©2020 Астана Ақшамы
Күй күмбірлеп, ән шалқыды
Астана қаласындағы №1 өнер мектебінде өзге ұлт оқушылары арасында «Домбыра-дастан» атты І қалалық домбырашылар байқауы өтті. Қазақ өнерін дамытып, домбыраны насихаттау мақсатындағы шара тартымды, қызықты ұйымдастырылды.
Өзге ұлттағы жеткіншектер домбыра арқылы ән шырқап қана қоймай, әсем күйлерді де күмбірлетті. Олардың шеберліктерін көрермендер жоғары бағалап, қошемет көрсетті. Байқаудың нәтижесінде, дәстүрлі ән аталымында №7 мектептің оқушысы Даурия Сүлейменова бірінші орынды қанжығалады. Балалар үйінің тәрбиеленушісі Татьяна Колбасова екінші тұғырды еншілесе, №22 мектептің оқушысы Полина Скнарина үшінші орынды қанағат тұтты. Күй аталымында №48 мектептің намысын қорғаған Милана Кондратьева қара үзіп шықты. №28 мектептің оқушысы Елизавета Мегина екінші, №31 мектептен Михаил Вебер үшінші тұғырға қонды.
«Ұлттық өнерді насихаттауды мақсат еткен бұл шара бұдан былай да жалғасын табатын болады. Оқушылардың ынтасы, талабы бізді қуантты» дейді ұйымдастырушылар атынан Бақыт Сұлтанқызы.
Еркежан СӘТІМБЕК