КҮЛӘШТІҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ ТҰҢҒЫШ КӨРСЕТІЛУДЕ

0 93

Биыл қазақтың әйгiлi әншiсi, қазақ опера өнерiнiң негiзiн салушылардың бiрi, қоғам қайраткерi, КСРО халық әртiсi, КСРО Мем­лекеттiк сыйлығының лауреаты Күләш Бай­сейiтованың туғанына – 100 жыл. Мерейлi шара­ға орай, Ұлттық мұрағатта ғасыр бұлбұ­лына арналған көрме өтуде. Онда көрме иесiнiң бүгiнге дейiн еш жерде қойылмаған құжаттары, жәдiгерлерi көпшiлiкке ұсынылуда. Құнды дүниелер оқырмандарды да қызықтырар деген оймен  ҚР Ұлттық мұрағаты сұраныстарды орындау, көрме және залдардың жұмысын ұйым­дастыру бөлiмiнiң бастығы Ибраим Бабаевпен тiлдескен едiк.

– Негiзiнен, көрмеде Күләш апамыздың құнды дүниелерi қаншалықты қамтылған?
– Құжаттар мен жәдiгерлердiң басым бөлiгiн әншiнiң қыздары Қарлығаш пен Раушан Байсейiтовалар жеткiзiп бердi. Бас-аяғы мыңға жуық құнды-құнды дүние жиналған. Солардың iшiнен iрiктеп, екшеп, 250-iн таңдап алдық. Арасында құпия сақталуға тиiс құжаттар да бар. Көрмеге қойылғандардың көбiсi – фотосуреттер, әсiресе, қолжазбалар. Олар бұрынырақта ешқандай да мұрағаттарға тапсырылмаған, бiрде-бiр көрмеге қойылмаған. Бұл тұңғыш рет жарияланып отыр.
– Көпшiлiктi қызықтыратын, тартатын қандай жәдiгердi атап айтар едiңiз?..
– Қызықты жәдiгерлер көп-ақ. Мәселен, Күләш Бай­сейiтованың 45 жылдық қысқа ғұмы­рында тастамай тағып жүрген алтын сақи­насы. Оның тарихы да қызық. Ұлы Абайдың әкесi Құнанбай қажы Мек­кеден келген соң, шеберлерге тапсырыс бе­рiп, алтыннан 5 сақина соқтырыпты. Соның бiрi әкесi арқылы Күләшқа бұйырады. Әке­сi Жасын Құнанбайдың бiр жақыны болса керек.
– Көрменiң басқа ерекшелiктерiн атап айтасыз ба?
– Ерекшелiктерi жетерлiк. Мәселен, ән­шi апамыздың әшекейлi бұйымдары, бүр­мелi, қос етек көйлектерi,  үш бас киiмi… Бұларды ол шетелдiк үлкен сахналарда ки­ген екен. Киiмдерiндегi алтын жалатылған зерлi моншақтары сол қалпын сақтаған, көз тартады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 7 =