КҮЙ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

0 1  816

Домбыра күйлері адамзаттың материалдық емес құнды­лығы ретінде айрықша бағаланып, ЮНЕСКО халықаралық ұйымына тіркелгелі де біраз жыл болды. Бұл – біздің төл өнерімізге деген үлкен құрмет, ұлт мерейі әлемдік деңгейге көтерілгеніне баршамыз шат болдық.

Елбасымыз айтқан ұлттық жаңғыру, ұлттың рухани кодын сақтау сияқты қастерлі сөздердің бір ұшығы мәдениетке, оның ішінде ұлттық музыкамызға тікелей қатысты. Ендігі кезең бізге сол баба өнерімізді байыта, кертолғау күйімізді жаңғырта түсуімізді жүктейді.
Қазақтың күй өнері сыбызғы, қобыз, домбыра, шаңқобыз аспаптары арқылы дамыған. Осы аспаптарға арналған күйлер біздің дәуірімізге жетіп отыр. Осылардың ішінде қазаққа етене болып кеткені – домбыра аспабы. Домбыра күйлері шертпе күй және төкпе күй болып үлкен екі мектепке бөлінеді. Сонымен қатар, домбыра күйлерінің Атырау, Маңғыстау, Жиделібайсын, Арқа, Жетісу, Қаратау, Шығыс Қазақстан сынды жеті мектебі бар екенін де білеміз. Бұлардың қалыптасқан дәстүрін сақтау бүгінгі күні біздің алдымыздағы үлкен мақсат болып отыр. Осы міндетті тиянақты орындау үшін төмендегі жобаларды ұсынамын:
Күйтану пәні. Арнайы музыкалық білім беретін оқу орындары үшін кешенді пән ретінде оқытылады. Бір маусымдық (семестрлік) мерзімде жүргізіледі. Арнайы оқу құралы жазылады. Оқу құралында қазақ күйлерінің аймақтық мектептері, оның үздік өкілдері туралы дәрістер оқытылады. Пәннің мақсаты – күйшілік өнер тарихын өскелең жастардың зердесіне дарыту, ғылыми танымын арттыру.
Күйлерді тәжірибемен ұштас­тырып оқыту үшін арнайы мектептер ашу. Мысалы, «Шертпе күй», «Төкпе күй», «Маңғыстау күйшілік мектебі, «Жетісу күйшілік мектебі», «Жиделібайсын күйшілік мектебі», «Алтай-Тарба­ғатай күйшілік мек­тебі» деген сияқты. Бұл ал­дыңғы күйшілердің қалыптастырып кеткен домбырашылық үлгісін сақтап қалуға аса қажет. Пәннің мақсаты – мамандықпен қатар белгілі бір күйшілік дәстүрдің өкілін, жалғастырушысын тәрбиелеу.
Күй антологияларын шығару. Күй­лерді күйшілік аймағымен жекелей күйтабақ етіп шығарған «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі» атты антологияларымыз бар. Ендігі жерде күйлердің тарихи кезеңдерін ескере отырып, жаңа замандағы оркестрлік, ансамбльдік, симфониялық, камералық туындыларды қоса жаңа антология шығару керек. Мысалы, «Байырғы күйлер», «Аңыз күйлер», «Қазақ хан­дығы дәуірі күйлері», «Ноғайлы ке­зеңіндегі күйлер», «Ақтабан шұбырынды кезеңі», «Зар заман күйлері», «Кеңестік дәуір күйлері», «Тәуелсіз Қазақстан күйлері», «Сим­фо­ниялық күйлер», «Оркестрге арналған күйлер» «Камералық күйлер», «Эстрадалық күйлер», т.б. Мақсат – күйшілік мұрамызды екшеу.
«Күй апталығы» мерекесін мем­лекеттік деңгейде өткізу. Ол қазақтың күйшілік мектептерін қамтитын, оркестрлік, ансамбльдік ұжымдар қатысатын, жеке күйшілердің шы­ғармашылық кешін өткізетін жоба болуы тиісті. Сонымен қатар, өмірден өткен ұлы күйшілеріміздің мерейтойлық даталарына байланысты ғылыми кеңестер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Жоба аясында қазақ күйін жаңғырту үшін күй-тартыс шарасын өткізу керек. Ол жеке жоба ретінде үкіметтік деңгейде қамқорлыққа алынса, телеарналарда жазылса, бұқаралық мәні бар үлкен шоу-бағдарлама болады.
Отандық телеарналардан күйшілік өнерге байланысты танымдық бағдарлама ашу. Оның уақыты жарты сағаттай болса және аптасына эфирден бір рет берілсе, көпшіліктің рухани сұранысына дөп келмек. Хабарлар күй өнеріне байланысты барлық мәселелерді қаузай алса жөн болар еді. Мысалы, дәстүрі бұзылмаған күйшілік өнер, күйшілердің шығармашылық өмірбаяны, домбыра баптау, домбыра шабу, аспаптың сипаты (шеберлер, акус­тик ғалымдар), балдырған күйшілер, күйші ұстаздарға кеңес, шеберлікті игеру әдістемесі, т.б. Бұл жобаның да мазмұны бұқаралық-танымдық болуы керек, сонда аудиториясы да кең болады.
Күй саласындағы әдебиеттерді қаржыландыру. Бұл – жоғары музы­калық білім беретін оқу орындарының ғылыми-әдістемелік кеңесінен өткен хрестоматиялар, педагогикалық репертуарлар, монографиялар, домбыра үйрену мектептері, өздігінен домбыра үйрену құралдары. Осылардың іріктелген, екшелгендері мемлекеттік грантқа іліксе жақсы болады. Қазіргі кезде бұл – өте күрделі мәселе. Мысалы, «Домбыра үйрену мектебі» кітабының ең соңғы редакциясы осыдан отыз жыл бұрын шыққан.
Күй – қазақтың жаны. Домбыра – мемлекетіміздің бейресми рәмізі. Оның құндылығы тәуелсіз еліміздің туы, елтаңбасы, әнұраны сияқты қасиеттерімізбен парапар. Сондықтан домбыраның мәртебесіне бас иетін уақыт келді.

Жанғали ЖҮЗБАЙ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 16 =