Күй күмбірлеген кеш

0 121

Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы біршама үзілістен кейін «Астана» концерт залына көрермендерді жинап, концерт өткізді. Қазақтың әйгілі күйшісі Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына арналған бұл кеш «Күй анасы – Дина» аталды. Филармонияның Қазақ оркестрі мен осы ұжымның домбырашылары күйлерді бірде төгілдіріп, бірде күмбірлетті.

Күй атасы – Құрманғазыдан бата алып, шәкірті атанған Дина Нұрпейісова жастайынан Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сынды атақты күйшілердің күйін нақышына келтіре орындап, айналасына «домбырашы қыз» атанды. Кейіннен өз жанынан күй шығара бастап, төл туындылары елге кеңінен таралды. Ал күйшінің танылуына академик Ахмет Жұбанов үлкен үлес қосты.
1937 жылы Алматыға алғаш келіп, өнер көрсеткен Дина Нұрпейісова атақты музыкатанушыны таңғалдырды. Бір атап өтерлігі, күй анасының шығармашылығы өзі өмір сүрген дәуірден тыс қалмады. Ол күйлеріне сол заманның қайғысы мен қуанышын сыйдырды. Бұл қатарда «Тойбастар», «1916 жыл», «Ана бұйрығы», «Жеңіс» секілді күйлерді атап өтуге болады.
Күй анасының рухына арналған кейінгі күйші-композиторлардың туындылары да бар. Соның ішінде елордалық филармонияның Қазақ оркестрінің бас дирижері-көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың «Күй анасы» туындысын ерекше атап өтуге болады.
Ал аталмыш концертте оркестрге Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов пен халықаралық байқау­лардың лауреаты Арман Жайым дирижерлік етті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жексембек Нұржауов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова, Әмина Бошымова, Айым Бекбаева, Сәкен Бекжанов, Нүргұл Қамарова домбырамен жеке өнер көрсетті.
Осы кеште сүйінші жаңалықты естідік. Сахнаға көтерілген Дина Нұрпейісованың шөбересі Төлеген Қуанышев биылғы жазда елордадағы Күйші Дина көшесі мен Абылай хан даңғылы қиылысында күй анасының ескерткіші бой көтеретінін айтты.
Ал филармонияның онлайн-концерттері жалғасады. Ертең «Халық әні» бөлімі әнші, композитор Манарбек Ержановтың 120 жылдығына арнап «Сайра, бұлбұл» концертін, 25 ақпан күні «Қорқыт» этно­ансамблі жыр алыбы – Жамбылдың 175 жылдығына орай «Жыры әлемді шарлаған» кешін ұсынады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eleven =