КҮН СУЫТСА, ЖЫЛУ БАР

0 85

Астана әкімі Әсет Исекешев бас қаланың жылу беретін маңызды мекемелері жылыту маусымын бастауға толық дайын екендігін жеткізді.

– Бүгіннен бастап шаһардағы балабақшалар мен мектептерге, ауруханаларға және басқа да әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Ал тұрғын үйлерге белгіленген норматив бо­йынша 5 күн бойы ауа температурасы 10 градустан жоғарыламаса ғана берілуі қажет екен. Сондықтан күннің райы жылымаса, алдағы сәрсенбіден жылу беруді бастаймыз. Егер ПИК-тің қысқы маусымға дайындығы туралы төлқұжаты бар болса, жекелеген үйлерге жылуды қазірден бастап беруге болады, – деді елорда басшысы
кеше «Хабар» арнасына берген сұхбатында.

2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетке сәйкес Астана қаласының жылу және электр энер­гиясы жүйе­сінің дамуына 38 млрд теңге бөлінді. Қалалық энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, соның 1 млрд 139 млн теңгесін қайта бөлу қажеттігі туындады. Атап айтсақ, бұл қаржы 2-ЖЭО-ны кеңейту мен қайта жаңартуға, №7 және
№8 стансаларға қазандық агрегаттарын, № 5 және №6 стансаларға турбоагрегаттар мен су жылытатын қазандықты орнатуға жұмсалмақ.
Жалпы, биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін энергетика­лық инфрақұрылыммен қам­­тамасыз ету мақсатында бі­раз шаруа тындырылған. Сол 2-ЖЭО-да сағатына 180 Гкал өндіретін №7 қазандық аг­регаты №5, 6 су жылыту қазан­дықтары іске қосылды. Осы­ларды қосқанда қалаға 400 Гкал жылу энергиясы қосымша келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 4 қосылымдағы жылу магистралінің бірінші мен екінші кезегі салынды. Оның жалпы ұзындығы НС-15,16,17
су сорғы стансаларын қосқанда 25 шақырымды құрайды. Бұл магистраль 2016-2017 жылдардың жылу маусымында іске қосылды.
Бұған қоса қалаға қосымша электрэнергияны әкелу үшін «Олимп», «Аэропорт-2» қосал­қы стансалары пайдалануға беріліп, «Жаңажол» қосалқы стансасын қайта жаңарту жұмыстары биыл аяқталды. «Нұрлы жол» вокзалы мен «Интернациональный» кентін электр энергиясымен қамту мақсатында 4 қосылым мен НС-15,16 сорғы стансалар мен 4 қосылым­дағы жылу магис­тралі жолындағы «Бәйтерек» қосалқы стансасы қосылды.
Энергетика басқармасы бас­шысының сөзінше, 3-ЖЭО құрылысына былтыр 7,5 млрд теңге бөлу қарастырылды. «Қазір қосымша тағы 2,5 млрд теңге сұрап отырмыз. Жақында сәйкес ұсынысты жолдаймыз. Келесі жылы бұл нысан құрылысын аяқтауға үлгермейміз. 2019 жылы пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз» дейді Бақтыбек Жапаев.
Тағы бір атап өтерлігі, «Астана-АЭК» АҚ инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында биыл нормативтік шығындарды 12 пайыздан 11,9 пайызға дейін азайтуды, электр энергиясының пайдалы босатымын 7,2 пайызға арттыруды, апаттық жағдайларды 10 пайызға төмендетуді көздеп отыр.
Ал енді «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде таныс­ты­рылған инновациялық тех­нологияларға келсек, ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің хабарлауынша, көрмедегі үздік деген 105 жоба іріктеліп, солардың 40-тан астамын еліміздегі бірқатар мемлекеттік және атқарушы органдар іске асыруға кірісті.
Соның ішінде Астана әкімдігі 300 инженерден топ құрып, олар 110 жобаны зерттеп, сараптап, Австрия, Польша, Франция, АҚШ, Ресей, Қытай, Литва және Германиядан әкелінген 16 жобаны іріктеп алды. Жаңа технологияларға қатысты Астана қаласында 2020 жылға дейінгі энергияны үнемдеу және энергетикалық тиімділікті жоғарылату бойынша кешенді жоспар жасалды. Оған сүйенсек, бюджетті үнемдеу 287,5 млн теңгені құрамақ.
Астанада Финляндия павильонында ұсынылған «Vaisala Group» компаниясының жобасын «Қазгидромет» РММ сынақтан өткізуді бастап та кетті. Бұл экологиялық ба­қы­лаудың инновациялық стан­­сасы елордадағы № 5 эко­логиялық бекетте сынақ тәр­тібінде орнатылды. Станса бақылау жүргізіп, азот диоксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, озон, РМ-2,5 және РМ-10 өлшенген бөлшектері арқылы ауаны ластайтын заттар бо­йынша өлшем жасайды.

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + nine =