«Күміс көмей» атанған Күләш

1 101

1997-1998 жылдары Қазақстанның астанасы Ақмолаға көшеді дегенде, республикамыздың түкпір-түкпірінен талай отбасы Ақмолаға көшіп келіп жатты. Мен ол кезде Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген кезім. Мен отбасыммен сол кездегі Ақмолаға – қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдім.1997 жылдың тамызында Ақмола облыстық радиосына келіп қызметке орналастым. Осы жерде бүгінгі мақаланың кейіпкері, бұрын Торғай облыстық радиосында ұзақ жылдар диктор болып қызмет жасаған Күләш Кәйланқызы Молдахметовамен таныстым. Ол да Торғай облыстық радиосы жабылып қалған соң Ақмолаға қызметке келген екен.
Мен 6-7 айдай Алматыдан Қазақ радиосының негізгі тобы келгенше, Қазақ радиосының соңғы хабарларына жаңалықтар мен пленкалы материалдар жіберіп тұрдым. 1998 жылдың 1 қаңтарында Алматыдан бір топ журналист келді. Әрқайсымыздың атқаратын жұмыстарымыз белгілі болды. Маған «Астана және астаналықтар», «Көзқарас» хабары мен әдеби-музыкалық «Өнерім – өмірім» бағдарламасын жасау тапсырылды.
Ол кезде Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) республикалық айтыстар мен «Дарын» фестивалі жүріп жатқан кез. Күләш Кәйланқызы Молдахметова менімен бірге сондай мәдени шараларға бірге барып жүрді. Дәм-тұзымыз жарасып, бір-бірімізге үйреніп алдық. Әртүрлі мәдени шараларды 7-8 килограмдық репортермен жазып, аудио таспамды әкелгенімше түннің бір уағы болады. Сонда Күләш құрбым менен қалмай қасымда бірге жүретін.
Біздің іс-шарадан келуімізді тосып отырған дыбыс режиссері Совет Бекішев келе сала хабарды монтаждап, хабардың ашылуы мен жабылуын студиядан жазғызып, дыбысын қадағалап, музыкамен көркемдегенінше, Күлекең бізді тосып отырады. Сағат түнгі 23-ке дейін бітіріп, ертеңгі күнге хабар дайын дегенде ғана студиядан шығатынбыз. Бір жақсысы, Күләш екеуміздің үйіміз көрші болды. Содан үйге бірге қайтамыз. Мұны жазып отырғаным, Күләш әдебиетке, өнерге өте жақын екен. Біздің дайындаған хабарымызды тыңдап, бір рахатқа бөленіп, бізбен бірге қуанып отыратын. Ал хабарларды қалай оқиды, тамылжытып, ішкі жан дүниеңді селт еткізетіндей, көркем тілмен, әдемі дауысымен шынай жеткізеді. Көбіне мен әдеби-музыкалық хабарларды оған оқытуға тырысатынмын.
Мен жалпы алғаш танысқан адамыма бірден өңімді бермеймін. Және кез келген адаммен шүйіркелесіп те кетпеймін. Ал Күләштің кішіпейілдігі мен қарапайымдылығын оның менімен бірге жүрген кезде түсіндім.
Жақын таныса келе, тіпті оның туған жері Арқалыққа да бардым, қызы Жанатты тұрмысқа берерде. Екі жасты құттықтап жатқан қадірлі қонақтарының сондағы айтқан сөздерінің бірі «Күміс көмей» Күләштің балалары бақытты болсын деген тілектер болды. Күләшті елі сыйлайды екен. Шынында да, құрметке бөленген асыл жан деп айтар едім.
Той өткеннен кейін екінші күні Арқалықты араладық. Сондағы көргенім қазір көз алдымнан еш кетпейді. Айнала қаңырап тұрған бос үйлер. Тізілген көп қабатты үйлерді иелері тастап кеткен.
Күләш қаңырап бос тұрған үйіне алып келіп, қабырғаларын жағалап жүріп оның маған айтқаны: «Мына төрт бөлмелі үйде бала-шағаммен тұрған едім. Өмірлік жолдасым Шәймерденнен ерте айырылдым. Үш баламен жесір қалу оңай дейсің бе? Облыс жабылғаннан кейін бәріміз жұмыссыз қалдық. Мына зәулім үйлерге жылу берілмеді. Батареялары қатып мұздағаннан кейін, төрт бөлмелі үйімізді тастап кеттік. Астананы жағалап жүргеніміз де сол» деп ішінде жатқан мұңын айтып өтті. Иә, ол жылдары кімге оңай болды дейсің, ал отағасы жоқ Күләшқа одан да қиын болғаны түсінікті ғой.
Күләш Молдахметова жастайынан өнерге бейім болады. Себебі оның әкесі Кәйлан әнді домбыра шертіп отырып, өте тамаша айтқан екен. Еліне сыйлы ұлағатты ұстаз болыпты. Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі деген атағы да болған. Әкесі бос уақытында балаларына домбырамен ән айтып, өнерге баулыпты.
Ал қызы Күләшті ерекше еркелетіп, оны да жастайынан өнерге баулиды. Домбыра да үйреткен екен. Шынында да, әкесінің өнері осы Күләшқа қонған болар. Ол әнді тамаша айтады. Ән айтқанда Күләш жүрегімен, ерекше сезіммен беріле орындайды. Оның әнін тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің…
«Дикторлыққа қалай келдің, Күләш?» деп сұрағанымда, «ауылдан Арқалық қаласына көшіп келген жылы Пионерлер үйіне қызметке қабылдандым. Көркемсөз оқу үйірмесінің жетекшісі болғанымда облыстағы мәдени шараларға қатысып, өнер көрсете бастадым. Менің өлең оқу өнерімді көрген Торғай облыстық радиосының алғашқы дикторы Ханзипа апай радиоға дикторлыққа шақырды. Ол кісі редакторлыққа ауысты да, сөйтіп мен оның орнына келдім. Сол 1975 жылы Қазақ радиосының атақты дикторы Мәмбет Сержанов Арқалыққа келіп менің дикторлық оқуымды тексерді. Сол кездесуде ол: «Сенен жақсы диктор шығады» деп батасын берген еді. Қолымен жазып естелік хат та қалдырды, ол қазір де менің архивімде осы күнге дейін сақталған. Өнерге деген құштарлығым мені бір орында отырғызбайды. Үнемі ізденіс үстінде болдым. Қазақ радиосын тыңдап жатып, оны жастанып ұйықтадым деуге болады. Жыл сайын еңбек демалысына шыққанда Алматыға барып, қара шаңырақ – Қазақ радиосына сәлем беретінмін. Сол кезде кейін радионың бас директоры болған Қуаныш Орманов біздің жақтан ғой, сол рұқсат қағаз беріп радиоға кіргізіп алатын. Онда Сауық Жақановамен, Зияда Бекетовамен таныстым. Мәмбет пен Зияданың үйінде қонақта да болдым. Бір барғанымда Сауық Жақанова қазір эфирге шығып, Нұрлан Өнербаевпен бірге жаңалық оқисың деуі бар емес пе, сасып қалдым. Нұрландай диктормен бірге оқу – мен үшін өте жауапты іс. Бірақ бәрі ойдағыдай болды» деп естен кетпес күндерін де еске алып өтті.
Елордадағы Қазақ радиосында қызмет атқарған жылдары біз Астананың Конгресс-холында өтетін концерттерді еш жібермейтінбіз. Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театрындағы қойылымдардан да мүлде қалмайтынбыз. Сондай шаралардың бірінде Фариза Оңғарсынова ақынмен танысып, мәз-мейрам болып едік. Факеңмен үш бірдей республикалық радиомүшәйра өткізіп, жеңімпаз ақындардың өлеңдерін осы Күләшқа оқытып едім. Нақышына келтіріп, тамаша, әуезді қоңыр дауысымен оқығанда, рахаттанып тыңдадық.
Күләш өзіне тапсырылған хабарды оқығанда сол шығарманы асқан шеберлікпен оқитын. Ол сол кейіпкердің ішкі жан дүниесін сомдап отырғандай кейіпте болады. Жақсы жазылған дүниені шарықтау биігіне дейін жеткізіп, бірде құйқылжытып, бірде бәсеңдетіп, сол шығарманың кейіпкеріндей күй кешеді. Жыр мүшәйрасында оқыған өлеңдеріне риза болған ақындар «Күләштің дауысын-ай!» деп көпке дейін мақтап жүрді ғой. Шынында да, Күләштің дауысына ғашық болған адамдар да көп болған екен.
Күләш Молдахметова зейнетке шыққаннан кейін де тыным таппай елордада өтіп жатқан шаралардың өтуіне өзіндік үлес қосып, қоғамдық жұмыстармен араласып келеді. Бүгінде астанадағы Ардагерлер кеңесінің медиа тобына мүше. Ардагерлер өткізіп жатқан әртүрлі шараларға қатысып, ансамбльдерге мүше болып, ән айтады. Кей уақытта концерт жүргізіп, телеарналардағы шағын роликтерге түсіп, әртіс те болып кетеді.
Өзі қызмет жасаған Қазақ радиосындағы ертегі хабарларына қатысып, ондағы кейіпкерлерді ойнайды. Ара-арасында радиодағы концерттік бағдарламаларды да жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда Күләш Кәйланқызы республикалық Қазақ радиоларының Шалқар радиосында келісімшартпен диктор болып қызмет атқаруда. Сенбі, жексенбі күндері концерт жүргізіп, әдеби хабарларды оқып, биыл өтетін Қазақ радиосының 100 жылдығына өз үлесін қосуда.
Күләш Кәйланқызы тіпті елордадағы Бас редакторлар клубының да мүшесі. Ол ол ма, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапхананың барлық шараларына қатысып, оқырмандар алдында әдеби шығармалардан үзінділер мен өлеңдер оқып, көпшілікке де танымал болды. Тыным таппай жасы ұлғайса да, бүгінгі жастарға пана болып, үлгі көрсетуде. Жастайынан жолдасынан айырылса да, соңында қалған үш баласы – Қайраты мен Жанатты және Ләззатын жоғары оқу орнында оқытып, аналық парызын ақтап шыққан асыл ана, үш немеренің аяулы әжесі.
Оның осылай тыным таппай жанұшырып жүруі мені таңғалдырады. 70-тен асқан жастағы адамдардың қолынан мұндай іс келе бермейді. Өз басымызды ғана күйттеп отырған жайымыз бар ғой, несін жасырайық.
Қазіргі жас әріптестерімізге осы Күләш апаларыңдай еңбекқор, дарынды болыңдар деп тілек айтамын. Күләштай адамдар қашанда мақтауға, марапаттауға лайық.

Ғалия БАЛТАБАЙ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

  1. Алия :

    Мұндай мақалаларды оқу әрдайым қызықты. Осы адамдардың арқасында біздің Астанамыз салынды және дамыды. Өйткені, олар сеніп, оны үлкен мегаполис ету үшін кішкентай қалаға келді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =