Күдігі көп коронавирус

0 129

Қазақстан Қытайда тараған коронавирусқа байланысты алдын алу және сақтану шараларын күшейтті. Мемлекеттік шекара пункттері арқылы Қазақстанға келген 15 мыңға жуық адам қатаң қадағалаудан өткізілді. Қазірге дейін Қазақстанда жұқпалы індет жұқтырған адам байқалған жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Әлемге де ауа жайылып барады

Коронавирустың бұл жаңа түрі неден тарайтыны жайлы әлі анық ақпарат жоқ. Десе де, бұл індеттің жабайы хайуанаттардан, өрмелегіш, кеміргіш жәндіктерден жұққан болуы мүмкін деген күмән күшейіп тұр. Соңғы дерек бойынша Қытайда қатерлі індет 853 адамға жұғып, 26 адам көз жұмған. 1072 адам вирус жұқтырды деген күмәнмен бақылауға алынса, ауру жұқтыр­ғандармен жақын араласқан бірнеше мың адам оқшауланған. Қазірге дейін Қытайдың 30-дан аса өлке, қаласында ауру жұқтыр­ғандар анықталып, ауру ошағы болған Ухань қаласында карантин жарияланды, кіріп-шығу бүкілдей шектелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қатерлі індет жұқтыру жағдайы АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд елдерінде де тіркеліп, әлем елдері жұқпалы дерттен сақтану және алдын алу шараларын күшейткен. Еуроодақ жұқпалы инфекциядан сақтану дәрежесін «төменгі» деңгейден «орташа» деңгейге жоғарылатқан.

Қазақстанда жұқпалы вирустың вакцинасы жоқ

Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жоқ. Қазақстанды қойып, әлемде де жоқ екенін атап өткен Жандарбек Бекшин жаңа коронавирус бұрын адамдарда анықталмаған жаңа штамп екенін айта келіп, алда-жалда жұқпалы індетпен ауырған адам байқалса, ең алдымен науқасты оқшаулау қажеттігін жеткізді.
– Коронавирусқа қарсы арнайы дәрі-дәрмек жоқ, вакцина да әзірленген жоқ. Вакцина әзірлеу үшін көп уақыт, тіпті бір жылға жуық уақыт кетеді. Оны әзірлеу, өндіру және қолданысқа енгізу оңай мәселе емес, – деді ол.
Бекшин мұндай дертке шалдыққан адамға симптомдарына қарай ем жүргізілетінін айтты. «Жөтел, әлсіздік, дене қызуы көтерілу жағдайы болса, дереу дәрігерге қаралу керек. Дене қуаты әлсіз, иммунитеттік қуаты төмен адамға жұқса, қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Сол себепті сырқат асқынбай тұрып медициналық көмекке жүгіну керек» деді ол.
БАҚ көздерінің мәліметіне сүйенсек, бұл індеттің алғашқы белгілері тұмауға өте ұқсайды, оның үстіне, адамға жұққаннан кейін адам денесінде бірер күн өмір сүргеннен кейін барып ауру белгілері байқалатын көрінеді.

Сақтықты күшейтті

Жандарбек Бекшин Қытайда эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты аурудың Қазақстанға таралуының алдын алу мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті санитарлық эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар кешені қабылданғанын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде, әсіресе Қытай Халық Республикасынан келетін барлық адамдарға (жолаушылар, тасымалдаушылар, экипаж мүшелері, бортсеріктер және басқалары) міндетті түрде байланыссыз термометрия жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Еліміздің жұқпалы дерттің алдын алу шараларын күшейту мақсатында коронавирусты зертханада анықтауға қажетті праймерлерді сатып алуға кіріскенін айтқан Бекшин 24 қаңтар күні Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларында коронавирустық инфекцияға күдікті науқас анықталған жағдайда ведомствоаралық оқу-жаттығу өтетініне тоқталды. «Бұл оқу-жаттығу арқылы вирус жұқтырған науқас байқалған жағдайда оны әуежайдан емханаға қалай жеткізу, емдеу қызметкелері қалай киіну сияқты түйіндерді пысықтау. Біз қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тығыз байланыстамыз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігіне Хубэй провинциясының Ухань қаласындағы этиологиясы белгісіз пневмониямен сырқаттанушылықтың эпиджағдайы туралы ресми ақпарат беру жөнінде хат жібердік» деді ол.
Баспасөз мәслихатының соңында Жандарбек Бекшин отандастарымызға өте қажет болмаса, қазірше ҚХР-ға сапарға шығудан бас тартуды, Қытайға барған жағдайда да ауру асқынып тұрған қалаларға бармауды ескертті.
Қазақстанның Қытайда оқитын студенттерінің саны да қомақты. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, 12 мыңнан астам қазақстандық студент Қытайда білім алады. Ресми ақпарат бойынша мұның 198-і осы жолғы індеттің ошағы болған Уханьда білім алады. Қазіргі таңда бүкілдей карантин жарияланып, кіріп-шығу шектелген бұл қалада 90-нан астам студент қаладан шыға алмай қамалып, жіпсіз байланып отырған көрінеді. Бұл жағдайға да баса назар аударған еліміздің денсаулық сақтау органдары Қытай тарапымен сөйлесіп, мәселені шешудің ұтымды жолын қарастырып жатқан көрінеді. Демек, көрші елде тараған жұқпалы дертті Қазақстанмен қатыссыз деп бейжай қарауға болмайды. Себебі ол елде де біздің азаматтарымыз, қандастарымыз бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды