КҮМІС КӨМЕЙ

0 180

Сәбиі шетіней берген әке таң шапағымен таласа туған шақалаққа қандай есім берсем екен деп сары уайымға салынады. Ерекше есім қойсақ, бәлкім, аман алып қалармыз деген үкілі үміт жан тапқызбайды. Ойлана келе «шапақ» сөзін керісінше айналдырып әкеп, қызына Қапаш деген ат қойыпты. Ізгі ниетті әкенің абзал тілегі періштенің құлағына шалынып, Қапаш қыз емін-еркін қазақ даласының күн күмбезді сұлу Көкшесінің баурайында бой жетеді. Қазақтың бағына қарай. Таудың мұзарт басын шапағына шомылдырған алтын күннің ақ сәулесін бойына сіңіріп, құзар биіктерге ынтық Қапаш қыз кішкентайынан ән салуға құмар болды. Бұл Қапаш – қазаққа аты танымал дәстүрлі әнші екенін оқырман сезген де болар. 

Көкшетауда туып-өскен Қапаш Құлышева – әншілікті өмірлік серігі еткен біртуар дарын иесі. Оның айналасы тек орыс мектептері болғандықтан, қиындықтан да ада болмайды. Ауылда білім алудың ыңғайы болмай, қаладағы пансио-натта жатып оқуға тура келеді. Пансионаттағы жөндеу жұмыстары уақтылы бітпей, қайда барарын білмей қамыққан Қапашты ұстазы Мұса Асайынов жетектеп үйіне ертіп әкеледі. Үкілі Ыбырайдың немересі бола тұра, қарапайым мек­тепте көркем өнерпаздар үйірмесінде жетекші болған Мұсекең Қапаштан қамқорлығын аямайды. Бұған дейін тек таза дауыспен ән салып жүрген өнерге ынталы жас енді ұстазының қолындағы қос ішекті аспапқа қарап, домбыраны жан-тәнімен жақсы көріп кетеді. Ағайы үйде жоқ кезде екі саусақпен тыңқылдатып, ол салған әндерді домбырамен әуендетуді талапты жас өзі үйренген екен. Осы­лайша қазақтың дәстүрлі көркемдігі мен ішкі иірімі өте бай әндеріне де­ген кіршіксіз махаббатын алғашқы ұстазына балаған Мұса ағасынан бойына сіңірген-ді.

Онжылдықты бітіріп, «әнші бол­сам» деген асқақ арманға қанат байлап, ару Алматыны бетке ұстайды. Дәстүрлі ән әлемінде томағасын сыпырған баптаушысы Ғарифолла Құрманғалиев болды. Ұлы әншімен алғаш кездесуін Қапаш әнші ыстық ықыласпен еске алады. «Бала күнімде талай радиодан әнін тыңдаған Ғарифолла Құрманғалиев емтихан қабылдап жатыр дегенде, таң қалдым. Неше түрлі қазақтың әндерін сол радиодан тыңдап, құлаққа сіңдіріп, жаттап алатынбыз. Сұңқылдап концерт берілетін де тұратын. Шіркін-ай, сонда ән сала­тын Ғ.Құрманғалиевтің дауысын ерекше жақсы көруші ем, барып алдынан бір өтсем қайтеді деген ойға бекіндім. Менің болмысыма оның адуын мінезі келетіндей көрінуші еді. Барып көрмесем болмайды деп шештім. Бала күнімнен дауысын естіп, соның әндерімен өскендіктен, нартәуекелге бел байладым. Кел­сем, алдымда 64 талапкер бар екен. Оларды бағып тұрсам, шетінен дом­бырашы, әнші, керемет! Бұларға оқуға түсіп не керек, онсыз да ағып тұр ғой деп ойлап қоям. Солардың соңын ала мен де емтиханға кірдім. Үстімде аппақ көйлек, өзі қып-қысқа. «Ал, бекер келмеген шығарсың, не білесің, айт», – деді. «Екі саусақпен бір өлең білем, айт десеңіз, ай­тып берейін», – дедім тақылдап. Әжемнің қолында өскен қызбын ғой, сөмкемнен орамалымды алып тіземе төсеп, аяғымды жауып қойдым. Ағаға бірінші сол қылығым ұнады. «Ой, айналайын, тәрбие көрген қыз екенсің», – деді. Үкілі Ыбырайдың «Сұлу Көкше» әнін, сосын алдына келіп тұрған соң оның әнін қалай салмаймын?! Ағаның «Ақерке» деген әнін орындап бердім. Тапжылмастан тыңдады да, «дауысың еркін, бояуы сұлу, тембрі кең екен», – деді, – «өзің де сұлу екенсің, мен сияқты арқаң бар екен, өзіндік өрнегі бар әнші боласың», – деп сол жерде «диагноз» қойып жіберді. «Менің класыма түс», – деді. Ыршып түстім. Домбыра тарта алмаймын. Манағы 64 талап­кермен қалай тайталасам? «Жоқ» дедім. «Олар онсыз да ағып тұрған Ғарифолла ғой, оларды үйреткенше, бір сені үйреткенім жақсы», – деді ағай, – «Түспесең, Ғалиеваға айтқызып, құжаттарыңды қолыңа ұстатып, үйіңе қайтарып жіберем», – деді. Жыламсырап бөлмеге келдім. Сөйтіп, тағдыр маңдайыма жазса керек, Ғарифолла Құрманғалиевтің класына түстім».

Сол кездері атағы жер жарған, бүгінде ретро варьетенің жұлдызы саналатын жапондық «Такарацу­ки» бишілерінің тыңға түрен салып жатқан кезі. Батыр Закировтың эстрадалық жаңашылдығы қазақ өнеріне де әсер етпей қоймады. Қазақстанның Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиева да эстрадалық бағытты жандандыру үшін студия ашуды мақсат етті. Қазақтың бояуы қанық халық әндерін күллі әлемге танытқан әншілерді даярлау мықтап қолға алынды. Сол студияны бітірген әншінің бәрі сүт бетінде қалқыған қаймақтай, өнерде өз орны бар әншілер қауымына айналды. Қазіргі шашасына шаң жұқтырмас кәсіби әншілер мен бишілердің дені – сол студиядан тәлім алғандар. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Қалампыр Рахимова, Қапаш Құлышевалар – алғашқы түлектер қатарында. Олардан кейін де талай эстрада жұлдыздары осы студияны тәмамдады. 1969 жылы жаңадан құрылған «Гүлдердің» алғашқы солисі болған Қапаш Құлышева сол өнер ансамблімен қырық жылға жуық біте қайнасып өмір кешті. Осындай өнерге деген құрметі ерекше азамат­тар арасында жүріп, өзі де сахнаның саңлағына айналды. Қазақтың дара дауысты Қапашы атанды.

Өзімен әңгімелескен кезде айтқанындай, 1978 жылы Кубадағы дүние жүзілік жастар фестиваліне делегацияны Д.Қонаевтың өзі бастап барған екен. Сондағы салған әніне, оның арыны күшті арқалы дауысына Фидель Кастроның өзі ризашылығын білдірген екен. Ал, 1984 жылы Әміре Қашаубаев ән салған париждік сахнаға көтерілген кезде, тоқтаусыз соғылған шапалақтан екі әннің орнына төгілтіп тоғыз ән орын­дап, қазақтың тұнық үнімен фран­цуздарды тамсантқан жез таңдай әнші бір жоғы түгесілгендей болып­ты. Сонда Парижді аралап жүріп, қонышы оюланған қазақы етік пен өңіріне қазақтың өрнегін басқан юбка-костюм алып, «оюымыз да ше­телге шашырап кетіпті-ау» деп жаны күйзелген-ді.

Қапаш Құлышева репертуа­рында Үкілі Ыбырайдың «Сұлу Көкше», «Қалдырған», Мұхиттың «Паң көйлек», «Үлкен айдай», С.Сейфуллиннің «Біздің жақта», «Көкшетау», «Тау ішінде», Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы», «Жас өмір», сондай-ақ, халық әндері. «За­мандас», «Бұлбұлым» бар. Сондай-ақ, «Казақфильм» киностудиясы: «Қапаш Құлышева ән шырқайды», «Көкше сазы», «Көңіл сазы», «Қазақ әуендері», «Үкілі Ыбырай әндері», т.б. фильм-концерттер түсірген. Олар киностудияның «Алтын қорында» сақтаулы. Өзінің репертуарындағы үш жүзге тарта әнімен әлемнің қырыққа жуық елінде өнер көрсеткен ол бүгінде Қазақ Ұлттық өнер университетінде дәстүрлі ән кафедрасының ұстазы болып қызмет жасап жатыр. «Ат айналып қазығын табар» демекші, Арқа өңірінен түлеп ұшқан бұлбұлдың бүгінде Астананың өнер ортасына келіп қосылған жайы бар.

Ұлттық болмысымен әлемнің сан еліне барып таң қалдырған, тамсандырған «Гүлдер» ансамблінің Шолпан-жұлдызына айналған Қапаш әншінің ерек бітімі дәстүрлі өнер та­рихында алтын әріптермен жазылары қақ. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі атағын сонау 1979 жылы небәрі 30 жасында алған екен. Қазаққа еңбегі бір кісідей сіңгенін жұрт мойындағанмен, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістігіне 8 рет ұсынылып, 8 рет сызылып қалғанын біреу білсе, біреу білмейді. Дүйім жұртты дара дауысымен тәнті етіп жүрген Қапаш әншінің өнерінен кім қандай кілтипан тапқанын кім білген?!

Дегдар ұстаздың ықпалымен халықтың дәстүрлі әншілік өнерін биік деңгейден түсірмеген санау­лы әншілер санатындағы Қапаш Құлышева бүгінде өзі де ұстаздықты ардың ісі деп біліп, сол жолда жанын салып жүр. Пайғамбар жасына аяқ басқалы отырған халқының гауһар тасы, жауһар сұлуы, бұлбұлдай сайраған Қапаш апамыздың өз шәкірттеріне деген ілтипаты айрықша. «Менің көкейімде Ғарекеңнің кере­мет ақылы сайрап тұрады. Былай деуші еді жарықтық: «Сендер маған ұқсамаңдар. Мен 60-қа келген шал­мын, әркім әнді әуенін өзгертпей, өз жүрегімен түйсініп, өз мінезіне құйып, өз болмысына салып орындаса, сонда ғана ән табиғаты өзгермейді» деп. Мен осы сөзді қазір шәкірттеріме айтып отырам. Әуенін өзгертпе, өз дауысыңа салуға машықтан» деп. Күміс көмей әншінің ұлттық өнерге деген жанашырлығы шексіз. Осындай игі ниетке толы жанды өнер киесі де ылғи өрге сүйрейтін болса керек. Сірә, «ұлттық өнер – мәңгілік» дейтін дуалы ауыз қағыс кетпеген-ді…

P.S.

Мен имене есік қағып кіруге рұқсат сұрағанымда, «Кел, жаным, кіре ғой» деген Қапаш апамыздың саңқылдаған дауысын естіп, ішім жылып сала берді. Дауысы ырғақты, зор болса да кәдімгі мектептегі мұғалима сынды болмысынан нәзіктік есіп тұрғандай сезілді. Бірден өзіне баурап алды. Қос жанары, айтса айтқандай, отты екен. Мейірім шуағы төгіліп тұр. Өмірге күліп келіп, сүйіп өтетін қайталанбас тұлғалардай Қапаш апамыздың мөлдір бұлақтай таза жанында қазақы намыс ойнап тұр. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнеріне берері мол майталман. Әңгімелесудің сәті түскеніне қатты қуанып қайттым…

Шынар ӘБІЛДА

Қайрат БАЙБОСЫНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Халық әртісі:

– Қапаш екеуміз Гүлжиһан Ғалиеваның студиясы­нан бері таныспыз. Одан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Мен Жүсіпбек Елебековтің класында оқыдым. Ол Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болды. Екеуміздің өнер айдынындағы жолымыз ең алғашқыда «Гүлдерде» еңбек етумен тоғысқан еді. Қолымыздағы киелі домбыраның күмбірін өмірімізге серік еткен едік. Атыңнан айналайын қара домбыра екеумізді де елге танымал етті. Бүгінгі Қапаш – талай дүлдүл әншіні тамсантқан біртума саңлаққа айналды. Оның бояуы қанық ерекше дауысы әр қазақтың көкейінде сайрап тұрады. Өнер жолына бүкіл өмірін арнаған қазақтың қайсар қыздарының бірі һәм, бірегейі.

Бұрын Алматыда талай концерттерде басымыз түйісіп қалып жатушы еді. Дәстүрлі әнді өміріне қазық етіп қадаған Қапаш қашанда бабында жүреді. Міне, енді Аста­нада да үзеңгілес жүрміз. Екеуміз Өнер Университетінде шәкірт тәрбиелеп, дәріс оқып жатқан жайымыз бар. Екі мектептің түлегі болғандықтан, бір өзеннің қатар аққан қос сағасындаймыз. Өз басым Қапашты қатты сыйлай­мын. Қазақтың Қапаштай арқалы, дарынды қыздары көбейе берсін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eighteen =