Кремль шешімін тоқтатқан шеру

0 41

Таяуда белгілі публицист, деректанушы, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері Амантай Кәкеннің «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» еңбегі неміс тіліне аударылып, кітап болып шықты. Бұған дейін бұл тақырыпта қаламгердің үш кітабы жарық көрді. «Познание себя» («Өзін-өзі тану») деп аталатын оның алғашқысын автор Мұқаш Омаровпен бірігіп жазды. Осы кітап Ресейде, Германияда Ақмоладан көшіп барған немістер арасында тез тарап кетті. Сондықтан орыс тілінде «Кремлевский колоброд или как немцам создавали автономию» атты екінші кітап жазылды. Қазақ тіліндегі жоғарыда келтірілген кітаптың шыққанының өзіне биыл он жыл болды.

«Целиноград қаласын төрт күн дүрліктіріп, Ленин атындағы орталық алаңда, облыстық партия комитеті ғимаратының алдында 1979 жылдың 16-19 мау­сым күндері өткен, мыңдаған адам қатысқан наразылық шеруі империялық пиғылдағы жоғары басшылықты – Кеңес Одағы Компартиясы Орталық комитетін қалай састырса, алаш азаматтарының, әсіресе жастардың ұлттық сезімін күшейтіп, олардың еліне, жеріне деген ыстық махаббатын қоздыра түсті. Мұны Кеңес билігі күшейіп тұрған замандағы теңдесі жоқ ерлік деп айтпасқа болмайды» дейді кітаптың авторы Амантай Кәкен.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановтың пікірінше, бұл кітап ғылыми өрелілігі, деректік негізі, қисынды пайымдар мен тиянақтылығы жөнінен осы тақырыпта жазылған еңбектердің алдында тұр.
«Қазақ жерінде неміс автономиясын құру идеясын Кремль қиялшылдары дүниеге әкелді. Осынау сорақы шешімімен-ақ олар өздерінің ұлыдержавалық пиғылына қоса, нақты өмір талабынан қаншалықты алыс тұрғанын жария етті. Партия-кеңес органдары емес, екі халықтың – қазақтар мен немістердің сабырлы мінезі, бір-біріне риясыз құрметі, небір қиын-қыстау сынақтардан алып шыққан зерек ақыл-ойы ұлтаралық қатынастарды ушықтыр­мады» деп жазады тарихшы осы кітаптың алғысөзінде.
Кітапта сол оқиға куәгерлерінің, оған тікелей қатысы бар сол заман атқамінерлерінің естеліктері де берілген. Мәселен, автономия басшысы болады деген, кейіннен Целиноград облысын басқарған Андрей Браун: «Неміс автономиясын құру туралы шешім Мәскеуде, 1979 жылдың маусымында Кеңес Одағы Компартиясы Орталық комитетінің саяси бюро отырысында қабылданды. Мұны Юрий Андропов ұсынып, Леонид Брежнев, Михаил Суслов, саяси бюроның басқа да мүшелері қолдады. Содан соң Қазақстанда ұйымдастыру комитеті құрылды. Оған Қазақстан компартиясы Орталық Комитінің екіншісі хатшысы Александр Коркин жетекшілік етті. Автономия орталығы болып Целиноград қаласынан жүз шақырым қашықтықтағы Ерейментау қаласы болып белгіленді. Автономияға Целиноград облысының Ерейментау, Сілеті аудандарының, Көкшетау облысының Уәлиханов, Қарағанды облысының Молодежный аудандарының жерлерін қосу жоспарланды. Бұл науқан астыртын жүргізілді. Бірақ бұл аумақтың қазақ халқы үшін үлкен тарихи маңызы бары ескерілмеді. Дәл осы аймақта жоңғарлармен соғыста қол бастаған халық батыры Бөгенбай дүниеге келді. Ерейментауға жақын жерде оның атымен аталатын кент де бар» деп жазған А.Браун «Менің өмірім» атты мемуарлық еңбегінде.
Сондай-ақ кітапқа барша қазақ Гераға атап кеткен жазушы, аудармашы Герольд Бельгердің, мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есеналиевтің, т.б. белгілі азаматтардың мақалалары енгізілген. Енді осы тарихи оқиға туралы немістер өздерінің туған тілінде оқи алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 12 =