Күйзеліске бой бермейік!

0 54

Әдетте адамның ішкі қорқынышынан рухы әлсіреп, оның арты күйзеліске ұласады. Күйзеліс – ағзаның күш түсуге, алаңдаушылыққа және күнделікті қарбаласқа берген жауабы. Оған адам баласы кез келген сәтте, кез келген жаста ұшырауы мүмкін. Негізі адам күйзеліс жағдайынан өзі шығып кетуге қабілетті.

Психологиялық көмекке кімдер зәру?

Күйзеліс басталмас бұрын адам бойында беймаза күй күшейіп, ағзаға көп күш түсе бастайды. Сосын ол мәселені шешуді бірінші орынға шығарады. Барлық психологиялық және күш-қуат ресурстары күйзелісті сейілтіп, жағдайды жақсарту үшін қолданылады. Бұл кезеңде адам ең болмашы көмектің өзіне зәру және әсершіл болып келеді. Ішіндегі жан сырын тыңдайтын адам табылса, соның өзі оған үлкен көмек. Күйзеліс – сырқаттану санатына жатпайды, бұл «адамның нормадан ауытқушылыққа берген қалыпты реакциясы». Күйзелісті еңсеру арқылы адам өмірлік сабақ алып, бейімделу әсерінің ауқымын кеңейтеді. Мұндай жандарға психологиялық көмек мақсатты түрде болып, консультант тездетіп, оған жанын сала көмек беруге кірісіп кетуі керек.

Негізгі әдістеріне не жатады?

Психологиялық көмектің негізгі әдістеріне кеңес беру және психотерапия жатады. Психотерапия күйзеліс асқынған кезде, адамның жан ауруы өршігенде көрсетіледі. Әрине, кез келген қауіп төндіретін жағдай адам ойында, тәртіптік мінез-құлқында, сезімдерінде өзгерістер тудырады. Егер бұл өзгерістерді адам өзі басқара алатын жағдайда болса, онда ол күйзелістен өз бетінше, маманның көмегінсіз шығып кете алады. Ал егер теріс өзгерістер ұзақ уақытқа созылып, сол адамның басқаруынан шығып кетсе кәсіби психологиялық және психотерапевт көмегі қажет болады.

Басты қағидаттары қандай?

Күйзеліс – кезіндегі көмектің маңызды шарты эмпатикалық байланыс, яғни бұл дегеніміз, сол адамның жан қиналысын сезініп, өз бойынан өткізе алу және қиналған жанның психологиялық жағдайына түсе білу. Эмпатикалық байланыс орнатылғаннан кейін күйзеліс жағдайына араласу басталады. Күйзелістік араласу үздіксіз және жедел болуы керек. Бұл ретте кеңес беруші күйзеліске түскен адаммен тез байланыс орнатуға және жағдайды тезірек бағалап, алдағы іс-әрекетін жоспарлап үлгеру үшін мейлінше көп ақпарат жинауға асығуы қажет. Ең бірінші мақсат – үлкен зарар келтіретін салдардың алдын алу. Одан кейінгі негізгі мақсат – психологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіріп, күйзелісті бейімделу әдістерін қолдана отырып еңсеруді үйрету. Күйзелісті еңсеру жұмыстары кезінде консультант (психолог, психотерапевт) алдымен пациентке қолдау көрсете алатынына сендіруі тиіс. Негізгі мәселеге ғана басты назар аударудың маңызы зор.

Мәселені шешу моделі

Психологиялық көмек бағдарламасы бірнеше тармақтардан тұрады. Біріншісі, мәселені анықтау. Консультанттың міндеті – күйзелістің ең негізгі себепші болған мәселесін табуға көмектесу. Сол басты мәселенің одан әрі өрши беруі адам өмірін өзгертуге, оның жаңа жағдайлармен күресу қабілеттерін төмендетуге әкелуі мүмкін. Күйзеліске әкелген барлық мәселені анықтау маңызды. Егер күйзеліс жарақат алу оқиғаларымен байланысты болса, онда болған оқиға көріністерін қайта еске түсіріп, зардап шегушіге жарақат алу оқиғасын түсіндіру керек. Екіншісі, күйзеліске ұшыраған адамның әрбір әрекетін анықтау. Бұған дейін бұл мәселені шешу жолдары қалай болғанын біліп алу қажет. Күйзелістегі адам эмоция тұзағында қалады, ол сол себепті қорқыныш, торығу, абдырау сезімдерін бастан кешіруі мүмкін. Оның ойлау қабілеті тұманданған. Сондықтан оның іс-әрекетін дұрыстап, жағдайды жақсартудың бір жолы – пациенттің эмоционалдық ширығуын азайту, сөйтіп рационалды ойлау қабілетін қалпына келтіру. Үшіншісі, күйзелістен шығу жолдарын табуға көмек беру. Мұндайда алға ең болмашы мақсаттар қоюдан бастаған жөн. Бастысы, ол оңай және шынайы болу керек. Алдымен пациенттің эмоционалдық жағдайын реттеген соң, оның алдағы мінез-құлқы, іс-әрекетіне қатысты мәселе талқыланады. Келесі кездесуге дейінгі нақты жоспар құрудың маңызы зор. Егер ол мүмкін болмаса адамды өз мүмкіндігінен тыс нәрсені жасауға мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Кез келген шектен тыс интервенция адамның бойында дәрменсіздік сезімін тудырып, оны тұйыққа тіреуі мүмкін.

Күйзелістегі адамның өзін өзі бағалауы көбіне төмендеп кететінін ұмытпау керек. Сондықтан оның өзіне деген сенімін нығайтуға күш жұмсап, шектен тыс мінсіз мінез-құлықты үлгі етіп ұсынуға болмайды, себебі бұлай етсе пациенттің үрейі күшейіп, әлсіздік қайта басады. Сондықтан бірлесе отырып барлық ықтимал теріс және оң іс-әрекеттер салдарын талқыға салып, соның ішінде анағұрлым оңтайлы нұсқасын таңдап алу керек.

Жанна ӘЛИАҚПАРОВА,
№15 қалалық емхананың психологы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 18 =