Күйікке қарсы кешен

0 55

Кеше елордадағы №1 көп салалы қалалық ауруханаға күйік шалған науқастарға арналған жаңа аппарат алынды. Мамандардың айтуынша, кешен қатты күйген пациенттердің өлім-жітімі мен мүгедектік пайызын едәуір төмендетуге көмектеседі. Аппарат емделген науқастардың өмір сапасын жоғарылатуға да септігін тигізеді.

Қазіргі таңда бас қалада күйік жарақатымен науқастарды емдеу үшін жалғыз мамандандырылған бөлімше осы қалалық ауруханада ғана бар. Аталған аурухананың директоры Марат Әбдуов жаңа кешеннің жұмысымен таныстыру шарасында оны алып беруге демеушілік еткен «Eurasian ResourcesGroup» компаниясына алғысын білдірді.
– Біздің ауруханаға еліміздің барлық өңірлерінен пациенттер келеді. Мұнда дәрігерлер көлемді күйік жарақаттарымен, денесінің 50 пайызы зақымданып, шұғыл жеткізілген науқастардың өмірін сақтап қалуда жанталаса қызмет етеді. Бір жыл ішінде бөлімшеде 50-ден аса науқас ем алып шығады. Оларды жоғары білікті мамандар емдейді. Жаңа жабдық дәрігерлердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді және науқастардың тез қалпына келуіне көмектеседі деп сенеміз, – дейді аурухана директоры.
Аталған кешенге ауа-сұйық­тандыру төсегі, ультрадыбыстық диссектор және аргонокүшейтілген коагулятор кіреді. Күйікке қарсы кереует – кешеннің маңызды бөлігінің бірі. Оның жұмысы көтеріп келе жатқан ауа ағынының әсерінен «жалған» сұйықтыққа, сұйықтандыру күйіне айналатын сусымалы материалдың қасиетіне негізделген. Бұл зардап шеккен дене бөлігінің жұмсақ тіндерінің қысылуын және ауырсынуды азайтады, сонымен қатар денесінің көп бөлігін күйік шалған пациенттердің жазылу процесін жылдамдатады. Кереует айналасындағы кеңістік залалсыздандырылып, арнайы ауа ағынымен кептіріледі. Кереует электрлік көтергішпен жабдықталған, ол дәрігерлерге пациентті қоларбадан кереуетке және қайта көтеру кезінде пациенттің тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eleven =