Күн тәртібінде – қауіпсіздік

0 105

Әлемдік экономикалық және саяси кеңістіктің бір бөлігі ретінде танылатын Қазақстан үшін қауіпсіздік мәселесі өзекті екендігі – түсінікті жайт. Сондықтан қауіпсіздік пен тұтастық мәселелерінде біз үнемі қырағы болуға тиіспіз. Бұған негіз де жоқ емес. Білікті мамандардың арнайы зерттеу­леріне сүйенсек, екінші дүние­жүзілік соғыстан бері әлемде 170 рет соғыс өрті тұтаныпты. Бүгінгі күні де төрт құрылықта 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыстар орын алуда. 

Мәселен, Сириядағы жағдайды алайық. Осындағы Сирия билігі мен оппозиция арасындағы әскери қақтығыстың алпауыт мемлекеттер текетіресі түрінде өрбіп отырғандығын аңғаруға болады. Бұған таяуда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Сирияның Идлиб провинциясында Сирия әуе күштерінің шабуылы кезінде химиялық қару қолданылғанын тексеру туралы резолюциясы жобасын талқылағанда Қауіпсіздік кеңесінің 10 мүшесі аталмыш құжатты қолдап дауыс берсе, Ресей мен Боливия қарсы болды. Ал Қазақстан, Қытай және Эфиопия қалыс қалды. Сөйтіп Қазақстан бұл мәселе төңірегінде «Астана процесі» деген атауға ие болған Сирия дағдарысын бейбіт түрде реттеу үрдісіне адалдығын танытып, мүмкіндігінше соғыс қау­пін сейілтуге барынша ұмтылды.

Өкінішке қарай, соғыс қаупі Корей түбегінде қоюлана түскендей. Тіпті кейбір саяси сарапшылардың болжауынша, мұнда үшінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанып кетуі де әбден мүмкін. Оған өткен жылдың басында Корей халық демократиялық рес­публикасы (КХДР) тарапынан ядролық сынақ жасалып, жасанды жер серігі бар баллистикалық ракетаның ұшырылғаны, 2016 жылғы қыркү­йекте тағы бір ядролық сынақ пен жыл бойы жалпы саны 20 ракетаны ұшырғаны, сондай-ақ осы жылы да ракеталардың ұшырылып жатқаны, Пекин мен Мәскеудің қарсылықтарына қарамастан КХДР аумағында THAAD ракета кешенінің орналас­тырыла бастауы себеп болып отыр. АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Майкл Помпеоның айтуына қарағанда, КХДР АҚШ мемлекетіне қарсы ядролық қару қолдануға тас-түйін дайын және ол Оңтүстік Кореяны да өзінің тікелей нысанына алып отыр. Осыған байланысты 9 сәуірде АҚШ Қарулы күштерінің Тынық мұхит әскери командасы Корей түбегіне Carl Vinson авианосец бастаған үлкен қарулы топты жіберіп отыр және бұл әскери күш 15 сәуірде діттеген жеріне жетпекші. Бір сөзбен айтқанда, әлем үлкен қауіптің алдында…

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 15 =