КҮН СИЯҚТЫ ЖАНДАР БАР КҮЛІМ ҚАҚҚАН…

0 127

mutualAid

Нарықтық заманның машақатынан ба, әлде, расымен өзіміз өзгеріп кеттік пе, арамызда жеке бас пайдасын кейінге шегеріп, өз олжасынан гөрі өзгенің күйін ойлайтын адамдар саны азайып барады. Өмірдің сүрудің өзі жалақысы тиімді және жоғары жұмыс орнында қызмет етуді талап ететін іспетті. Дегенмен, ой мен сөзден маржан іздеген, еңбекке деген адалдығы биік, адамгершілігі мен жанашырлығы басым жандар бар әлі. Мен дәл осындай үш азаматты әріптестерімнің арасынан таптым.

Астана қаласы әкімдігіне қарасты Белгілі тұрағы жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығында көптеген қызметкерлер арнайы әлеуметтік көмек көрсетіп ке­леді. Шындығында, қала тұр­ғын­дарының көпшілігі біздің ор­талықтың қандай қызмет ат­қаратынынан бейхабар. Бірақ, белгілі тұрағы жоқ, түрлі проб­ле­маның шырмауында қалған, ерік-жігері әлсіз талай жанға ұжым қызметкерлері жол сілтеп, өз күш-жігерлерін аямай еңбек етіп келе жатқаны ақиқат.

Осыдан бір жыл бұрын ғана Астана қаласы әкімдігіне қарасты Белгілі тұрағы жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына жұмысқа орналастым. Күн өте келе ұжым мүшелерімен танысып, етене араласа бастадық. Менің әлеуметтік қызмет көрсету саласында аса тәжірибем де, өтілім де шамалы еді. Кішкене сұрақ туа қалса, бөлім бастығына тұра жүгіремін. Сондай күндердің бірінде директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Жанатқызы: «Осы мекеме ашылғалы бері қызмет етіп жүрген үш кісі бар. Олар: Жанбосын Меңлібеков, Зәуре Сәлімова және Любовь Муканова. Осы қызметкерлер сені көп нәрсеге үйретеді, білмегеніңді солардан сұра» деп кеңес берді.

Расында, менің көңіліме сы­пайы­лығымен, психологиялық ерекше төзімділігімен және ең­бексүйгіштігімен жұмысыма аса талпыныс берген сол қызмет­керлер еді.
Зәуре Сәлімова – ақ халатты адал жан. Орталықтың алғашқы күндерінен мейірбике қызметін атқарып келеді. Мінезі жайдары, әр сөзінен сәуле шашқан әсерге толы әңгімелері кез келгенді тебірентпей қоймайды. Зәуре Жанболатқызы әзілге де бейімі бар. Кей кезде күлдіре отырып, көкейіңдегіні дәл тапса, енді бірде ақылын көкірегіңе қолмен қой­ғандай қондыра қояды. Бәрін айт ­та, бірін айт, жұмысқа адалдығы әрбіріміз үлгі аларлықтай. Тұп-тура Астана күнінде елуге толған Зәуре Жанболатқызына еңбегінің жемісін көруді тілейміз.

Ал, Жанбосын Аманбайұлы туралы көсіле сөйлеуге болады. Мі­незі қызметіне сай. Ол тәртіп инс­пекторы болғандықтан, жұмысы жоспарлы, сабырлы, ең бастысы, ісі – нәтижелі. Сондықтан болар, барлық қызметкерлер мен қызмет алушылар арасында беделі зор.
Қарбаласқан жұмыс күндерінде Любовь Муканованы көрсеңіз, томаға тұйық кісі екен деп қалуы­ңыз ғажап емес. Алайда, ол айналасына мейірім шашқан күн сияқты. Алдына келген жанды бар ынтасымен тыңдап, білгені мен қолдан келер көмегін аямайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін Любаның жұмысында бір мін жоқ.

Мен өмірді осындай жандармен әдемі деп білемін. Және алдағы күндерге ізгі азаматтарға қарап сенім артамын. Жер бетіндегі ты­­ныштық жылы шырайлы адам­дардың арқасында сақталады.

Ал, сіздің әріптестеріңіз қандай?

Айдана ҚАРАБЕКОВА,
Астана қаласы әкімдігі
Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналаған әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 20 =