©2020 Астана Ақшамы
Күміс ерде кие бар
«Жүйрік ат, берен мылтық – ер қайраты». Абай қадірін мақтанға сиғызып, жақсы жылқы жайын талай өлең еткен. Атты қанат деп ұғып, келістіріп мінуді өнер санаған қазақ оның ер-тұрман, жүген-құйысқанын сәндеп әбзелдеуді салт еткен. Ал, ат-тұрмандарын әсемдеуді халық зергерлері абыройлы да, ардақты іс деп санаған.
Атты міну үшін оның арқасына батпайтын, жүрісіне бөгет болмайтын, мінген адамға жайлы ер-тоқым қажет. Дұрыс жасалмаған ер-тоқым атты жауыр етіп, мінген адамды да шаршатады. Ұлы Абай,
Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек,
Қиыстырып, қиыннан айтсам демек.
Атқа жайлы, мінуге және ыңғайлы,
Алды-арты бірдей келсін дөп-дөңгелек,
дегенде, ер қосу өнерінің аса қиын да қажет екенін үлгі етті.
Ер жасау үшін жақсы ағашты таңдап алады. Мұндай ағаш қайыңның, үйеңкінің, қара мойылдың түбірінен немесе сол ағаштардың жуан ортасынан алынып, мұқият кептіріледі. Бір рет жонып алып, қайта кептіреді. Әбден кепкен ағашты қосуға кіріседі. Ердің бөлшектерін жонып, қиюластырып қосуды «ер қосу» деп атаған. Ердің «қазақ ері», «қоқан ері», «құранды ер», «ашамай ер», «қазықбас ер», «орыс ері» деп аталатын түрлері бар. Қоқан ерін көбіне әйелдер мен қарттар пайдаланады. Алды-арты биік, сүйемелі келетін ашамай ерді жас балалар мінеді. Ердің жасалу үлгісіне қарай, «Арғын ері», «Найман ері», «Дулат ері» дейтін түрлері де болған. Ердің күміспен зерленген түрін «күміс ер» деп атайды. Ат-тұрман әбзелдерінің ішіндегі ең құндысы – осы күміс ер. Оны «жаппай күміс», «ойма күміс», «құранды күміс» ер деп, жасалуына қарай бөледі. Ондай сәнді ерлердің тұрмандары – тартпа, таралғы, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік те күмістеліп, әшекейленеді.
Әдетте, күміс ер-тоқым мінгендер атын күміс жүгенмен жүгендейді. Ер-тұрмандар саф күмістен жасалмайтынын, тек қара темірдің бетіне қақтап, өрнектейтінін айта кету керек. Қара темірдің өзін оюлап, әртүрлі мүйіз, айшық, доға, үшкіл, дөңгелек, жапырақ бейнесіне келтіріп, егеп, әдемілейді.
Абайдың жинаған мұраларының қатарында күмістелген ер-тоқым да бар. Ердің алдыңғы қасының маңдайы мен әнжімесі, тартпа, таралғысы жеңіл ғана әшекейленген. Әр жеріне күмістен мық қағылған. Қазақ арасында мұндай сыпайы ерді ауыл арасына, ұзақ жолға міне береді. Жай күмістелген ердің жүгені де жаппай күмістен гөрі жеңіл болады.
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
Қазақстан-Ресей университеті
«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры