Кубоксыз Кукушкин

0 74

Астанада әлемнің 25 елінің теннисшілері жүлде қоры 225 мың долларды құрайтын ҚР Президенті Кубогына таласты. Өкінішке қарай, қазақстандық теннисшілер ақтық сында жеңіліс тапты. 

Ерлер арасындағы жекелей кездесуде Михаил Кукушкин бұған дейін командаласы Андрей Голубевтен басым түскен әлемнің 97-ші ракеткасы, Израиль спортшысы Дуди Селамен кездесті. Бірінші сетте 7:5 есебімен жеңіске жеткен Михаил Кукушкин, келесі сетте 2:6 есебімен ұтылып қалды. Үшінші сеттің басында қазақстандықтың кенет белі ауырып, оған медициналық көмек көрсетілді. Бұл ретте Кукушкин 6:7 есебімен жеңілді. Матч 2 сағат 59 минутқа жалғасты.
Жеңімпаз атанған Села 18 мың доллар сыйақыға ие болып, АТР рейтингісі бойынша 110 ұпай еншіледі.

Қазақстандықтар жұптық кездесуде де есе жіберді. Финалда Андрей Голубев пен Михаил Кукушкин тегеурінді текетіресте италиялық жұп Риккардо Гедин мен Клаудио Грассиге жол берді. Матчтың нәтижесі – 6:3, 3:6, 10:8. Бұған дейін жартылай финалда отандық теннисшілер Ти Чен (Тайпей), Янг-Ку Лим (Корея) дуэтінен 7:6, 3:6, 10:7 есебімен басым түскен болатын.

Әйелдер арасындағы жұптық кездесуде Украина спортшылары – апалы-сіңлілі Киченоктар жеңімпаз атанды. Олар ақтық сында ресейлік жұп Нина Братчикова мен Валерия Соловьевадан айласын асырды.

Надежда Киченок әйелдер арасындағы жекелей сында да топ жарды. Шешуші кездесуде Украина теннисшісі 6:4, 7:5 есебімен Президент Кубогының былтырғы жеңімпазы португалиялық Марию Жоао Кохлерді жеңді.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =