Күнделікті жұмыс – жайлы қала жасау

0 23

Елордада тұрғындарға қолайлы өмір сүру үшін жағдай жасаудағы басымдықтардың бірі – жолдарды салу және жөндеу, қоғамдық көлікке арналған Bus Lane желісін кеңейту, веложол құру болып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша климаттық жағдайға байланысты абаттандыру мен жол жұмыстарын жүргізу маусымы қысқа – жылы мезгіл 7 айға дейін ғана созылады. Сондықтан қалада жолдарды жөндеу және аудандарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

«Биыл елордада 100-ден аса көше салынып, жөндеуден өткізіледі. Өткен жылдағыдай, қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге баса назар аударамыз. Бүгін бірқатар көшелердегі жол жұмыстарының барысымен таныстым. Мысалы, Ю.Малахов көшесінде (Р.Дүйсенбаев көшесінен Сусамыр көшесіне дейін), Космонавтов көшесінде (Қабанбай батыр даңғылынан Арай көшесіне дейін), М.Төлебаев көшесінде (Б.Момышұлы даңғылынан Р.Қошқарбаев даңғылына дейін), М.Горький көшесінде (Ж.Жабаев көшесінен Т.Мұсабаев көшесіне дейін) және т.б. ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге тағы 37 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Цирк ғимаратының айналасында жолдың орташа жөндеуі аяқталды. Ол бойынша бірнеше рет өтініштер келіп түсті» деп жазды қала әкімі өзінің әлеуметтік желі парақшасында.
Сонымен қатар Түркістан көшесінің бойындағы (Ұлы дала даңғылынан Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейін) бөлу жолағын қайта жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі. Бұл жолды төрт жолақтан алты жолаққа дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жазда Bus Lane жолағын іске қосылады. Сондай-ақ сол учаскеде саябақ пайда болады. Өткен жылы, бөлу жолағы Мәңгілік Ел даңғылы бойынша бөлшектелді. Бұл машиналар ағынын азайтуға мүмкіндік берді.
«Сапасыз жөнделген және салынған жолдарды қабылдамаймыз. Мердігер өз есебінен қалпына келтіреді, ал жұмысына немқұрайлы қарайтын компаниялармен келісімшарттарды тоқтатамыз. Өткен жылы 173-тен астам көшені, соның ішінде қаланың елді мекендеріндегі көшелерді жөндедік. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу саласында 4 мыңнан астам жұмысшы орны құрылды» деді Алтай Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 1 =