Күн тәртібінде – коронавирус

0 108

  Кеше Қазақстанда үш адамнан коронавирус анықталды. Екеуі Алматыдан болса, біреуі – Нұр-Сұлтан қаласынан. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті. Осы жағдайға байланысты кешенді іс-шаралар қолға алынды.

Елордалық басқарма басшысы Италияның Милан қаласынан Мәскеу арқылы Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келген 90 жолаушының арасынан бір адамда коронавирустық инфекция анықталғанын айтып, оның шұғыл түрде карантинге жатқызылғанын жеткізді. Онымен бірге ұшып келген 20 адам да ауруханаға жатқызылды. Ал басқа жолаушылар бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тарапынан арнайы штаб құрылып, вирустың таралуының алдын алу бо­йынша ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Коронавирус таралуының алдын алу мақсатында Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы эпидемиоло­гияға қарсы режимді сақтай отырып, бірқатар шара жүргізеді.

Үш айдан бері Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, Қазақстанда коронавирустың алдын алу бойынша көп шараларды іске асырды. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылды. Бұл ақпарат бірнеше рет қайта тексерілді. Кеше Алматы қаласындағы лабораторияда Германиядан келген екі азаматтан анықталған. Денсаулық сақтау министрі бұл пациенттер карантиндік стационарға жатқызылғанын мәлім етті. «Барлық шаралар осыған дейін бекітілген алгоритм бойынша енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта пациенттердің жағдайы жақсы. Жалпы, бүкіл қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. Соның ішінде изоляция, карантин, қажетті ем-процедуралар. Біз күшті халықпыз. Көп қиындықтан өткенбіз. Бұл қиындықтан да бірге өтеміз деп сенемін» дейді Елжан Біртанов.

Елордада штаб құрылды

Нұр-Сұлтан қаласы Қо­ғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавируспен күресте Қытайдың, Оңтүстік Кореяның және басқа да елдердің әлемдік тәжірибелері зерделенгенін жеткізді. Аталған тәжірибелер коронавируспен күресте қолданылатын болады.
Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектермен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.Медициналық маска жеткілікті

Нұрсұлтан қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Исақовтың айтуынша, Шымкентте өндірілген медициналық маскалардың алғашқы 100 мың данасы қала дәріханаларына жеткізіледі деп күтіліп отыр. Зекен Исақов медициналық бетперделердің бағасы туралы түсіндірді. «Қазір зауытта 49 теңгемен берілетін болады, ал жекелеген сауда үшін біз 56 теңгеден ұсынып отыр­мыз» деді Зекен Исақов. Ол сондай-ақ қауымдастықпен меморандумға қол қойылғанын, бағаны ұстап тұруға тырысатынын жеткізді. Елордада санитарлық және инфекциялық режим күшейтілген. Коронавирус таралған жағдайда қарсы әрекет ету шаралары қабылданып, медицина қызметкерлеріне іс-әрекет алгоритмі үйретілген. Сонымен қатар ол қауіпті вирустан сақтану жолдарын да айтты. «Жеке гигиенаны сақтау қажет. Қорғанудың ең оңай тәсілі барынша тиімді болып келеді. Бетперде (маска) вирустан қорғалатындығыңызға кепіл бола алмайды. Дегенмен оны тағу, шешу және кәдеге жарату ережесі бар. Өзін-өзі оқшаулау шаралары қажет. Халық көп баратын нысандарды, қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру бойынша кешенді шаралар да қабылданып жатыр» деді Зекен Исақов.
Елорда тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін инфекцияның әкелінуіне жол бермеу үшін білім беру, денсаулық сақтау, жаппай болу және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді; қоғамдық көліктердің, қоғамдық көлік аялдамаларының санитарлық жағдайын бақылауды күшейту; кейбір жағдайларда қолайсыз эпидемиологиялық жағдайы мен байланысы бар елдерден келген адамдарды ауруханаға жатқызу және оқшаулау туралы шешім қабылдаған кезде, полиция бөлімшесі, атап айтқанда, КВИ-де байланыстарды іздеуге және карантинге қатысуға тартылады (медициналық бақылаудағы адам режимді бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған).Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирустың белгілері байқалса, ауруханаға бармауға шақырды. «Егер сізде симптомдар болса, үйде болуыңыз керек. Жедел жәрдем шақырыңыз, өздігіңізден дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес. Кореяда осындай жағдай болып, пациент емханаға барған. Осыдан кейін бұл клиника дезинфекция мен карантинге байланысты жұмысты тоқтата тұруға мәжбүр болған» деді Сәуле Қисықова.
Елордада орта білім беру мекемелерінде (мемлекеттік және жекеменшік мектептер) вирустың алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан 4 сәуіріне дейін оқушыларға демалыс жарияланды. Қосымша білім беру ұйымдары да (үйірмелер) демалыс уақытында жұмысын тоқтатады.
Ал астаналық балабақшалар жұмысын жалғастыра береді. Мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалар да дезинфекциялау жұмысы, сол сияқты медициналық бақылау күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы тіркелмеген.
Мәселелер туындаған жағдайда 1406 нөмірі бойынша колл-орталыққа қоңырау шалу ұсынылады.

Кешеден бері Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлік
ішін зарарсыздандыру жұмыстары басталды

Жетпіс бағдар бо­йынша қызмет көрсететін, оның ішінде 40 қалалық, 6 экспресс және 24 қала маңына қатынайтын бағдарлары бар №1 автобус паркінде зарарсыздандыру жұмыстары басталып кетті. Бұл автопарк­тен қала көшелеріне 661 автобус шығады.
Енді жүргізушілер соңғы аялдамаларда күніне екі рет авто­бустардың ішін, яғни адам қолы тиетін жерлерді: шынтақшаларды, есік тұтқаларын, орындықтар мен валидаторларды дезинфекциялайтын болады.
Дезинфекцияға пай­­даланылатын ­та­блеткалар «С-01» деп аталады. Өнім Қазақстанда жасал­ған. Бұл дезинфекция­лық ерітінді аллергияны тудырмайды және ешқандай иіс шығармайды.
Ауысым аяқталғаннан кейін бағдарлар жуу орнына кіреді, онда барлығын көлік жуушылар тазартады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды