«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Күй атасы сахнаға шықты

0 223

«Астана» концерт залында Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың «Құрманғазы» операсы (либретто авторы – Хамит Ерғалиев) концерттік орындауда көрермендердің назарына ұсынылды. Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов редакциялаған, екі бөлімнен тұратын шығармада күй атасының бейнесі әр қырынан ашылды.


Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, камералық хоры, эстрадалық би ансамблі, жекелеген солистер қатысқан туындыда Құрманғазы өмірінің әртүрлі кезеңдері қамтылды. Атап айтсақ, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліске қатысушылардың қатарында болуы, Астрахань түрмесінен қашуы, болыс Әубәкір Ақбаев екеуінің арасындағы тартыс, генерал-губернатор Перовскийдің балында күй тартуы, сү­йіктісі Әуес арасындағы сезімі сияқты көріністер көрермендерді бейжай қалдырмады.
Шығармада Құрманғазы партиясын Алтынбек Әбілда орындады. «Күй атасының партиясын алғаш рет орындадым. Бұл – драмалық сюжеттері көп өте күрделі партия. Оны орындау үшін біраз тер төгуге тура келді. Бірақ Құрманғазыны сомдауды үлкен мәртебе санаймын. Мұның үстіне, тәжірибем де толыса түсті» дейді әнші.
Құрманғазының сү­йіктісі Әуес партиясын Шаһризада Тыныштық шырқады. Басқа кейіпкерлердің нөмірлерін Аян Төлеген (Перовский), Гүлнұр Жақсылықова (Натали), Асылжан Қайыпов (Әубәкір Ақбаев), Дариға Мұсаева (Алқа) алып шықты. Шығарманың қою­шы дирижері – Ернар Нұртазин. Ал шығарманы сахнаға лайықтаған режиссер – Асхат Қошаев.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды