналист қатысты. Бұл Путиннің 7 рет және Президент ретінде соңғы кездесуі еді. Талантты, дарынды, ерекше жаратылған кісі ғой, әңгіме өткір, ашық болды. Сұрақтардың бәріне де дәл, нақты, қаймықпай, батыл жауап берді. «Президент болған жеті жылда еліме, халқыма құлша жұмыс істедім. Оның бәрін ел көріп отыр» деді сөзінде. АҚШ-тың, ОБСЕ-нің, өзге де батыс елдерінің атына батыл сындар айтты. Демо­кратия базар емес, халық билігі, Тәуелсіздік, ұлттық қауіпсіздік ту­ралы сүйектен өтетін сөздер айтты. Елінің шын мәніндегі лидері, патрио-ты екенін дәлелдеді. Билікті 4 жылға Медведевке беріп, өзі Үкіметті басқарып, төрт жылдан соң екеуі орын алмасатын сыңайлы. Әңгіменің төркіні осыған саяды.

Медведев пен Путиннің адалдығы өмірде дәлелденеді-ау деген ойға келдім.

15.II.2008

Айша Ғалымбаеваның сурет көрмесін аштық. Бүгінде 90 жасқа толып отырған Халық суретшісінің әйелдер бейнесін сомдауда, қазақ киім үлгілерін бейнелеуде орны ерек­ше. Ел жақсы жиналды.

16-19.II.2008

Өткен жылы 40 миллиардтан астам бюджет қаржысы игерілмей қалды дегенді газеттен оқыдым. Енді Астананың он жылдығына әзірлік басталды. Баяғыдай көрінген әншіні шақырып, халықтың ақшасы шетелдіктердің қалтасында кетпесе болғаны. Жалпы, 10 жыл – айтулы мереке емес, қалыптасу жылда­ры. Кейін Астананың 100, 500, 1000 жылдығын дүрілдетіп той­лап жатсын ұрпағымыз. Әзірге біз көрпемізге қарай көсілсек болады.

Ішіп-жеп кетеді, бәрі де ұмытылады. Сол қаражатты үйсіз, күйсіздерге жағдай жасаса жөн болар еді.

Біз болсақ, Президенттік мәдениет орталығында қазіргі Қазақстан тарихының мұражайын жасайық деп биліктен қол жайып ақша сұрағанымызға екі жыл болды. Бірақ Орталықтың күн көрісінен артылатын алақанымызға соқыр тиын түспей отыр. Қазақстан мемлекеттігінің сан ғасырлық байырғы тарихы бар деп айтамыз ғой, бірақ қазақ даласында ілгеріде дәурен сүрген елдердің құрамында қазақ ру­лары болғанымен, оларды қазақ мемлекеті еді деп ешкім айта алмай­ды. Оның үстіне олардың көбі мем­лекет дәрежесіне көтеріле алған жоқ. Байырғы қазақ жерінде құрылған ел­дерде тек мемлекеттіктің нышандары ғана болған еді. Шекарасы, кедені, әскері, Ата заңы, теңгесі болмаған ел мемлекет ретінде танылмайды. Біздің дербес мемлекеттігіміздің тарихы 1991 жылдан, Қазақстан аталып, тәуелсіздік алған кезден басталады. Оның өзінде де біз тәуелсіздік дейтінімізге ес жиып, етек жауып 1995 жылдан бергі жерде жете бастадық. Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастыққа мүше болды, көптеген халықаралық ұйымдардың қатарына кірді, әлем таныды, 2010 жылы ОБСЕ-ні басқарады.

Енді осы Қазақстан тарихының музейін жасайық десек, қаражат таппай дал болып отырмыз. Соңғы күндері, «үмітсіз – сайтан» деп, тағы да бюджетті анықтайтын тұсқа құжаттарымызды әзірлеп, тағы да билікке алақан жаймақшымыз. Бұдан не шығатынын уақыт көрсетеді.

28.II.2008

Алматыдан Парижге Ақтөбе арқылы арнайы рейспен ұштық. Мақсат – Еуропа төрінде айтыс өткізу. Ақтөбеге 2 сағат 40 минут ұштық. Онда екі сағат тұрдық. Парижге 5.30 сағат ұшып келіп қондық. Аэропортта елші Аман­жол Жанқұлиев, өзге дипломаттар, сондағы қазақ диаспорасы өкілдері қарсы алды. Менің қызым Айым да келіп қарсы алды. Айым Әлішер екеумізді көргенде жүрегі жарылар­дай қуанды.

Париждің қақ төрінде Триумфаль­ная арканың дәл түбіндегі Ош дейтін көшеде орналасқан «Royal Monceau» дейтін бес жұлдызды мейманханаға жайғастық. Әлішер екеуміз бір нөмірде тұрдық. Кеткенше Айым жанымызда болды.

01.III.2008

Айтыс өтті. Арасында ән айтылды, күй тартылды. Айтысты Еуропаның оншақты елінен қандастарымыз келіп, тамашалады.

(Жалғасы)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 11 =