©2020 Астана Ақшамы
КСЕРОКС ПА, ЗИРОКС ПА?!
«Найк» сөзі бәрімізге жақсы таныс. Әсіресе, бұл спорттық брендтің кроссовкалары ел арасында ірі сұранысқа ие. Енді сіздерге бір қызық айтайын. Брендтің дұрыс атауы – «Найк» емес, «Найки» екен! Иә-иә! Әу баста бұл сөз жеңіс құдайы Никидің есімімен байланыстырылып шығарылған. Ники сөзі түпнұсқасында Найки деп оқылады. АҚШ тұрғындары брендті дәл осылай атайды. Бірақ бұл жайттан бейхабар еуропалықтар компания атауын «Найк» деп бұрмалап алған. Кейіннен көпшілік арасында осы атау кең тарап кетті.
Қымбат автокөліктер шығаратын италиялық «Lamborghini» компаниясын білетін боларсыздар? Дұрысы, ламборджини емес, ламборгини! Итальян тіліндегі ереже бойынша, «g» әрпінен соң, «h» келсе, онда бұл дыбыс «г» деп оқылуы тиіс. Бірақ брендтің қате атауы әлдеқайда танымал болғаны сонша, гуглдың өзі ең әуелі «Ламборджини» нұсқасын ұсынады.
«Levi’s» маркалы джинс киімдер біразымызда бар. Осы брендті кейбіреулер «Ливайс», кейбіреулер «Левис» деп атап жүр. Ағылшындар біріншісі вариантты ұсынады. Өйткені, тілдегі емлеге сүйенсек, Levi сөзі «Ливай» болып оқылады. Ал алғашқы джинсты шығарған кісінің есімі – Леви. Марканы «Левис» деп атаған дұрысырақ.
Атақты француз бренді «Hermes» грек құдайы Герместің құрметіне аталмаған. Сән үйін 1837 жылы Тьерри Эрмэс құрыпты. Сондықтан брендті «гермес» емес, «эрмэс» деп атау керек. Екпін соңғы буынға түседі.
Көшірме құралының шын мәнінде «ксерокс» деп емес, «зирокс» деп аталатынын білетін бе едіңіздер? Ағылшындарда «х» әрпі сөз басында келсе, «з» деп оқылады. «Зена – жауынгерлер патшайымы» атты әйгілі телесериал естеріңізде ғой?! Сонда да басты кейіпкердің аты «Xena» деп жазылады.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ