Күлтегін күніндегі кездесу

0 93

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Күлтегін» күндері өтуде. Шара аясында «Еуразия-ақпарат» оқу-тәжірибе орталығы «Ақпарат кеңістігі» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Басқосуға елордадағы БАҚ жетекшілері мен тілшілер, оқу орны ұжымы қатысты.

 

Жиынға қатысушылар алдымен орталық өкілдері дайындаған кітап көрмесін тамашалады. Онда орталықтың жетістіктерін айғақтайтын материалдармен қатар, университет ғалымдары мен оқытушыларының еңбектері мен кітаптары қойылған.

Көпшілік оқу орнындағы радиостудия, телестудия, ақпараттық аудиторияларын аралап, ондағы студенттерге арналған тәжірибелік құрылғылармен танысты.

Конференция қатысушылары университет ректоры Ерлан Сыдықовпен кездесіп, журналистиканың бүгіні мен болашағы жайында, маман зәрулігінен шығудың жолдары бағытында кеңінен әңгіме өрбітті.

Оқу орны басшысы өздеріндегі қолға алынып жатқан игі шаралармен бөлісіп, алдағы жоспарларын да сөз етті. «Білім берудегі бәсекелестікті арттыру – басты бағытымыз. Біз қашанда қатардағы білім беруші емес, лидер болуға ұмтыламыз. Сол үшін де студенттеріміздің алаңсыз, жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасаудамыз. Мәселен, жақында университеттің жанынан Медицина орталығын аштық. Студенттер кинотеатры да білімгерлердің игілігіне ұсынылды. Енді үлкен спорт кешенін салуды көздеп отырмыз. Студенттер қалашығын жасау да жоспарымыздан орын алған»,– деген Ерлан Сыдықов бұқаралық спортты дамытуды қолға алып жатқандарын мәлімдеді.

Басқосу барысында «Еуразия-ақпарат» орталығының директоры Кенже Жұмағұлов ұжымының жетістіктерін, жұмыстарын сөз етті. Көпшілік көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.

Жиын соңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі конференциялар мен іс-шараларды насихаттауда белсенділік танытқан бірқатар журналистерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Асхат РАЙҚҰЛ       

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 4 =