КҮЙ КИЕСІ ҚОНҒАН КҮН

0 138

Ескерткіш Тұран даңғылы бойындағы «Думан» қонақүйі ғимаратының қақ алдында орналасқан. Мүсін 5,5 метр биіктіктегі тұғырға орнатылған. Қоладан құйылған. Жалпы биіктігі 10 метр болады.

Елбасы алдымен, тәуелсіздік алғалы бері ел тарихындағы талай ұлы тұлғаларды ұлағаттап, елорда төрінде еңселі ескерткіштер орнатылғанына тоқталды.

Астанадағы қазақ хандары – Керей мен Жәнібекке, Абылай, Кенесарыға, ұлы ақын – Абайға, жыр атасы – Жамбылға, батыр Бауыржанға соғылған ескерткіштер қатарын күй атасы – Құрманғазының мүсіні толықтырып отырғанын айтты.

«Домбыра – қазақтың жан дүниесі. Ата- бабаларымыздың сан ғасырлық болмысын қос ішек пен тоғыз пернеге сыйдырған талай ұлы дәулескер өткен. Солардың бірі де, бірегейі де ұлы күйші Құрманғазы. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», «Қайран шешем», «Кішкентай» деген күйлері әр қазақтың жадында болса керек. Қазақ барда күй құдіреті Құрманғазының есімі ешқашан өшпейді» деді.

«Құрманғазы – қу тақтайдың көмейіне күллі қазақтың рухын сыйдырған дәулескер күйші» деп бағасын берді.

Ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі қашанда алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті.

Құрманғазының ғұмыр кешкен кезі Ресей патшалығы жүргізген отаршыл саясаттың қарқын алған зобалаң шағына дөп келді. Оның озбырлыққа деген қарсылығы күй тілінде көрініс тауып отырды.

Өз туындыларында ХІХ ғасырдың 30-жылдарындағы  Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударды. Күйлерінде көбінесе, халықтың азаттықты көксеген арманын, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын суреттейді.

Ескерткіштің негізгі идеясы күйшінің тарихтағы ерекше тұлғасын, өшпес рухын көрсету еді.

Ескерткіштің үздік нобайына жарияланған республикалық байқауда жеңіске жеткен сәулетші Бақтыбай Тайталиев пен мүсінші Асан Молдабаевтың еңбегі үмітті ақтады деп айтуға негіз бар. Мүсінде күйшінің шабытқа бөленген кезі бейнеленген.

Күй атасының дәп сол сәттегі күйін әдебиеттегі мына тіркестер нақтырақ суреттесе керек:

«…Әлі түс болған жоқ, бірақ даланың ыстық күні ауаны қыздырып, күйдіріп тұр. Тып-тыныш жолмен келе жатқан жай, бірқалыпты ат тұяғының дыбысы естіледі. Құлағын қайшылап келе жатқан ат ер үстіндегі адамды тыңдап келе жатқан сияқты. Арқасына мылтық ілген, ал алдында қапқа салынған домбыра бар. Ол Сарыарқа жаққа бағыт ұстаған, түске таман жасыл алаңқайға келіп жетті. Атынан түсіп, кең алақанымен оның маңдайынан сипап, шідерлеп жайылуға жіберді. Қимылсыз ауыр ойға батқан жолаушы көкжиекке қарап ұзақ отырды, сонан соң ұйқылы-ояу кейіппен домбыраны қолына алып, жайлап тарта бастады. Да- ланы домбыра үні кернеді…».

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =