©2020 Астана Ақшамы
КҮН ТӘРТІБІНДЕ – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ МӘДЕНИЕТІ
Ертең Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты ХХІ сессиясы өтеді. Атаулы шараның ұйымдастыру барысы жайында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтан сұрап білген едік.
– Ассамблеяны құру туралы идеяны алғаш рет Елбасы 1992 жылы Қазақстан халқының бірінші құрылтайында жариялаған болатын.
Бүгінде Ассамблея конституциялық орган болып табылады. Ал оның жоғарғы органы – ел Президентінің төрағалығымен өтетін сессиясы.
Қазақстан халқы ассамблеясының он тоғыз жылдық жұмысында, оның сессияларында мемлекет өміріндегі маңызды мәселелер қаралды, атап айтқанда, жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум бастамашылығы, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасып, даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Қоғамның идеялық ұйысуы – Қазақстанның дамуының басты шарты» тұжырымдамасы, Қазақстанының Ел бірлігі доктринасы осы ассамблея сессияларында қаралғанын білесіздер.
– Кезекті сессия жұмысына кімдер шақырылды?
– Биылғы кезекті сессия «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбында өтеді. Оның жұмысына барлық аймақтарғы ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, шет елдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция және БАҚ өкілдері, ұзын-саны 1300-ден астам адам қатыспақ.
– Қалыптасқан дәстүр бойынша сессия қарсаңында да түрлі шаралар өткізіледі ғой.
– Иә. ҚХА-ның ХХІ сессиясы қарсаңында Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді. Тұрақты қызмет ететін Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесіне республикалық этномәдени бірлестік өкілдерінен, қоғам қайраткерлерінен, Парламент депутаттарынан, министрлер мен облыс әкімдерінен құралған 64 адам мүше болады.
Сессия бағдарламасы аясында аймақтардан келетін делегаттар үшін бекітілген орталық мемлекеттік органдар басшыларымен, Ассамблеядан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарымен кездесулер өткізіліп, Астана қаласының көрікті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылады.
Айгүл УАЙСОВА