«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Күйші Дина көшесінен күй кеткен бе?

0 234

Келбетіне көркі жарасып, тоты құстай таранған кербез Астана еліміздің мақтанышына айналып отыр. Қазақстанға әлем елдерінен келетін туристердің оның көркіне құмартатынын да білеміз. Осының бәрі тынбай, жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстар мен астаналықтардың туған қаласына деген сүйіспеншілігінің арқасы десек артық айтқандық болмас. Дегенмен сұлу қаланың бойын көріп түрленіп, аяғын көріп қорланатын да жағдайлары бар.

Сөзімізге арқау болғалы отыр­ған – Күйші Дина көшесінің жағ­дайы. Бір жағы Мағжан Жұмабаев даңғылынан басталып, Тәуелсіздік даңғылына дейін созылып жатқан көшенің күйі кетіп тұрғанына біраз болды. Көшемен өтетін көліктің де, жаяу жүргіншінің де берекесін кетіріп, уақытын алып – бір, аяқ киімге жабысқан балшығымен – екі ыңғайсыздық тудыруда. Бұл маңда бірнеше сауда орны, Райымбек батыр атындағы №50 мектеп-лицейі бар. Яғни жұрт көп жүретін орындардың бірі. Балшығы батпаққа айналған көшемен жүретін болғасын баласын мектепке жіберген ата-ананың да киім тазалығы көңілін тыншытпайтыны белгілі.
Бізде бүгінгі күнмен өмір сүру көп жерлерде әдетке айналған ғой. Алдын ала жоспарлап, кетеуі кеткелі тұрған жерімізді ертерек көріп, әрекет жасайтын кезіміз кемде-кем. Көбіне болары болып, бояуы сіңгенде ғана ойланып, «қап, ұмытып кеткенім-ай!» деп жатамыз. Сәтбаев көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы аралығындағы қара жолдың бойы тегістеліп, бетіне асфальт төселіп қойған соң астындағы құбырын ауыстыру керек екені есімізге түсті. Жұмыс қайта басталып кетті. Ала жаздай жұмысшылар астындағы құбырды бетіне шығарды. Ол маңнан өткен қала тұрғындарының бірінің миығына күлкі үйірілсе, енді біреулері жерге бір түкіріп өтіп жатты. Өйткені жолдың осы тұстағы бір жақ беті жөндеу жұмыстарына байланыс­ты толығымен жабылған болатын. Соның салдарынан бұл көшеге бұрылған жүргізуші кептелісте уақыт жоғалтатын. Жөндеу жұмыстары болған соң айналаның ластануы – қалыпты жайт. Әсіресе жаңбыр жауған уақытта маңынан өткен адам мен көліктің лай-батпақты айналып өтуі бір мұң. Одан басқа да тұрғындар үшін кедергі тудыратын мәселелер жетіп артылады.
Қала халқының игілігі үшін атқарылып жатқан іс болған соң, көпшілік шыдап бағуда. Ала жаздайғы құбыр жұмыстары өткен айда ғана аяқталып, автокөлік жолы қайта ашылды. Дегенмен көпшілік күткендей болған жоқ, жөндеу жұмысы емес, соғыс техникалары жүріп өткендей. Соңдарынан ойқы-шойқы, кедір-бұдыр жол қалды. Ойыққа түсіп астын ұрған бір­неше көліктің астынан май ағып бара жатқанына куә болдық. Кейбірі амалсыздан қарсы беттегі дұрыстау жермен жүру үшін жол ережесін бұзып бара жатты. Асфальт төселмеген соң – қалың шаң. Адамдар беті мен мұрнын басып өтіп барады. Тек бұлар ғана емес, бұл қолайсыздық сол арада тұратын тұрғындарды да әурелеуде.
Жаймашуақ сары күз өтіп, қара күз келеді жауын-шашынын ертіп. Арқа төрінде қыстың ерте басталып, кеш аяқталатыны тағы бар. Осы маңайдағы жаяу жүргіншілерге арналған тротуар­лардың да әбден тозығы жеткен, кей тұстарының шөбі орылмай, көшенің кейпін кетіріп ол да тұр. Осындай күй кешкен Күйші Дина көшесі жүдеу кейіпте енді қанша жататыны белгісіз. Бұл қолайсыздықтың бәрі ұсақ болып көрінгенмен, адам денсаулығына да айтарлықтай зияны бар екенін айтып жату артық.
Талпынысымызға қырсыз­дығымыз тұсау салмаса екен дей­міз. Дамыған отыз елдің қата­рынан өзімізді көргіміз келеді. Ол елдердің қайсысын алсақ та, ең алдымен, халыққа қолайсыздық тудырмауды, құқығын шектемеуді ойлайды екен. Мәселен, 2015 жылы Қытай елінде Саньюань көпірін екі тәулікке жетер-жетпес уақытта қайта жөндеуден өткізді. Жөн­деу жұмыстары аяқталған соң, жергілікті билік уақытша ың­ғайсыздық тудырғаны үшін тұрғындардан кешірім сұрапты. Сол сияқты 2016 жылы Голландияда автомобиль жолының астына 70 метрлік тоннель салу үшін бір демалыс уақыт қана жұмсалыпты. Бізде екі көшенің арасындағы құбырды жөндеу үшін бір жаздың өзі жеткіліксіз болып отыр. Ал нәтижесі жоғары­дағыдай.
Астананың даму қарқынына еш күмән жоқ. Тұрғындар Астанамен мақтанғысы келеді, алайда жыл сайын бітпейтін көше жөндеу жұмыстары көңілге түрлі ой салады. Неге бұлай? Мүмкін бұған арнайы мекеме басшылары жауап қайтарар?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды