КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ЖОЛ САПАСЫ

0 148

Астаналық Автомобиль жолдары басқармасы әкімдіктің «Elorda Aqparat» медиа-ресурсымен бірлесіп, БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Онда журналистер қала жолдарының құрылысы барысымен танысып, жөндеу жұмыстарын бақылады.

Елордамыз күннен-күнге қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінде қаланың көлік жүйесі 953 көшеден тұрады, оның жалпы ұзындығы 1049 км құрайды. Қазіргі таңда Астана халқы миллионға жетіп, үлкен мегаполиске айналды. Көліктің саны өсіп, ұзын жолдың бо­йын­да кептеліс пайда болды. Бұл – үлкен шаһарлардың бас ауруына айналған мәселе. Қала әкімдігі көлік жүктемесін оң шешу үшін бірталай жобаны қолға алған. Қаладағы кіші айналма жолдың құрылысы көлік жүктемесін шешуге мүмкіндік берді. Оның жалпы ұзындығы – 35,0 км.

Кіші айналма жол тәулігіне 90 мыңнан аса автокөлікті өткізуге қабілетті. 2021 жылы 20 мың автокөлік қала орталығын айналып өтеді деп жоспарлануда. Біз алдымен Н.Тілендиев даңғылындағы сол жағалауға жалғасатын жылу жолын салып жатқан нысанға келдік. Құрылыс жұмысы 15 сәуірде басталған. Автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Болат Сәулебаевтың айтуынша, биыл 52 көшенің жолдарына орташа жөндеу, яғни 40 км жол жөнделмек. Оған 5,5 миллиард теңге бөлінген. Сонымен бірге, 17 км жаңа жолдар салынады.

8989

– Қазір Н.Тілендиев даңғылының бойындағы жылу жолының құрылысын көріп отыр­мыз. Құрылыс 15 мамырға дейін аяқталады. Жұмыс қарқынды жүруде. Биыл басқарманың атқаратын жоспары көп. Онда көптеген шаралар қарастырылды. Айталық, Қошқарбаев көшесінің (№14) құрылысы тәмамдалады.

Сондай-ақ, Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Тілендиев даңғылынан Конституция көшесіне дейінгі құрылысты жалғастыруға жер телімдері қайтарылады. Ол Ақжол көшесіне жалғасып, қаланың ескі орталығын айналып өтуге жағдай жасайды. Сонымен бірге, Сығанақ көшесінен Ұлы Дала көшесіне дейін Бейсекова көшесінің құрылысы жалғасады, оның ұзындығы – 2,9 км. Тұран көшесінен Бейсекова көшесіне дейін Сарайшық көшесімен өтпежол ашылады. Бұл транзиттік көліктерге қаланың сол жағалауының орталығын айналып өтіп, Тұран, Қабанбай батыр, Мәңгілік ел даңғылдарындағы қозғалыс­ты азайтады, – деп сөзін бір түйіндеп өтті.

0

Сонымен қатар, ол басқарманың биылғы бағыттарының бірі – қаланың инженерлік-көліктік инфрақұрылымын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге, жаңа теміржол вокзалына, «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешеніне, сондай-ақ, көрме қарсаңында іске қосылатын басқа да ірі нысандарға дайындау екендігін жеткізді. Осы жерде журналистер қаладағы жолдың сапасы жайында мәселе көтерді. «Салынған жолдар неге ұзаққа шыдамайды, әлде атқарылған жұмыстар ықылассыз жүргізіле ме?» деген сұрақтар қарша жауды. Оған Болат Сәулебаев орнықты жауап берді.978

«Әрине, қыстан кейін кейбір жолдарда кедір-бұдырлар пайда болады. Оны мойындаймыз. Бірақ барлық жол сондай болады деп айта алмаймын. Бізде жол салған мердігермен келісімшарт жасалады. Ол 5 жылға дейін жаңа жолға ке­­піл­дік береді. Егер осы аралықта жолда ақаулар пайда болса, өз қаражатына жөндейді. Негізі, жолдың сапасын арнайы мамандар тексереді. Өткен жылы Астанада жол зертханасы ашылды. Біздегі қолданған технологияларды өзге елдер де пайдаланады. Қазір асфальтқа жаңа материалдар төселуде. Оның бәрі елорданың ауа райы­на байланысты таңдалған. Сол үшін эксперименталдық участок ашылды. Жаңа материалдарды Н.Тілендиев пен Абылай хан даңғылына пайдаландық. Егер ол ауа райына шыдас берсе, басқа көшелерге де қолданамыз» дейді басқарма басшысының орынбасары.

0

Болат Сәулебаев бізге тағы бір мысал келтірді. Дәлелі орнықты. Шындығында, қалада көлік қозғалысы өте көп. Елордада 400 мыңның шамасында автокөлік бар екен. Кейбір үйде әрбір адам басында бір көліктен бар екенін естиміз. Мәселен, 7 мың көлік жолдың бір жолағымен жүргенде, ол жол 5 жылдан кейін күрделі жөндеуді талап етеді. Ал Астанада бір жолақпен 30 мың көлікке дейін жүреді. Содан-ақ жолдың сапасын біле беріңіз.

8

Одан кейін журналистер Қабанбай батыр даңғылының бойындағы инженерлік желі құрылысы жүріп жатқан нысанды барып көрді. Бұл жерде үш көшеге инженерлік желілер тартылуда. Оның бәрі әлемдік деңгейдегі маңызды көрменің ашылуына дейін толық тәмамдалады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 8 =